Өткен жұма күні ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі өңірдің 5 ауданында ЖАНТ мүшелерінің қатысуымен кезекті «Көшпелі уағыз керуені» ұйымдастырылды.
Керуен аясында өңір имамдары «Рамазан – рухани кемелдікке жетелейтін мектеп» тақырыбында уағыз-насихат айтып, Рамазан айының адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке, шүкіршілікке тәрбиелейтінін ерекше атап өтті.
«Ораза – тек таңнан кешке дейінгі ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, ол нәпсіні тәрбиелеу, жүректі тазарту, ой мен ниетті дұрыстау екені кеңінен түсіндірілді. «Рамазан – рухани мектеп. Бұл мектептен өткен жан өз мінезін түзеп, бойындағы кемшіліктерімен күресуге үйренеді», – деді имамдар.
Кездесу барысында қасиетті айда жасалатын игі амалдардың маңыздылығы да тілге тиек етілді. Атап айтқанда, садақа беру, мұқтаждарға көмектесу, ата-анаға құрмет көрсету, көрші-қолаңмен тату болу – мұның барлығы мұсылманның көркем мінезінің айғағы екені айтылды.






