ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Солтүстік Қазақстан облысына ресми жұмыс сапары «Жеті жарғы – қазақтың құқықтық заңнамалық құжаты» атты республикалық конференциядан басталды. Ауқымды жиынға тарихшылар, дінтанушылар, түрлі саланың білікті мамандары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты. Бас мүфти алқалы басқосуда халқымыздың рухани өмірі мен күнделікті тыныс-тіршілігінде маңызды орын алған озық заңнамалар жүйесі – жеті жарғы туралы кең көлемді баяндама жасады.
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданының орталығы – Мамлютка қаласында жаңа мешіт ел игілігіне тапсырылды. Ашылу салтанатына аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар қатысты. Салтанатты рәсімде сөз алған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт салудың сауабы мен қоғам үшін маңызын атап өтті.
Жаңа мешітті Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұрлан Жүнісов салдырған. Ол бұған дейін де бірнеше ауылда мешіт тұрғызуға атсалысыпты. Салтанатты іс-шара барысында қызыл лента қию рәсімі Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыстың құрметті азаматы, «Барыс» орденінің иегері Құдайберген Қалиевке тапсырылды.
Айта кетейік, ғибадатхана бір мезетте 500 адамды қабылдай алады. Мешіт ішінде әйелдерге арналған арнайы бөлме, асхана және басқа да қажетті орындар қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, жамағатқа барлық жағдай жасалған.
Кейін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылына барды. Бұл елді мекенде алдағы уақытта «Дін мен дәстүр» орталығы ашылмақ. Осыған орай, ҚМДБ Төрағасы жаңа нысанның алғашқы қазығын қағып, құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұл – облыс тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Болашақта аталмыш орталықта иманды, ұлтжанды, дәстүрі мен дінін қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған игі жұмыстар жүргізілмек. Іс-сапар аясында ҚМДБ-ның ақ дастарханы жайылып, Бас мүфти өңірдің 9 имамына ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалін табыстады. Сонымен бірге, имамдардың қоғамдағы орны мен олардың жауапты миссиясын ерекше атап өтті.
Осылайша, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Солтүстік Қазақстан облысына жасаған ресми сапары өңірдің рухани өміріне тың серпін берді. Жергілікті халықпен жүздесу, ұлттық құқықтық мұраны насихаттау, мешіттің ашылуыжаңа рухани орталықтың негізін қалау секілді игі бастамалар аймақтың діни-рухани дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

















