Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің жанынан «Аталар мектебі» құрылды. Игі бастаманың ашылу жиынына өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы және қалалық «Қызылжар» мешітінің наиб имамы Адай Жылқайдаров қатысты.
Басқосуда дін қызметкерлері қоғамдағы рухани тәрбие, отбасылық құндылық және ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ең алдымен сөз алған өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы есігін ашқалы тұрған қасиетті Рамазан айы – сабырлылыққа, мейірім мен жауапкершілікке тәрбиелейтін ерекше кезең екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қоғамдағы адалдық ұстанымдарының маңызын тілге тиек етті.
Ал наиб имам Адай Жылқайдаров «Адал қоғам» тұжырымдамасының мәнін түсіндіріп, адалдықтың ең алдымен отбасыдан басталатынын жеткізді. Оның айтуынша, әке адал болса – отбасы адал болады, отбасы түзелсе – қоғам түзеледі, ал қоғам түзелсе – мемлекет нығаяды.
Жиында Аталар мектебінің мақсаты да айқындалды. Ұйым жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарды сақтауды, ауыл бірлігін нығайтуды көздейді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл – жаңа бастама емес, ата-бабадан жалғасып келе жатқан тағылымды жолдың жаңғыруы. Бұрын ауыл ақсақалдары жастарға ақыл айтып, бағыт-бағдар беріп отырған. Ұлға – ер болуды, қызға – ибалы болуды, елге адал қызмет етуді үйреткен. Бүгінде сол дәстүрді заман талабына сай жаңғырту көзделіп отыр.
Жиын соңында қатысушылар ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын тағы бір мәрте атап өтіп, жас буынның саналы, тәрбиелі болып өсуіне тілектестік білдірді.









