ЮНУС СҮРЕСІ

АТАУЫ

Сүренің Юнус деп аталуы Юнус пайғамбардың қауымы жайында баян етілуіне орай қойылған. Қазақ тілінде Жүніс пайғамбар деп атайды, оны басқаша есімі «Зунун».  Юнус Жақып пайғамбардан тарайтын ұрпақ.

РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Құрандағы реттілігі жағынан 10-шы сүре, ұзақ 7 сүренің соңғысы, аят саны – 109. Исра сүресінен кейін Мекке дәуірінде түскен. Кейбір деректерде 7-ші сүре деген атау беріледі.

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Бұл сүреде Юнус пайғамбар және оның қауымы, жасаған дағуаты, қауымына өкпелеп, Алладан рұқсат алмай елден безіп кетуі, кемеге мініп кейін теңізге тасталуы, теңізде оны балық (кит) жұтып, ішінде жатып Алладан кешірім сұрап, тәубе ету қиссасы келтірілген. Юнус сүресінің басында Құран маңызы мен көп құдайға сенушілердің Мұхаммед пайғамбар жайлы ойлары көрсетіледі. Алла Тағаланың шексіз құдірет иесі екендігі, пұттардың толық шарасыздығы баяндалады.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алғашқы ұзақ жеті сүре жайында (Бақара, Әли Имран, Нисә, Мәйдә, Әнғәм, Ағраф, Юнус) «Кімде-кім осы сүрелерге бекем болса, жаттап амал ететін болса Ғалым болады» деген мағынада хадисі бар[1].

ІНЖУЛЕРІ

Түбінде, барлығың Оған қайтасыңдар. Бұл – Алланың (міндетті түрде орындалатын) хақ уәдесі.

(Жүніс сүресі 4-аят)

Адам баласы қиындыққа тап болса, жантайып жатып та, отырып та, тікесінен тік тұрып та Бізге үнемі дұға етіп, жалбарынумен болады. Ал дұғасын қабыл алып, қиындықтан құтқарғанымызда, басына келген бәледен құтылу үшін Бізге еш дұға етпеген адамдай бәз-баяғы қалпына қайта түсіп, түк болмағандай жүре береді.

(Жүніс сүресі 12-аят)

(Уа, Мұхаммед!) Олардан: «Сендерді көктен һәм жерден ризықтандыратын кім?! Есту қабілеттерің мен көздеріңнің шынайы иесі кім?! Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығаратын?! Сондай-ақ болмыстағы барлық істерді реттеп, жолға қойып, күллі ғаламды меңгеріп тұрған кім?!» – деп сұра. Барлығы бір ауыздан: «Бір Алла», – деп тіл қатады.

(Жүніс сүресі 31-аят)

Бұл Құранды Алладан өзге біреудің өз ойынан шығаруы һәм содан кейін сол ойдан шығарылған нәрсенің Аллаға телінуі ақылға сыймайды, мүмкін емес. Алайда ол – өзінен бұрын түскен иләһи кітаптарды (әу бастағы адамның қолымен өзгеріске ұшырамаған қалпын) растаушы һәм барлық иләһи кітаптарға алтын қазық болған негіздерді ашып түсіндіруші.

(Жүніс сүресі 37-аят)

Алла олардың барлығын (қайта тірілтіп) ғарасат майданына жинайтын күні (тұла бойларын үрей билейтіні соншалық) өздерін дүниеде күндіз аз ғана уақыт тұрғандай және сол аз уақыт ішінде бір-бірімен тек танысып-біліскендей ғана (және бір-бірін ұмытып үлгермегендей) сезінеді. Алайда Аллаға қауышуды жоққа шығарғандар, шүбәсіз, (екі дүниеде де) зиянға ұшырап, сорлап қалды.

(Жүніс сүресі 45-аят)

Сонда қауымы (ішіндегі шынайы мүміндер): «Біз бір Аллаға тәуекел еттік! Уа, Раббымыз! Бізді мына залымдардың зорлық-зомбылығына ұшыратып, ауыр сынаққа душар ете көрме».

(Жүніс сүресі 85-аят)

Егер Алла басыңа қандай да бір ауыртпалық түсіріп, саған зиян келтірсе, оның бетін Одан өзге ешкім де қайтара алмайды. Ал егер саған қандай да бір жақсылық қаласа, Оның жақсылығына тосқауыл қоятын да ешкім жоқ. Ол жақсылығын қалаған құлына нәсіп етеді.

(Жүніс сүресі 107-аят)


[1] Ахмад хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲