Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумы форумының үндеуі қабылданды. Үндеуді ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы оқып берді.
«Біз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумына қатысушы дін және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері мен Облыс имамдары «Қазақ халқының рухани негізін қалаған дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптей отырып, ел ішіндегі діни тұрақтылық пен ұлттық бірегейлікті сақтау ісінде имамдардың жауапкершілігі мен рөлін арттыруды аса маңызды» деп санаймыз.
Осы форум аясында қоғамның рухани дамуына үлес қосатын екі маңызды құжат қабылданды:
«Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы – отбасы институтының Исламдағы орны мен жауапкершілігін нақтылап, ата-ана мен ұрпақ арасындағы байланысты нығайтуды, иманды, тәрбиелі әрі білімді ұрпақ өсіруді басты мұрат еткен тұғырлы ұстаным.
Ал «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу» құжаты –
Құдайы ас беруде қарапайымдылықты сақтау, шариғат пен ұлттық дәстүр үйлесімін қалыптастыру, қоғамда көрініс беріп отырған ысырапшылдық пен бәсекелестіктің алдын алу бағытында жол көрсететін маңызды құжат.
Біз, форумға қатысушылар, осы құжаттарда қамтылған мәселелерді ел ішінде кеңінен насихаттап, халық арасында шариғат пен салттың сабақтастығына негізделген бірізділік пен жауапкершілікті қалыптастыру негізінде төмендегі үндеуді қабылдаймыз:
Біріншіден, отбасы құндылығын сақтауда, асыл дініміз бен салт-дәстүрімізде көрсетілген ер мен әйелдің өзіне жүктелген міндеттері мен ұрпақ тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге,
Екіншіден, Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеуге, дініміз бен дәстүрімізді ұштастыра отырып, қарапайымдылыққа мән беруге,
Үшіншіден, Қазақстан қоғамында дәстүрлі исламның орны мен құндылығын сақтау жолында ұлттық, рухани тұтастықтың тірегіне қызмет етуде белсенді болуға шақырамыз» делінген үндеуде.
Айта кетейік, форумаға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар және Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан онлайн және офлайн форматта 1000-ға жуық имам қатысты.


