ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ДЕРТ ПЕ?

Әлбетте бұл қоғамдық дерт. Өзіне сенім арта алмайтын, рухани тұрғыда төмен екі жүзді  адамның сипаты. Жағымпаздықты өнерге балайтындар да бар. Кейбір отырыстарда қолында байлық пен билікті иеленгендердің алдында құрдай жорғалап, мақтауды асырып айтуда бәйге ұйымдастырып жатқандарды еріксіз  көзің шалып қалады. Тиісінше мақтау айтудан тосылып қалса, «қап мені орап кетті-ау анау» деп, келесі жиынға одан да сорақысын дайындайды. Әлгі адамнан атақ, байлық бұл-бүл ұшқан кезде ол да тайқып тұрады, кешегі мақтаған адамын бүгін даттап шыға келеді. Қоғамда еркекпін деп жүрген кейбір адамдардың кейпі осы.

 «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді, қазақ, жақсылықтары айтылып, басқаға өнеге қылып жатса, әңгіме басқа. Адамның істемеген істерін істеді қылып, бойында жоқ қылықтарын әспеттеп отырғанды көргенде іштей налисың… 

Бұл әрекеттерін олар мақсатқа жетудің тура жолы деп балайды. Басқалар секілді еңбектенуді,  ізденуді қаламайды.

Діни тұрғыдан ой айтар болсақ, Жаратушыны ұмытып, жаратылғанға яғни жеке адамға табынушылық.  Мақтау естіген адам да бұған масаттанып, қанат берсе ұшып кетердей болып, бір марқайып қалады. Бұл жайында Құран Кәрімде:

         لَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوا وَّيُحِبُّونَ أَن يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا فَلَا تَحْسَبَنَّهُم بِمَفَازَةٍ مِّنَ الْعَذَابِ ۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ

          «Жағымсыз істері мен қолдарына тиген (болмашы бұйымға) мәз болғандарды һәм қолдарының ұшы тимеген істерді иемденіп, өздері атқарғандай мақтау естігенді қалайтындарды (оңады деп) ойлама. Сондай-ақ оларды азаптан құтылады деп те ойлама. Олар үшін жан төзгісіз азаптар бар», – деген[1].

          Бұндай адамдардың сенімінде кінәрат бар. Жақсылықты, ризық-несібені беруші, абыройды көтеріп түсіруші Алла екенін ұмытып кеткендер. Оның осы дүниеде жасап алған құдайы әлгі орынсыз мақтау жолдаған адамы.

          Әр нәрсенің шегі болғандай мақтаудың зиянды тұсы бар:

          Бірінші: Бір адамды асыра мақтаған кезде сөзінде өтірік араласу қаупі бар.

          Екінші: Мақтау барысында рия шеңберіне кіріп кетуі мүмкін, өйткені мақтаулары шынайылыққа жанаспай кететін кездері болады.

            Үшінші: Мақтау барысында өзіне беймәлім болған жайттарды сөз етуі мүмкін.

          Төртінші: Мақтаған адамың залым болып шығуы мүмкін. Ал залым адамды мақтауға Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  тиым салған.

          Бесінші: Адамның бойында тәкәппарлық сезімін оятуы ықтимал.

Алтыншы: Мақтауды естіген адам сол жетістігіне қанағат етіп, одан әрі дамуын тоқтатуы мүмкін.

  Бірде бір адам хазіреті Османды жер көкке сыйғызбай мақтай бастаған кезде, бір уыс топырақты алып бетіне шашып жібереді. «Бұныңыз не?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер сендерді мақтаған адам болса, осылай жаса дер бұйырды», дейді.

Басқа бір хадисте:

Бірде бір кісіні жер көкке сыйғызбай мақтап жатқан көпшілікті естіген Алла Елшісі: (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «Ана бейшараның желкесін үздіңдер ғой» [2], деген екен.

          Мақтауға қатысты біресе рұқсат етіліп, біресе тиым салынуы жоғарыдағы мақтаушы адам мен мақтау бағытталған адамның жағдайына байланысты. Имам Науаи осы турасында: «Егер мақталған адам көзі ашық, нәпсісін тізгіндей білген, мақтауға беріліп кетпейтін адам болса, харам да, мәкруһ те  болып саналмайды. Егер адамды толық танымаса немесе мақтауды көтере алмайтын адам болса, мақтаудан алыс болу қажет[3] – деген.

          Имам Қуртуби Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «Мақтаған адамға топырақ шашыңдар» – деген әміріне байланысты егер мақтаушы адам өтірік мақтаса мақтауы шындыққа жанаспаса және мақтау бағытталған адам мақтауды көтере алмайтындай адам болса, – деп түсіндірме жасаған[4].

Сөзімізді қорытындылай келе Шал ақын бабамыздың сөзін мысалға келтіргенді жөн көріп отырмын:

Біреуді жақсы деме сен,
Біреуді жаман деме сен. 
Бұл дүниеден өткен соң, 
Шын дүниеге жеткен соң, 

 Көтеріп көрге салған соң, 
 Көр қараңғы болған соң, 
 Кімнің жақсы- жаманын, 
 Бір жаратқан Хақ білер!

Ия, кімнің-кім екенін бір Аллаға ғана аян. Адам біреуді мақтап, қатырдым деуі мүмкін. Ал негізінде ол өзінің дәрежесін түсіріп жатқанын байқамайды. Жағымпаздық дертінен сақ болайық бауырлар!


[1] «Әли Имран» сүресі, 188-аят

[2] Бұхари хадистер жинағы.

[3] Дәлил әл-Фалиһин.

[4] Қуртубидің тәпсірінде келген.

Return to Top ▲Return to Top ▲