Түрлі деректерде әзірбайжан, Осман, түрік ақыны деп аталады. Әзірбайжан поэзиясының классигі болып саналған ол әзірбайжан және түрік поэзиясының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Осман әдебиетіндегі «диван» жанрының классиктерінің бірі. Туған жері әзірбайжан, сондай-ақ парсы және араб тілдерінде жазған ең ұлы лирик ретінде кеңінен танылды. Физули – Әзірбайжан халқының көрнекті ақындары мен ойшылдарының бірі.
***
Ей, жолаушы, адалдықты серік етсең жолда сен,
Сенім артар адал дос та кездеседі жолда әсем.
***
Айналаңда табылмаса дос ақылды, сенімді,
Сұқбат құрғын, кезестір де сөз жарасар теңіңді.
Қандыра алмас жаннан құтыл құлағыңның құрышын,
Уақытыңды зая етпе, ондай жандар құрысын.
***
Болса егер сендік жүрек жалғыздықтың тұтқыны,
Жүре берме бостан-босқа көріп дәйім құп мұны.
Қай кезде де барлық дерттің дауасы бұл табылар,
Азап шекпе, ниет болса қамал дағы алынар.
***
Махаббаттың азабына, о, Ием,
Толығымен бағыштағын, мен күйем.
Өзіңе мың дұға етіп сұраймын,
Ажыратпа, өртке орансын шырайым.
***
О, тотықұс мынау інжу бақтағы,
Физулидің атпай қойды-ау ақ таңы.
Айқайлады бар даусымен көк маған,
Жанға батты «Аярсың!» деп жатқаны.
Қорлап мені жақындатпай қуады,
Інжу сөздер жүрегімнен туады.
Сөздеріммен сипаттаймын жанымды,
Жылытсыншы шексіз аспан шуағы.
Ғашық жанды алсаңшы бір есіңе,
Сыйласаңшы қуанышты кешіме.
***
Зұлымдықтан қашып жүріп ұлы адам,
Бетін бұрды жабайы өмір салтына.
Бұл өмірді жалған деп те сынаған,
Жете алмай өтті оның парқына.
***
Ол түсінбей қайғының да қысымын,
Аша алмады себебінің тысын мың.
Жақсылық пен жамандықтың жердегі,
Мәні барын келмей жүр ме түсінгің.
***
Мына ұлы қасіреттің шырыны,
Айналдырды қуанышқа мәңгілік.
Өлімнің де алаңдатпас құрығы,
Бар қайғыдан құтылдым мен жаңғырып.
***
Қайыршыдай ұшырайын қуғынға,
Бақытсыз жан Физули боп жүрейін.
Тағдыр жазып шешен болып тудым ба,
Нәзік жырдың қабырғасын ірейін.
Сұлулығын иемденіп Ләйлінің,
Қайтардым мен махаббатын Мәжнүнге.
Қағазыма сөздің өрдім байлығын,
Бар әлемге танылды ол аз күнде.
Тарап кетті осы аңыз баршаға,
Ләйлі сұлу болды елге әйгілі.
Оқырмандар оқып жатты тамсана,
Жаны ашып Мәжнүнге қайғылы.
***
Махаббаттың отына Мәжнүн кетті өртеніп,
Буырқанған толқында жатты сосын дерт еміп.
Сахараға әкелді жас Фархадты самал жел,
Күлге айналған өмірім содан болар келте, ұқ.
***
Мәжбүр етті аяусыз жасымды менің төгуге,
Көл боп аққан көз жасын бұл қара жер емуде.
Шеккенімді қанша азап білемісің, досым-ау,
Алла болсын разы, жеткіз елге осынау.
***
Жүректі қайғы езеді, бақытты едім бір кезде.
Азат ем кеше айрылдым, жанбайды енді нұр көзде.
Қарғынға кетті шайылып, бөгеттер қалды қақырап,
Сыртымнан мені тұрғандай тозақ оттары бақылап.
Дел-сал болған жүрегім аңсап тұрар шарапты,
Түсіне алар емеспін, қандай қанжар қанатты.
Жарқырап тұрған жарық ем, балауыз шамға айналдым,
Иілмейтін болат ем, жасық боп қалдым, қайранмын.
Махаббат – нағыз от екен, құлы болды жүрегім,
Ұйқысыздық – дерт екен, өлерімді білемін…
***
Жүрексіздер мен зұлымдар сынды өмірді жек көр дейсің бе?
От күрсінісім өртеді көкті, жарықсыз қалдым кей түнде.
Жылы қабақпен емдеп те жүрсің дерттерін сонау өзгенің,
Алжасқан рухым әлсіреп жатыр, осыны неге сезбедің?
Сандырақтайды ауышқан жаным мазасызданып түндерде,
Естімедің бе жын соққан жандай қарқылдап тұрып күлгенде.
Жуынып алам көл болып аққан көзімнің мынау жасына,
Мұңымды сезіп келер ме екен Сүйіктім менің қасыма.
Езіле бермей еңсені тіктеп, құпия ұстап мұңымды,
Мінәжат етіп оқимын дұға естиді ғой деп үнімді.
Алмадым баурай, тоңдым ғой жаурай, күтемін Сені сағына,
Жібермей жүр ме қорқыныш әлде пендеңнің мынау жанына.
Ұшады зәрем өтіріктер мен негізсіз жапқан жаладан,
Физули үшін ұят жоғары тұрады ылғи санадан.
Ынтық ем жастан раушан гүлдер жайқалып тұрар көктемге,
Суындым неге, басымнан мүлде махаббат ұшып кеткен бе?
***
Патшалар мынау алтын жерлерді алады сатып күміске,
Өзге елдерді жаулап алуға дайындар сосын мініс те.
Жүз айласы мен мың қулықтарын қосып ап іске жеңеді,
Алайда олар тыныштық бермей еліне қайғы себеді.
Миллион жанды аяусыз мынау ажалдың жұтар құлқыны,
Патшаға дағы өлімнің соғар сағаты жетер бір күні.
Дәруіш болған әміршімін мен жинаған әскер сөздерден,
Найзағай сынды жырларыммен қиратам жауды кез келген.
Күш алып жатар сөздерім менің таусылмайтұғын шындықтан,
Теңіз боп шайып кетеді лезде жырларым жауды ынтыққан.
Ұзақ жолдарға сапарлап жүрер қазына артқан бұл кеме,
Отырғызбайды жазықсыз жанды тастай қараңғы түрмеге.
Әлемнің нәрін бойына жиған сөздерім менің өшпейді,
Уақытпен бірге жайқалып әсем гүлдерге орар төскейді.
Билеушілердің жақсылығына мен зәру жан да емеспін,
Оюлап киген басымда тәжім, қол жеткізбейтін елеспін.
Самғайтын сонау қырандай көкте қылыш қанатты еркінмін,
Жырымды сүйіп тыңдаушылардың кіргізгем талай көркін мың.
Қу құлқыныңды тойғызатұғын несіне нанға желпіндің,
Өлмейтін мәңгі жырымды тыңдап, келіңдер енді, серпілгін!
***
Өмірімді құрбан етіп, бірақ бақыт таппадым,
Жалбарындым талай рет, кіре алмадым баққа мың.
Шаштым жолға, айырылдым қолымдағы барымнан,
Сонда дағы Сенің жұпар бальзамыңды жақпадым.
Айтар болсам сол кездерде бастан өткен азапты,
Салыстыра алмас едің оныменен тозақты.
Қыбырлаған құмырсқадай тірлік еттім жанкешті,
Кездестіре алмадым мен Сүлеймендей ғажапты.
Жалғыз қалған бұлбұлдайын раушан гүлге сайрадым,
Торға түскен тоты құстай кеудеме мұң байладым.
Жақын тұрмын мақсатыма деп алдадым өзімді,
Көрмедім мен күткен жанды барсам дағы тойға мың.
Мен Физули, кедей жанмын. Қош бол енді, Сұлулық,
Еш жерден де көрмедім мен жанға жағар жылулық!
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ