«Хадис» сөзі исламға дейінгі кезеңде де араб тілінде қолданыста болған. Тілдік тағынан «ескі» сөзінің антонимы «жаңа» мағынасын беретін «хадис» сөзі – «хабар», «сөз» мәніне де келеді. Осы сөзден «Хабар беру», «жеткізу», «айту» сияқты кейбір етістіктер туындайды. Мысалы:
«(Мұхаммед с.а.с.) енді олар бұл сөзге (Құранға) сенбесе, арттарынан кейіп, өзіңді жоя жаздайсың» (Кәһф сүресі, 6);
«Аллаһ аяттары бір-біріне ұқсас қайталанып отыратын, сөздің ең көркемін Кітап түрінде түсірді…» (Зүмәр сүресі, 23) және
«Ендеше, егер олар рас айтушы болса, Құранға ұқсас бір сөз келтірсін» (Тұр сүресі, 34),– деген Құран Кәрім аяттарындағы «хадис» сөзі, хабар немесе сөз мағынасында қолданылып, Құран Кәрім мағынасында да келген.
Ал «Раббыңның нығметінен хабар бер (білдір)» (Дұха сүресі, 11) аятында осы сөзден «хабар бер», «жеткіз» мағынасындағы етістік туындаған.
Терминдік мағынасы жағынан хадис жалпы пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздеріне таңылғанымен, ислам ғалымдарының арасында осы сөздің мағынасын анықтауда әр салаға қарай түрлі көзқарастар қалыптасқан.
Фиқһ негіздері ілімі (усул) ғалымдарының анықтамасында хадис – пайғамбарымыздың (с.а.с) сөзі, ісі және құптағандары. Бұл тұрғыда ол осы мағынада қолданылатын сүннет сөзінің синонимы болып табылады. Хадис ғалымдарының пікірінше, хадис сөзі тек пайғамбардың (с.а.с) сүннетіне ғана емес, сахабалар мен табиғиндердің көзқарастары мен іс-әрекеттерін бейнелейтін хабарларға да таңылады. Бұл жерде хадис сөзінің мағынасы хабар ұғымының баламасы ретінде келеді. Осыған сай сахабаның сөзі, ісі және мақұлдауы – мауқуф хадис, ал табиғиннің сөзі мен ісі – мақтуғ хадис деп те аталады.
Енді бір хадис ғалымдары хадис пайғамбардың (с.а.с.) сөздеріне ғана тән, ал басқалардан келген сөздерді хабар, яки әсер деп санаған. Олар хадис пен хабардың арасында бар екендігін, бірақ, әрбір хабардың хадиске жатпайтындығын ескертеді1.
Имам ән-Науауи Хорасан фиқһ ғалымдарының мауқуф хадисті әсер, марфуғ хадисті хабар деп атағандығын, ал хадистанушыларда екеуі де әсер деп танылатындығын айтқан2.
Хадис сөзіне қатысты түрлі мағынадағы анықтамалар болса да, хадис сөзін естіген уақытта пайғамбардың (с.а.с.) сөзі, ісі және қандай да бір сахабасының іс-әрекетін көзбен көріп, мақұлдауы ойға оралатыны анық. Бұл тұрғыда хадис – «сөз», «іс және құптауды» ұғындыратын сүннет сөзінің синонимы болып, тамыры сонау пайғамбар (с.а.с.) дәуірінен бастау алады. Бұған танымал сахаба Әбу Һурайра (р.а.) тарапынан қойылған бір сұраққа пайғамбардың (с.а.с.) берген жауабы айқын дәлел болады. Әбу Һурайра (р.а.): «Мен: «О, Аллаһтың елшісі! Қиямет күні сенің шапағатыңа бөленетін ең бақытты жан кім?» – деп сұрадым. Аллаһ елщісі (с.а.с.) «Ей, Әбу Һурайра! Сенің хадиске деген құштарлығыңды көріп, бұл хадис жайлы сенен бұрын ешкім сұрамаса керек деп ойлағанмын! Кім шын жүрегінен немесе жан дүниесімен: «Лә илләһә илләллаһ», – деп айтса, сол Қиямет күні, шапағатым арқылы ең бақытты жан болады», – деді», -деген3.
Сол секілді кейбір сахабалардың естіген хадистерін жаттай алмағандықтан пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадис жазуға рұқсат сұрағандары, оларға хадис жазып алуға Аллаһ елшісінің (с.а.с.) кеңес бергендігі жайлы хабарларда келген «хадис» сөзі – аталған мағынаны, яғни пайғамбардың (с.а.с.) сөзін, ісін және құптауын білдіреді.
«Сүннет» сөзінің тілдік мағынасына келсек, ол – адамның өмірде басшылыққа алған қағидасы, өмір сүру салты немесе өзгермейтін ұстанымы (дұрыс, яки бұрыс беталысы) болуы да мүмкін. Бұны Аллаһ тағаланың:
«Сендерден бұрын да жолдар өткен. Жер жүзін кезіңдер, жасынға шығарушылардың соңының ие болғанын көріңдер» (Әл-Имран сүресі, 137) аятынан және пайғамбарымыздың (с.а.с.):
«Кімде-кім исламда жақсы жол салса (жақсы амал жасаса), оған, одан кейін оны орындаған адамның да сауабы жазылады. Олардың сауаптарынан ешнәрсе кемітілмейді. Кімде-кім исламда жаман жол салса (жаман амал жасаса), одан кейін оны істеген адамның күнәсі жазылады. Олардың күнәларынан ешнәрсе кемітілмейді4», – деген сөзінен де аңғаруға болады. Айта кету керек, «сүннет» сөзінің араб тіліндегі тілдік мағынасы біздің күнделікті көріп жүрген тас жол, теміржол секілді жолдар емес, бұл – «тіршілік жолы», «өмір жолы», «ұстаным» деген мағынаны береді.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.)
«…Сендерден (алдағы уақытта) өмір сүретіндер, көптеген келіспеушілікті көреді, (сол кезде) сендер менің сүннетіме және тура жолға бастаушы әділ халифалардың сүннетіне жабысыңдар…»5, – деген хадисінен «тура» не «үлгі тұтып, ұстанатын жол» мағынасын пайымдауға болады.
Сол секілді, «сүннет» сөзі Құран Кәрім аяттарында «Аллаһтың өзгермейтін үкімі» мағынасында (Фатыр сүресі, 43; Ахзаб сүресі, 38,62; Фәтх сүресі, 23; Муминун сүресі, 85), «Өзгермейтін ұстаным» мағынасында (Исра сүресі, 77) және «айнымайтын заң» мағынасында (Фатыр сүресі, 43; Әнфал сүресі,38; Хижр сүресі, 13; Кәһф сүресі, 55) келеді.
Ал, шариғаттағы сүннет ұғымы екі мағынада түсіндіріледі. Біріншісі, фиқх ғалымдарының (құқықтанушылар) анықтамасы, екіншісі, фиқх негіздері ілімі ғалымдарының анықтамасы.
Фиқх ғалымдары бойынша: «Сүннет – жүзеге асырылуымен сауап таптырып, орындалмауы күнә мен азапқа душар етпейтін шариғат үкімі».
Фиқх негіздері ілімі ғалымдарының пікірінше: «Сүннет – Аллаһ елшісінен (с.а.с.) жеткен барлық сөз, іс-әрекет және құптау».
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін жеткізушілер тізбегімен бірге жаттаған адам муснид деп аталса, хадис тізбегін және ондағы жеткізушілер мен хадис мәтінін зерттеген ғалымды мухаддис, одан сәл жоғары дәрежедегі хадис ғалымы, хафих, одан кейінгі дәрежесі жоғары тұратын хадис ғалымы хужжа, ал барлық хадистерге қатысты ілімдерді меңгерген хадистанушы хаким деп аталады.
Жәләлуддин әс-Суюти «Тадрибу әр-рауи» атты түсіндірме еңбегінің кіріспесінде Шейх Фатхуддин ибн Сейидуннастың: «Біздің ғасырымызда хадистерді риуаят және дираят тұрғысынан зерттеген, хадис жеткізушілердің арасындағы айырмашылықтарды біліп, ғасырындағы көптеген рауилер мен хадистерге терең бойлаған және осы тақырыптарда ерең еңбегімен және нақтылығымен танылған тұлғалар мухаддистер деп аталса, осы тақырыптарды одан да ауқымды зерттеп, әрбір кезеңдерге (табақат) қатысты білмегендерінен білгендері көп болған әрі барлық сатылардағы шейхтар (хадис жеткізуші ғалым ұстаздар) мен шейхтардың шейхтарын білген хадистанушы хафиз деп танылған. Ал, ертеректе келген ғалымдардың кейбірінің: «Біз жиырма мың хадис жазып алмаған тұлғаны хадистанушы деп санамадық», – дегені айтылады, әрине бұл олардың кезеңдеріне қатысты», – дегенін жеткізген6.
Кейбір ғалымдар хафизды жаттаған хадистерінің санына қарай: «Хафиз – хадис тізбегін және тізбектегі жеткізушілердің сенімділігі мен сенімсіздігін анықтай отыры, жүз мың хадис жаттаған хадис ғалымы» – деген. Кей жағдайда «хафиз» термині мухаддис сөзінің баламасы ретінде де қолданылады.
Хафиздан кейінгі дәрежедегі хадис ғалымы «хужжа» деп аталады. «Хужжа» – хадис саласын жетік меңгерген, еске сақтау мен нақтылықта ерекше қабілетке ие әрі ғұлама хадистанушылар мен басқа да ғалымдар тарапынан айрықша мойындалған хадис ғалымдары. Кейбір ғалымдар «хужжаға» – «хадис тізбегі мен ондағы жеткізушілердің сенімділігі мен сенімсіздігін және олардың жағдайларын зерттей отырып сегіз мың хадис білген хадистанушы», – деген анықтама берген.
Ал, «хаким» болса, хадис саласында ең жоғарғы дәрежеге қол жеткізген хадис ғалымы. Яғни, хаким – хадис іліміне қатысты барлық саланы зерттеуші, хадис жеткізушілердің хадистерді кімнен, қалай алғандығын, олардың есімдері мен лақап аттарын, жүрген сапарлары мен өмірбаяндарын, сенімділігі мен сенімсіздігін толыққанды меңгеріп, сегіз жүз мыңнан астам хадис білген хадис ғалымы.
Дегенмен хадистанушылардың білген немесе жаттаған хадистерінің саны олардың дәрежелеоін айқындайтын нақты бір өлшем деп айта алмаймыз. Сонымен қатар жалпылама, барлық хадис ғалымдары мухаддис деп танылып, жоғарыда келген хадис ғалымдарының әр түрлі дәрежелеріне таңылған сөздер бір-бірінің баламасы ретінде де қолданылады.
Сүннетті төмендегідей бөліп қарастыруға болады:
Пайғамбар (с.а.с.) сөзі , яғни, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) түрлі жағдайларда және әртүрлі басқосуларда айтқан сөздері. Мысалы, «Әрбір амал ниетке байланысты» деген сөзін алайық. Осы өнегелі сөзді естіген сахаба оны аманат деп біліп, өзге мүмінге жеткізуге асыққан. Ол аманат осылайша ұрпақтан-ұрпаққа насихатталып, хадистанушыларға жеткен. Хадия жинақтаушылар оны тексере келіп, Аллаһ елшісі (с.а.с.) сөзі екендігіне көз жеткізген соң ғана кітаптарына түсірген. Бұл сүннетті хадис деп айтамыз. Риуаят етілгенде «Пайғамбар (с.а.с.) былай деді»
«Аллаһтың елшісі (с.а.с.) былай дейді»,
«Пайғамбар (с.а.с.) былай бұйырды»
« », секілді сөздермен басталып келеді. Мұны «Қаули (сөз) сүннет» дейді.
Іс-әрекеті: : Пайғамбарымыздың (с.а.с.) іс-әрекеттері мен атқарған амалдары. Мысалы: дәрет алу, намаз оқу, қажылық жасау т.б. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жасағанын көрген сахабалар өздері амалға асырып, оны басқаларға да үйретіп отырған. Бұл сүннет түрінде, хабар пайғамбарға (с.а.с.) тиесілі болмай, оны көріп, түсіндірген сахабадан жетеді. Мұндай хабарлар «Пайғамбарымыз (с.а.с.) осылай істеген болатын»,
, «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осылай істегенін көрдім», « » секілді сөздермен келеді. Осындай іс-қимыл арқылы хадис іліміне енген сүннеттерді «фиъли (іс-әрекет) сүннет» деп атайды.
Құптауы ( ), Яғни, пайғамбардың (с.а.с.) көріп, білгеніне қарсылық білдірмей, мақұлдауы. Пайғамбардың (с.а.с.) құптауы сөзбен немесе үнсіз мақұлдау арқылы жүзеге асқан.
а) Сөзбен құптау (сарих тақрири).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) Муаз ибн Жәбәлді Йеменге жібергелі жатқан кезде, одан, егер қазылық ұсынылған жағдайда қалай үкім шығаратындығын сұрайды. Муаз (р.а.): «Аллаһтың кітабымен, одан таппасам, Аллаһ елшісінің сүннетімен, егер одан таппасам, өзім ижтиһад жасаймын», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.) оның жауабына разы болып, көкірегінен қағып: «Аллаһ елшісінің елшісін, Аллаһтың елшісін риза қылатындай жетістікке жеткізген Аллаһқа мадақ болсын», – деп Муаздың (р.а.) сөзін құптаған.
ә) Үнсіз құптау (зимни тақрири).
Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хандақ соғысынан қайтқаннан соң: «Бірде-бір кісі Бәни Құрайзаға жеткенше асыр намазын оқымасын!» – деді. Асыр намазының уақыты жолда кірді. Сөйтіп кейбіреуі: «Намазды бармайынша оқымаймыз», – десе, енді біреулері: «Жоқ, оқи береміз, өйткені, пайғамбар (с.а.с.) бізге бұны айтқысы келмеді (яғни, тезірек Бәни Курайзаға баруымызды қалады)», – деді. Кейіннен бұл жағдай пайғамбарымызға (с.а.с.) білдірілген уақытта, олардың ешқайсысын кінәлаған жоқ», – деп келеді7.
Сол секілді, әскер қолбасшысы Халид ибн Уалидтің (р.а.) күннің суықтығына байланысты ғұсыл алмастан, тәйәммуммен намаз оқығандығы пайғамбарымызға (с.а.с.) баяндалғанда, үндемеуі арқылы мақұлданғанын білдірген болатын.
Жалпы такрири сүннет «Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол жағдайды көріп күлімсіреді»
секілді түсіндірмелермен келеді.
Сипаты ( ); яғни, сүйікті пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінездік сипаты (хулуқи) мен бейнелік сипаты (хилқи).
а) Мінездік сипаты (хулуқи), мысалға:
«Аллаһ елшісі (с.а.с.) адамдардың ең жомарты еді, ол әсіресе рамазанда Жәбірейілмен (а.с.) кездескенде ерекше жомарттық танытатын»8.
ә) Бейнелік сипаты (хилқи), мысалға:
«Аллаһ елшісі (с.а.с.) адамдардың ең келбеттісі және ең мінез-құлқы жақсысы еді, көзге түсетін ұзын бойлы да, қысқа бойлы да емес-ті»9.
Сахабар пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінез-құлқын, сабырлығын, төзімділігін, жұмсақтығын, батылдығын, шыншылдығын және дене пішімі мен кескін келбетін сипаттап берген. Мұндай мағлұматтар риуаят болып, хадистанушылар арқылы мұсылман үмбетіне жеткен. Мысалы: Имам әт-Термезидің «Шәмәилу ән-Нәби (с.а.с.)» («Пайғамбардың (с.а.с.) қадір-қасиеті») атты кітабы пайғамбарымыздың (с.а.с.) мүбәрак келбетін сипаттауға арналған құнды еңбек. Басқа хадис ғалымдары да осы мағынадағы хадистерден өздеріне жеткендерің риуаят етіп қалдырған. Бұл сипаттардың шарғат үкімдері мен жауапкершілікке қатысы жоқ. Хадистанушылардың оны сүннет анықтамасына қосуының себебі, олар, көркем мінез-құлық, мейірімділік, сабырлық, жомарттық секілді пайғамбар (с.а.с.) сипаттары әрбір мұсылманның үлгі-өнеге алатын, ұқсап бағуға тырысатын сипаттар болып табылатындығын дәлел етеді.
Сол секілді, пайғамбарымыздың (с.а.с.) мүбәрак өмірі, яғни оның туылғаннан бастап, қайтыс болғанға дейінгі өмірбаяны өте анық, жан-жақты, кеңінен риуаят етілген. Бұл риуаяттар жинағы «Сирату ән-Нәби» («Пайғамбар өмірбаяны») деп аталады.
Қорыта айтқанда, хадис ғалымдарының ұстанымы бойынша, хадис дегеніміз – пайғамбардың (с.а.с.) сөзі, ісі, құптағаны және сипаты мен сахаба-табиғиндерден жеткен деректер.
Фиқһ негіздері ілімі ғалымдары хадис пен сүннет анықтамасына пайғамбардың мінездік және бейнелік сипаттары мен сахаба, табиғиндердің сөздерін қоспайды. Себебі, фиқһ үкімдерін шығаруда оларға жүгінілмейді.
Хадис ғалымдары осы аталған тақырыптарға қатысты әрбір мағлұматты түбегейлі терең зерделеп, кітаптарына енгізген.
- Хадистің маңыздылығы
Ислам шариғаты негіздерінің бастауы, шариғат үкімдерін алуда сүйенілетін жалғыз кітап – Құран Кәрім екендігінде дау жоқ. Құран Кәрімге сүйену тікелей Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну арқылы жүзеге асады. Аллаһ тағала пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с.) бүкіл адамзатқа ақырғы елші етіп, оған көктен келген кітаптардың соңғысы болған қасиетті Құран Кәрімді түсірді. Осылайша ол өзіне дейінгі пайғамбарларды растаушы және олардың шариғаттарын толықтырушы, ақырғы пайғамбар болды.
Құран Кәрім – діни әрі болмыс заңдылықтарына қатысты барлық мәселелерді толықтай қамтыған иләһи кітап. Дегенмен, Құран Кәрімде Аллаһтың хикметімен барлық нәрсе ашық әрі егжей-тегжейлі баян етілмейді.