ЖАНҰЯ ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ

            Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ана «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» міндет. «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» деген ұғым бар. Жаратылыстың бәрі де жұп-жұбымен жаратылған. Адам да бұдан тысқары емес. Ер мен әйел бір-біріне мұқтаж етіп жаратылғандықтан, үйлену Адам ата мен Хауа анамыздан бері келе жатқан табиғи құбылыс. Халық түсінігі бойынша жастарды неғұрлым ерте үйлендірсе, жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпағы көп, дені сау, мықты болып қалыптасады деген. 13 жастан асқан соң, Исламның шариғат ережелері бойынша адам пенделік істерге барып, күнәһарлық жасай бастайды деп танылады. Бойдақ кезде үйдің де, түздің де бар ісін жалғыз арқалап жүретін жастар үйленгеннен кейін жұмыстарын өзара бөлісіп, бір-біріне тірек болады. Шаңырақтың жауапкершілігін сезініп, жинақылық пен жүйелілікке үйренеді. Үйленген жұптың әрқайсысының бойында жаңа қабілеттер ашылып, іскерлігі артады. Бір-бірінің кемшіліктерін толықтырады. Екі жарты бір бүтін болып өмірдің жаңа бір белесіне аяқ басады. Шаңырақ құру жастарды байсалдылыққа, сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді. Ұшқалақтық пен жеңілтектіктен арылтып, ақылды толыстырады. Үйлену арқылы адам баласы өзін түрлі күнәлардан қорғайды. Бұл турасында Пайғамбарымыз (салаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі, көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қорған» деп кеңес берген. Ең әуелі, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру ішінде бір-бірінен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салуы негізінде қан тазалығы мен осы арқылы ақыл-есі, дені сау ұрпақ өрбіту қамынан туындаған салт қалыптастырған. Сондықтан, шалғай жерлерде туып-өскендердің өзара некелесуінен туған балалардың дені сау, мықты болып өсетінін де қазақ о баста санаға әбден сіңіріп, бұлжымас қағидаға айналдырған. Екі жастың бас қосып, отбасын құруы ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады. Қазақтар , әдетте, «тең-теңімен, тезек қабымен» деген қағида бойынша ежелден сыйласатын, аралас-біліс, әлеуметтік деңгейі өзімен шамалас адамдармен құдаласатын болған. Қазақта құда болудың бірнеше түрі болған. Осындай т.б. жағдайларға байланысты құдалықтың «бел құда», «бесік құда» және «қарсы құда» деген негізгі түрлері қалыптасқан. Жастардың үйленуімен әке-шешелері де бір-бірімен танысып, құда-жекжат болады. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық», – деп жақыннан сыйласады. Келін түскен жерінің қызындай, күйеу бала қайын жұртына ұлдай болады. Өз әке-шешесінің қатарына ата мен ене қосылып, жанашырларының саны көбейе түседі. Туысқандары арқылы адамның өрісі кеңейіп, қолы ұзарады. Жақын адамдардың көбеюімен жүктері сәл де болса жеңілдейді. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен дәстүрлі дініміз Ислам өз кезегінде отбасына ерекше назар бөлетіндігін ойымызға сақтағанымыз дұрыс. Ал,  Исламда отбасы құру – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. Жанұяда әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышы қысқасы тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді.

             «Рум» сүресінің 25-аятында: «Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған» – дейді. Сондықтан, бақытты ғұмыр кешу үшін жанұя құруда жақсы жар таңдауда өте мұқият болу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) : «Кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некелеседі. Дүние-мүлкі, шыққан тегі, сұлулығы мен діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардың ішінде діндар болғанын таңда, үйің берекетті болсын» – десе, Абай хәкім өзінің өлең шумақтарында:

Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,

Кедей қызы арзан деп, құмарланба.

Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп келтіреді.

Қазіргі таңда үйленетін жастар көбінесе әйелдің тән сұлулығы мен дүние-мүлкіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін көпшілігі аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін мал-дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленетін болса, бір-біріне деген махаббаты сол қу дүниеге салынып, ақыры ажырасуға әкеп соқтырады. Сондықтан ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай дұрыс қадам жасағаны жөн. Еш кедергі жоқ бола тұра үйленбеу адам табиғатына, Алла Тағаланың жаратылыс заңына қайшы. Себебі, Алла Тағала адам баласын ер мен әйел етіп жаратқан. Ер кісінің де, әйел затының да өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондай-ақ ер кісі әйелге, әйел адам ер кісіге мұқтаж. Бұл − табиғи қажеттілік. Аятта айтылғандай: «Әйелдер (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, шаттыққа бөлейтін және көрікті қылатын) киім секілді, сендер де олар үшін дәл сондай киім секілдісіңдер» ( «Бақара» сүресі, 187-аят). Демек, әйелі күйеуінің, күйеуі әйелінің қажетіне жарап, бір-бірінің кемшіліктерін толықтырып, көзімен де, көңілімен де басқаны іздемейтіндей бір-біріне пана болса, қосағымен қоса ағарғаны.

Т. Байзахов

 «Тәубә» мешітінің

бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲