Осыдан бір ай бұрын облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде «Zerde» оқырмандар клубы ашылған болатын. Бүгінде оған «Әйел-қыздар» секторының 30-дан астам азаматшасы мүшелік етеді.
Мақсат – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жамағаттың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына үлес қосу. Сондай-ақ, «Бір айда бір кітап» жобасы арқылы белгілі бір таңдалған туындыларды оқып шығып, оқырмандармен бірге оның мазмұнын талқылау.
Алғашқы айда қатысушылар Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқып, туындыдағы тәрбие мен отбасылық құндылықтар жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ кітап оқудың маңыздылығы, уақытты тиімді пайдалану, рухани және зияткерлік дамудың жолдары туралы пікірлер айтылды.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы негізінде шағын тестілеу ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы үздік атанғандарға диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етті.










