Қазақтың ұлттық ойындары – ежелгі заманда пайда болып, бірте-бірте дамып, қалыптасып, біздің дәуірімізге жеткен халқымыздың дәстүрлі спорт өнері. Қазақ ұлттық ойындарының тарихы тереңде жатыр. Ол сонау алғашқы қауымдық қоғамнан бастау алады. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар арасында кеңінен таралғандығы жөнінде мәліметтер бар. Қазақ халқының ежелден келіп жеткен 150 –ге жуық ұлттық ойындары бары анықталған.
Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан . Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген. Ахмет Жүнісовтың айтуынша (Фәниден бақиға дейін, – Алматы: «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған». Ал енді, «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, бала-лардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған». Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар:
1. Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр.
2. Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота.
3. Түрлі заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшік, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам, епті жігіт, жаяу көкпар, жемекіл, жігіт қуу, жігіт ойыны, күзетшілер, күміс ілу, қамалды қорғау, қараше, қимақ, қыз қуу, лек (шөлдік), монданақ, орамал тастау, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, тапшы, кімнің дауысы, таяқ жүгірту, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, түйілген орамал, шалма, шертпек, шілдік, хал қалай?
4. Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар: айгөлек, айдапсал, атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап, бөріктастамақ, бұғнай, бұғыбай, бұқатартыс, бұрыш, біз де, егер…, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көрші, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың ба?, қындық-сандық, орын тап, отырмақ, санамақ, сұрақ-жауап, тасымақ, тасымалдау, тең көтеру, тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, үй үстіндегі кім?, шымбике.
5. Соңғы кезде қалып-тасқан ойындар: әріп таңдау, бригада, мейрамхана, нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Бұлардың ішінде бірқатар ойындар спорттық, той ойындары болып саналады. Ал енді, қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар. Біз енді қазақтың ұлттық ойындарының негізгілерін талдап, тарқатсақ. Ақсүйек. Қыз-бозбалалар оны жазғы айлы түнде ойнаған. Ойын бастаушы жылқының бақай сүйегін, ол болмаса қой- дың жілігін, немесе жауырынын, жамбасын қолына алып, ойынға қатысушыларға көрсетіп, белгілеп алады да, ойыншыларды екі топқа бөліп, алысырақ барады да ақсүйекті лақтырып жібереді. Қай топтың ойыншылары ақсүйекті бірінші болып тапса, сол топ жеңген болып саналады. Сүйек еті мүжіліп, далада жатып күнге күйіп, әбден ағарған болуға тиісті.
Сонымен ұлт ойындары – ата – бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың маңызы өте зор. Ойын адамның алдынан өмірдің есігін ашып, оның творчестволық қабілетін оятып, өміріне ұштаса береді. Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ, болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған ортаны тану арқылы түсінік алады. Ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан – ойға жетелейтін, адамға қиялымен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл – ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы. Ендеше, халқымызға ежелден-ақ етене дүниетанымын өскелең ұрпаққа паш етіп, елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау һәм жеткізу – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі ұрпақ та дәстүрлі дінімізді қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.
Нағашыбай Каукейұлы
Ақжар ауданы Үлкен-Қарой мешітінін бас имамының м.а.