СҚО-НЫҢ АҚЖАР АУДАНЫНДА «ҚОШ КЕЛДІҢ, РАМАЗАН!» АТТЫ РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданында «Қош келдің, Рамазан!» атты рухани-танымдық кеш ұйымдастырылды. Тағылымды шараның басты мақсаты – көпшілікті ізгілік пен имандылыққа үндеп, қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін кеңінен насихаттау.

Кешке арнайы қонақ ретінде «Қызылжар» орталық мешіті наиб имамы Дәуренбек Қабибуллаұлы қатысып, жиналған қауымды келе жатқан Рамазан айымен құттықтады. Ол өз сөзінде қасиетті айдың мұсылман баласы үшін рухани тазару мен сабырдың, кешірім мен мейірімнің айы екенін атап өтті. Сондай-ақ, оразаның адам тәрбиесіндегі орны мен қоғамдағы ынтымақты арттырудағы маңызына тоқталды.

Іс-шара барысында қайырымдылық бағытындағы игі бастамалар да жүзеге асты. Аудан өміріне белсене араласып, үлгі боларлық ісімен танылған азаматтар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Көпбалалы ана», «Мейірімді ана», «Еңбекқор адам» секілді аталымдары бойынша үздік деп танылған жандарға ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл – ізгілік пен еңбекті дәріптеуге бағытталған нақты қадам болды.

Рухани кештің көркін жергілікті өнерпаздардың өнері аша түсті. Әсем әндер шырқалып, тағылымды термелер орындалды. Көрермендер ұлттық өнер мен діни тағылымды ұштастырған мазмұнды кештен ерекше әсер алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Return to Top ▲Return to Top ▲