АТАУЫ
Нисә сөзінің мағынасы «әйелдер»,дегенді білдіреді. Кейбір діни кітаптарда Талақ сүресін де «Ниса» сүресі деп атайды. Екеуін ажырату үшін «ұзын Нисә» сүресі, «қысқа Нисә» сүресі деп бөлген.
РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ
Құранда реттілігі жағынан төртінші сүре. Бақара сүресінен кейін бет саны жағынан ұзақ 7 сүренің бірі, аят саны – 176. Сүре ғалымдардың кейбір тұжырымы бойынша хижреттің үшінші жылының соңында, төртінші жылының басында «Мумтәхинә» сүресінен кейін түсті деген дерек бар. Құранның 4,5,6 параларында 76-106 беттерде орналасқан.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Бұл сүре туыстық байланыс жайында басталып, ислам қоғамын құрудағы әйел мен еркектің орны жайында айтылады, үйленуге харам болған әйелдерді тізбектеп шығады. Сүре желісі кейін әйелдер мәселесіне ауады, оларға қатысты үкімдер, олардың құқықтары, үйлену кезінде төленетін қалың малы, мұрасы, оларға жасалатын жақсылық түрлері.
АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын):
«Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) маған: «Қанекей, Құран оқышы», – деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі, сізге түскен Құранды өзіңізге қалай оқымақпын?» – дедім. Сонда ол: «Мен Құранды басқалардың аузынан тыңдағанды ұнатамын», – деді. Содан мен «Ниса» сүресін оқи бастадым. Сөйтіп, «Ей, Расулым! Әрбір үмбеттен бір-бір куә (яғни, әр қауымның өз пайғамбарын) шығарғанымызда және сені мыналарға (яғни, бүкіл кәпірлерге) қарсы куә ретінде әкелгенімізде, олардың жағдайы не болар екен?»[1] деген аятқа келгенімде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әзірше осы да жеткілікті», – деді. Оған бұрылып қарағанымда, көзінен жас парлап, жылап отыр екен»[2], – деп айтты.
ІНЖУЛЕРІ
[Исламдағы мұра]
﴿ لِّلرِّجَالِ نَصِيبٌ مِّمَّا تَرَكَ ٱلۡوَٰلِدَانِ وَٱلۡأَقۡرَبُونَ وَلِلنِّسَآءِ نَصِيبٌ مِّمَّا تَرَكَ ٱلۡوَٰلِدَانِ وَٱلۡأَقۡرَبُونَ مِمَّا قَلَّ مِنۡهُ أَوۡ كَثُرَۚ نَصِيبًا مَّفۡرُوضًا﴾
Ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұрадан мирасқор ер адамдардың алар үлесі болғаны сияқты, ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұра мейлі аз болсын, яки көп болсын, одан мирасқор әйелдердің де алар үлесі бар. Бұл – Алланың Өзі тағайындаған және мирасқорларға міндетті түрде берілуі керек болған енші.
(Нисә сүресі 7-аят)
[жетімнің ақысын жегендер]
﴿ إِنَّ ٱلَّذِينَ يَأۡكُلُونَ أَمۡوَٰلَ ٱلۡيَتَـٰمَىٰ ظُلۡمًا إِنَّمَا يَأۡكُلُونَ فِى بُطُونِهِمۡ نَارًاۖ وَسَيَصۡلَوۡنَ سَعِيرًا﴾
Жетімдердің мал-мүлкін жеп, оларға қиянат жасайтындар, расында, қарындарын тек отқа толтыруда.
(Нисә сүресі 10-аят)
[арам жолмен мал жеу]
﴿ يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ لَا تَأۡكُلُوٓاْ أَمۡوَٰلَكُم بَيۡنَكُم بِٱلۡبَـٰطِلِ إِلَّآ أَن تَكُونَ تِجَـٰرَةً عَن تَرَاضٍ مِّنكُمۡۚ ﴾
Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек.
(Нисә сүресі 29-аят)
[еркек әйелге қорған]
﴿ ٱلرِّجَالُ قَوَّـٰمُونَ عَلَى ٱلنِّسَآءِ ﴾
(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер әйелдерге басшы һәм қорған.
(Нисә сүресі 34-аят)
[ажырасу – Алла сүймейтін іс]
﴿ وَإِنۡ خِفۡتُمۡ شِقَاقَ بَيۡنِهِمَا فَٱبۡعَثُواْ حَكَمًا مِّنۡ أَهۡلِهِۦ وَحَكَمًا مِّنۡ أَهۡلِهَآ إِن يُرِيدَآ إِصۡلَـٰحًا يُوَفِّقِ ٱللَّهُ بَيۡنَهُمَآۗ إِنَّ ٱللَّهَ كَانَ عَلِيمًا خَبِيرًا﴾
Ал егер ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуінен қорықсаңдар, ер адамның өз жұртынан бір әділ төреші, сондай-ақ әйелдің төркінінен де бір әділ төреші тағайындаңдар. Бұл екеуінің ниеті оларды жарастыру болса, сөзсіз, Алла тағала оларды қайта табыстырады.
(Нисә сүресі 35-аят)
[жақсылық жасау Алла разылығы үшін]
﴿ وَٱلَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمۡوَٰلَهُمۡ رِئَآءَ ٱلنَّاسِ وَلَا يُؤۡمِنُونَ بِٱللَّهِ وَلَا بِٱلۡيَوۡمِ ٱلۡاٰخِرِۗ وَمَن يَكُنِ ٱلشَّيۡطَـٰنُ لَهُۥ قَرِينًا فَسَآءَ قَرِينًا﴾
Мал-мүлкін ел-жұртқа көз қылып көрсету үшін риямен жұмсайтын және Аллаға һәм ақирет күніне иланбайтындарды (да Алла жақсы көрмейді һәм олар үшін де қорқынышты азап әзірленеді). Кімде-кім шайтанды жақын жолдас тұтса, ол қандай жаман жолдас десеңші!
(Нисә сүресі 38-аят)
[кешірілмейтін күнә]
﴿ إِنَّ ٱللَّهَ لَا يَغۡفِرُ أَن يُشۡرَكَ بِهِۦ وَيَغۡفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَن يَشَآءُۚ وَمَن يُشۡرِكۡ بِٱللَّهِ فَقَدِ ٱفۡتَرَىٰٓ إِثۡمًا عَظِيمًا﴾
Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді. Кімде-кім Аллаға өзгелерді серік етіп қосса, сұмдық жала жапқан әрі өте ауыр күнәға батқан болады.
(Нисә сүресі 48-аят)
[әділ үкім мен аманат]
﴿ إِنَّ ٱللَّهَ يَأۡمُرُكُمۡ أَن تُؤَدُّواْ ٱلۡأَمَـٰنَـٰتِ إِلَىٰٓ أَهۡلِهَا وَإِذَا حَكَمۡتُم بَيۡنَ ٱلنَّاسِ أَن تَحۡكُمُواْ بِٱلۡعَدۡلِۚ ا﴾
Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады.
(Нисә сүресі 58-аят)
[мұсылман қайда жүгінеді?]
﴿ يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓاْ أَطِيعُواْ ٱللَّهَ وَأَطِيعُواْ ٱلرَّسُولَ وَأُوْلِى ٱلۡأَمۡرِ مِنكُمۡۖ فَإِن تَنَـٰزَعۡتُمۡ فِى شَىۡءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى ٱللَّهِ وَٱلرَّسُولِ ﴾
Уа, иман келтіргендер! Аллаға қалтқысыз бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ, өз араларыңнан (өздерің сияқты мүмін) болған басшыларыңа бағыныңдар. Егер Аллаға және ақирет күніне иман келтірген болсаңдар, қандай да бір мәселе төңірегінде өзара келісе алмай таласып қалғандарыңда, Аллаға және Алла елшісіне жүгініңдер.
(Нисә сүресі 59-аят)
[өлімнен қашып құтыла алмайсың..]
﴿ أَيۡنَمَا تَكُونُواْ يُدۡرِككُّمُ ٱلۡمَوۡتُ وَلَوۡ كُنتُمۡ فِى بُرُوجٍ مُّشَيَّدَةٍۗ ﴾
Қай жерде болсаңдар да, тіпті ең берік қамалдардың ішінде болсаңдар да (немесе көктегі жұлдыздарға барып паналасаңдар да) өлім сендерге жетеді.
(Нисә сүресі 78-аят)
[екіжүзділердің белгісі]
﴿ وَإِن تُصِبۡهُمۡ حَسَنَةٌ يَقُولُواْ هَـٰذِهِۦ مِنۡ عِندِ ٱللَّهِۖ وَإِن تُصِبۡهُمۡ سَيِّئَةٌ يَقُولُواْ هَـٰذِهِۦ مِنۡ عِندِكَۚ قُلۡ كُلٌّ مِّنۡ عِندِ ٱللَّهِۖ فَمَالِ هَـٰٓؤُلَآءِ ٱلۡقَوۡمِ لَا يَكَادُونَ يَفۡقَهُونَ حَدِيثًا﴾
(Уа, Мұхаммед!) Олар (екіжүзділер) қандай да бір жақсылыққа кенелсе: «Бұл – Алладан келді», – дейді. Ал бастарына қандай да бір жамандық келсе: «Бұл – сенің кесіріңнен», – дейді. Оларға: «Бәрі де бір Алладан», – деп айт. Бұл қауымға сөз ұқпайтындай не болған өзі?!
(Нисә сүресі 78-аят)
[Құраннан қайшылық таппайсың]
﴿ أَفَلَا يَتَدَبَّرُونَ ٱلۡقُرۡءَانَۚ وَلَوۡ كَانَ مِنۡ عِندِ غَيۡرِ ٱللَّهِ لَوَجَدُواْ فِيهِ ٱخۡتِلَـٰفًا كَثِيرًا﴾
Олар Құранға терең ой жүгіртіп, оны лайықты түрде түсінуге тырыспай ма?! Егер ол Алладан басқа біреуден келгенде, онда олар міндетті түрде оның ішінен талай қайшылықтар табар еді.
(Нисә сүресі 82-аят)
[сәлем беру]
﴿وَإِذَا حُيِّيتُم بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّواْ بِأَحۡسَنَ مِنۡهَآ أَوۡ رُدُّوهَآۗ إِنَّ ٱللَّهَ كَانَ عَلَىٰ كُلِّ شَىۡءٍ حَسِيبًا﴾
(Уа, мүміндер) Сендерге сәлем беріліп, игі ниет білдірілгенде, сендер одан да артық ниет білдіріп, одан жақсы сәлем беріңдер немесе жоқ дегенде дәл солай сәлем қайтарыңдар.
(Нисә сүресі 86-аят)
[Алла әрдайым бізбен бірге]
﴿ يَسۡتَخۡفُونَ مِنَ ٱلنَّاسِ وَلَا يَسۡتَخۡفُونَ مِنَ ٱللَّهِ وَهُوَ مَعَهُمۡ إِذۡ يُبَيِّتُونَ مَا لَا يَرۡضَىٰ مِنَ ٱلۡقَوۡلِۚ وَكَانَ ٱللَّهُ بِمَا يَعۡمَلُونَ مُحِيطًا﴾
Олар (істеген опасыздықтары мен күнәларын) елден (адамдардан) жасыруға тырысады да, (Алланың соның бәрін көріп тұрғанын мүлдем ескермейді). Әйтсе де, олар түнделетіп Алла разы болмайтын (өтірік айтуды, жала жабуды, опасыздық жасауды, сондай-ақ ақиқатты бұрмалауды) сөз қылып, әр қилы қитұрқы жоспарлар құрып жатқанда, Алла олардың басы-қасында еді. Алла олардың не істеп, не қойып жүргенін (бәрін естіп көретіндігімен шексіз ілімі һәм құдіретімен) толық қамтып білуші.
(Нисә сүресі 108-аят)
МӘИДӘ СҮРЕСІ
АТАУЫ
Мәидә сөзінің мағынасы «Ас толы дастархан» дегенді білдіреді. Діни кітаптарында Мәидә сүресі басқаша «Ғуқуд» (келісімдер) деп атайды. Бұлай аталуы алғашқы аятында осы сөз келуі себеп болды. Кейбір деректерде сүренің атауы «Мунқизә»[3] (азап періштелерінен құтқарушы) деп келген.
РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ
Реттілігі жағынан бесінші сүре, Құрандағы ұзын жеті сүренің бірі, аят саны – 120. Сүре ғалымдардың кейбір тұжырымы бойынша хижреттің алтыншы жылы, кейбір деректерде «Фатх» сүресінен кейін түсті делінген. Сүре Құранның 6,7 – парасында 106-127 беттерде орналасқан.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Сүреде әзірет Исаға (а.с.) ерген бір топ хауарилердің[4] Алла Тағаладан көктен дастархан түсіруін өтінгеніне қатысты оқиға баяндалады, сол себепті бұл сүре «Мәидә», яғни, «дастархан» деп аталған. Сүреде негізінен құқықтық мәселелер қамтылған. Атап айтқанда: неке, аңшылық, адал ас, кәпірлерді дос тұту, ұрлық, кек алу, арақ, тазалық.
АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Мәидә сүресіндегі кейбір аяттар пайғамбарымызға (с.ғ.с) ең соңғы түскен аяттардың қатарында. Ғұлама Қуртубидің тәпсір кітабында мына хадисті мысалға келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу құтпасында Мәидә сүресін оқып, былай деді: «Уа адам баласы маған Құрандағы ең соңғы түскен сүре Мәидә сүресі ондағы адал еткенімді адал, арам еткенімді арам тұтыңдар»[5] деген.
Бұл дерек жоғарыдағы хижреттің алтыншы жылы түсті деген пікірге қайшы келмейді, өйткені Мәидә сүресінің түсуі бірнеше жылға жалғасқан.
ІНЖУЛЕРІ
[харам ет түрлері]
﴿ حُرِّمَتۡ عَلَيۡكُمُ ٱلۡمَيۡتَةُ وَٱلدَّمُ وَلَحۡمُ ٱلۡخِنزِيرِ وَمَآ أُهِلَّ لِغَيۡرِ ٱللَّهِ بِهِۦ وَٱلۡمُنۡخَنِقَةُ وَٱلۡمَوۡقُوذَةُ وَٱلۡمُتَرَدِّيَةُ وَٱلنَّطِيحَةُ وَمَآ أَكَلَ ٱلسَّبُعُ إِلَّا مَا ذَكَّيۡتُمۡ وَمَا ذُبِحَ عَلَى ٱلنُّصُبِ وَأَن تَسۡتَقۡسِمُواْ بِٱلۡأَزۡلَـٰمِۚ ذَٰلِكُمۡ فِسۡقٌۗ ﴾
Сендерге арам өлген мал, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан сойылған малдың еті харам етілді. Сондай-ақ жаны шықпай жатып (шариғатқа сай) бауыздап үлгергендеріңді қоспағанда, буынып, соққы жеп, биіктен құлап, сүзіліп немесе жыртқыш аңға таланып өлген малдың еті һәм пұттардың алдында сойылған және жебемен (яки басқа нәрсемен) бал ашып немесе құмар ойындарын ойнап тапқан малдың еті (мен басқа да азық түрлері) харам етілді.
(Мәидә сүресі 3-аят)
[ислам – кәміл дін]
﴿ ٱلۡيَوۡمَ أَكۡمَلۡتُ لَكُمۡ دِينَكُمۡ وَأَتۡمَمۡتُ عَلَيۡكُمۡ نِعۡمَتِى وَرَضِيتُ لَكُمُ ٱلۡإِسۡلَـٰمَ دِينًاۚ ﴾
Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым.
(Мәидә сүресі 3-аят)
[шарасыз қалғанда ]
﴿ فَمَنِ ٱضۡطُرَّ فِى مَخۡمَصَةٍ غَيۡرَ مُتَجَانِفٍ لِّإِثۡمٍ فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾
Кім аштықтан шарасыз қалса, күнәға ауытқымаса (жеуге болады.) Шәксіз Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді.
[дәреттің парыздары]
﴿ يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓاْ إِذَا قُمۡتُمۡ إِلَى ٱلصَّلَوٰةِ فَٱغۡسِلُواْ وُجُوهَكُمۡ وَأَيۡدِيَكُمۡ إِلَى ٱلۡمَرَافِقِ وَٱمۡسَحُواْ بِرُءُوسِكُمۡ وَأَرۡجُلَكُمۡ إِلَى ٱلۡكَعۡبَيۡنِۚ
Уа, мүміндер! Намазға тұрар алдында беттеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін (яғни, шынтақты қоса) жуыңдар, бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобыққа дейін (яғни, тобықты қоса) жуыңдар.
(Мәидә сүресі 6-аят)
[ислам – жеңілдік діні]
﴿مَا يُرِيدُ ٱللَّهُ لِيَجۡعَلَ عَلَيۡكُم مِّنۡ حَرَجٍ ﴾
Алла сендерге ауыршылықты қаламайды
(Мәидә сүресі 6-аят)
[кісі өліміне себеп болу]
﴿ مَن قَتَلَ نَفۡسَۢا بِغَيۡرِ نَفۡسٍ أَوۡ فَسَادٍ فِى ٱلۡأَرۡضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ ٱلنَّاسَ جَمِيعًا وَمَنۡ أَحۡيَاهَا فَكَأَنَّمَآ أَحۡيَا ٱلنَّاسَ جَمِيعًاۚ ﴾
Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады.
(Мәидә сүресі 32-аят)
[мұратыңа жету үшін]
﴿ يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓاْ إِنَّمَا ٱلۡخَمۡرُ وَٱلۡمَيۡسِرُ وَٱلۡأَنصَابُ وَٱلۡأَزۡلَـٰمُ رِجۡسٌ مِّنۡ عَمَلِ ٱلشَّيۡطَـٰنِ فَٱجۡتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمۡ تُفۡلِحُونَ﴾
Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (яки құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар.
(Мәидә сүресі 90-аят)
[1] Нисә сүресі 41-аят
[2] Бұхари хадистер жинағы
[3] Суютидың «Итқан» кітабында келген
[4]https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A5%D0%B0%D1%83%D0%B0%D1%80%D0%B8
[5] Ахмад хадистер жинағы

