ҚҰРАНДАҒЫ КЕЙБІР СҮРЕЛЕРДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Алдарыңыздағы еңбекте Құранның әрбір сүресіне бес тараптан қарастыруды жөн көрдік. Сүренің атауы, реттілігі, қысқаша мазмұны, артықшылығы және інжулері.

Бірінші сүренің атауы оның аталу себебі, мағынасы, негізгі атаудан бөлек танымал басқа атаулары, қысқаша тарихнамасы ұсынылады.

Екінші сүренің реттілігі, аят саны, түсу кезеңі, Құрандағы орны, бет саны.

Үшінші сүренің қысқаша мазмұны, мақсат-мұраты баян етіледі.

Төртінші  сүренің пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінде, ізгілер жеткізген хабарларда айтылған артықшылығы, мұғжизалары мысалға келтірілген.

Бесінші сүредегі танымал аяттар олардың қысқаша мазмұны мен тақырыбы оқырманға тарту етіледі.

Жалпы Құран оқудың артықшылығы жайында пайғамбарымыздан (с.ғ.с) көптеген хадистер жеткен солардың кейбіреуіне тоқталсақ:

  1. «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің»[1].
  2. «Құран оқыңдар! Ол қиямет  күні иесіне шапағат етеді»[2].
  3.  «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф, ләм, мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп»[3].
  4. «Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің сүннетім»[4].
  5. «Жүрегінде Құраны жоқ адам – қираған үй секілді»[5].
  6. «Кімде-кім Құранды оңай үйренген болса, мәртебелі оқушы (қари) атанады, ал кімде-кім қиындықпен мүдіріп оқыған болса, екі есе сауапқа ие болады»[6].
  7. Қиямет күні Құран келіп: «Я, Алла, Құран оқушыны көріктендір» дейді, сонда оған қошемет тәжі кигізіледі. Содан кейін Құран: «Я, Алла, онан сайын еселе!» дейді, сонда оған қошемет киімі кигізіледі. Содан кейін Құран: «Я, Алла, оған разы бол!» дейді, сонда оған разы болынады. Осыдан кейін ғана Құран оқушыға: «Оқы және биіктей түс» делінеді, сонда ол оқыған әрбір аятқа сауап жазылады»[7].

Сол секілді Құранның жеке сүрелерге аяттарға қатысты артықшылықтары бар. Мысалы:

          1. «Бақара» сүресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді», – деген.

2. «Әли Имран» сүресі. Әбу Умамадан жеткен хабарда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Исму Ағзаммен дұға қылынса, дұға қабыл болады. Ол «Бақара», «Әли Имран», «Таһа» сүрелерінде», – деген.

3. «Нұр» сүресі. Мужаһидтен жеткен мурсал хадисте: «Ер адамдарға «Мәида» сүресін, әйел адамдарға «Нұр» сүресін үйретіңдер», – деген. 

4. «Рум» сүресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Кім «Рум» сүресін әр түні оқыса, оған кедейлік жетпейді», – деген. Әнас бин Мәликтен жеткен хадисте: «Кім әр түні «Рум» сүресін оқыса, Қиямет күні оның қорқынышынан аман болған хәлде тіріледі», – деген.

5. «Ясин» сүресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Кім «Ясин» сүресін Алла Тағала разылығын қалап түнде оқыса, сол түні оған Алланың кешірімі болады», – деген. Тағы бір хадисте: «Расында әрбір нәрсенің жүрегі бар, Құранның жүрегі – «Ясин» сүресі», – деген.

Сонымен қатар кейбір сүрелер топтамасына қатысты артықшылықтар бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Уасилә Ибн әл-Асқағтан жеткен хадисте: «Маған Тәураттың орнына жеті (ұзын сүре), Забурдың орнына жүздер (100 аяты бар сүрелер), Інжілжің орнына мәсәни (сүрелер) берілді және муфассал сүрелермен мен артық қылындым»[8] деді. 

Ұзын жеті сүре: Бұл сүрелерге әл-Бақара сүресі, Әли Имран сүресі, ән-Ниса сүресі, әл-Мәида сүресі, әл-Анғам сүресі, әл-Ағраф сүресі, Тәубә сүресі (немесе Тәубә мен әл-Анфәл сүресі) сүрелерін жатқызады, кейбір риуаяттарда Юнус сүресін де қосады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) түнгі намаздарында осы сүрелерді көп оқитын. Хузейфадан жеткен хадисте: «Бір түні пайғамбармен бірге түнгі намазды оқыдым. Бақарадан бастады, ішімнен «жүз аяттан кейін рукуғқа баратын болар» дедім, ол (с.ғ.с) намазын жалғастырды мен «Бақараны толық бітіріп баратын шығар» дедім, кейін ол Мәидә, Әли Имран сүрелерін оқып барып рукуғқа барды[9].

Жүз аяты бар сүрелер: Бұл жоғарыдағы ұзын жеті сүреден кейін келетін, жүз аяттан асатын немесе жүз аятқа жақын сүрелер[10]. Имам Суютыдың берген анықтамасына орай ол сүрелерге мына сүрелер кіреді: Юнус, Һуд, Юсуф, Хижр, Нахыл, Исра, Кәһф, Мариям, Таһа, Әнбия, Хаж, Муминун, Нәмл, Қасас сүрелері.

Мәсәни сүрелер: Інжілге теңестірілген бұл сүрелер реттілігі жағынан жүз аятты сүрелерден кейін келеді. Нақты қай сүреден басталатынына ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер болғанымен Имам Суюты Қаф сүресінен бастап муфассал сүрелері басталатынын айтып өткен.

Муфассал[11] сүрелер: Бұл сүрелер өз ішінде үшке бөлінеді: Ұзын сүрелер оған Қаф сүресінен бастап, Нәбә сүресіне дейінгі сүрелер кіреді, орташа сүрелер оған Нәбә сүресінен бастап Духа сүресіне дейінгі сүрелер кіреді және қысқа сүрелер оған Дұха сүресінен бастап Нас сүресіне дейінгі сүрелер кіреді[12]

Сонымен қатар сүрелер басталуына қарай Хауамим, Мусәббихәт болып бөлінеді.

Хауамим деп сүренің алғашқы аяттары  хә, мим (حم) әріптерінен басталғандықтан аталып кеткен. Оған: Ғафир, Фуссиләт, Шура, Зухруф, Духан, Жәсия, Ахқаф сүрелері кіреді.

Ибн Аббастан жеткен риуаятта: «Әр нәрсенің жүрегі бар, Құранның жүрегі Хауамим»[13] деген.

Мусәббихат деп сүренің алғашқы аятында сәббәхә (тәсбих айту) сөзі келуі себепті аталған. Оған: Хадид, Хашр, Саф, Жұма, Тағабун сүрелері кіреді.

Бұл сүрелерді оқу жайында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әр түні осы сүрелерді оқуды абзал тұтқан, өйткені бұл сүрелерді мың аяттан да қайырлы аят бар»[14] делінген.


[1] Бұхари хадистер жинағы

[2] Мүслім хадистер жинағы

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Муата

[5] Тирмизи хадистер жинағы

[6] Мүслім хадистер жинағы

[7] Тирмизи хадистер жинағы

[8] Байхақи хадистер жинағы

[9] Мүслім хадистер жинағы

[10] Суюты «Итқан» кітабы

[11] Сүрелер арасы жиі бөлінгендіктен муфассал деп аталған

[12] Суюты «Итқан» кітабы

[13] Бурхан әл-Бақиһи «Масаид назар» кітабы

[14] Әбу Дәуд хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲