Қасиетті Рамазан айында өңірде игі шаралар жалғасын табуда. Қадір түні қарсаңында «Қызылжар» орталық мешітінде ауызашар дастарханы жайылды.
Рухани шараға өңір тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар және мешіт жамағаты қатысты. Жиналған қауым қасиетті айдың берекесін бірге бөлісіп, ауыз ашты.
Ауызашар барысында өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы сөз сөйлеп, мұсылман қауымы үшін ерекше маңызға ие Қадір түні туралы айтып, бұл түннің мың айдан да қадірлі екеніне тоқталды.
Бас имам өз сөзінде Рамазан айының рухани тәрбиесі, сабыр мен мейірімділікке үндейтін тағылымы жайында айтып, жамағатты ізгі амалдарды көбейтуге шақырды. Сонымен қатар ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасалды. Шараға жиналған қауым ауызашар дастарханынан дәм татып, қасиетті айдың берекесін бірге бөлісті.
Мұндай рухани кездесулер қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, жұртшылықтың діни-рухани құндылықтарға деген құрметін арттыра түседі.




