ТӘУБЕ СҮРЕСІ

АТАУЫ

Тәубе сүресінің мағынасы «Тәубеге келу», тәубе ету дегенді білдіреді. Құрандағы Бисмилләсіз басталған жалғыз сүре. Кейбір ғалымдар «Әнфәл» сүресінің жалғасы деген. Бұл сүренің басқа атауы «Бара,а», өйткені сүре осы сөзбен басталады, мағынасын сүренің бірінші аяты ашады: Бұл – Алла және елшісінен сендермен келісім жасасқан мүшріктерге соңғы ескерту.

РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Құрандағы реттілігі жағынан 9-шы сүре Мәдина қаласында Мәида сүресінен кейін һижреттің 9-жылы Табук соғысында түскен. Ғалымдар сүредегі 128-129 аяттарды меккелік деп санаған. Аят саны 129 аят.

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Бұл сүре мүшріктерге қатаң ескертуімен үзілді-кесілді талабымен басталады. Ал егер бисмилләмен басталса, Исламдағы сәлем секілді тыңдаушыға есендік, бейбітшілік тілеген секілді көрінетін еді. Тәубе деп аталу себебі жорыққа қатыспаған үш адамның қиссасы, олардың себебі тәубелерінің қабыл еткендігі жайында. Мазмұны жағынан оған дейінгі «Әнфәл» сүресіне ұқсайды.

Пайғамбар жіберілудегі негізгі мақсаттар, мүшріктердің келісімде тұрмайтындығы, Алла жолында күресудің маңыздылығы және кітап иелерімен қарым-қатынас баяндалады.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Файрузабадидің «Басааир зауи тамииз» кітабында тәубе сүресінің артықшылығы жайында: «Кімде-кім Тәубе сүресін оқыса, Алла Тағала оның тәубесін Адам, Дәуіт пайғамбардан қабыр еткен секілді қабыл етеді, дұға еткен болса, Зәкәрияға қалай жауап берсе солай жауап береді, оқыған әрбір аяты үшін Зәкәрияға берілген сауап беріледі» деген.

ІНЖУЛЕРІ

Ендеше, оларға: «Алла маңдайымызға не жазса, соны ғана көреміз. Ол біздің жалғыз Иеміз. Сондықтан шынайы мүміндер бір Аллаға ғана тәуекел етсін», – деп айт.

(Тәубә сүресі 51-аят)

Екіжүзділердің берген садақаларының қабыл болмауының себебі, олар Аллаға һәм елшісіне (сенбей) күпірлік қылуда. Сондықтан олар намазға келсе де, жалқауланып, кежегесі кейін тартып әрең келеді, садақа берсе де (шын көңілден емес) амалсыздан береді.

(Тәубә сүресі 54-аят)

 (Уа, Мұхаммед!) оларға: «Қарекет қылыңдар! Істеріңді Алла да, елшісі де, мүміндер де көреді. Нәтижеде, ғайыпты да, жарияны да толық білетін (бір Аллаға) қайтарыласыңдар.

(Тәубә сүресі 105-аят)

Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар!

(Тәубә сүресі 119-аят)

Алла игілікті істер атқаруға жаны құмар ізгі жандардың (маңдай терімен тапқан) сауабын зая етпейді.

(Тәубә сүресі 120-аят)

Return to Top ▲Return to Top ▲