Қазақ халқында ежелден «Қыз білімді болса – ұлт білімді», «Анасы оқығанның баласы тоқыраған емес» деген сөз бар. Қазақ айтса, қалт айтпайды. Демек, қоғамның дамуы мен ұлттың өркендеуіне әйелдің, әсіресе білімді әйелдің орны ерекше. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықты сақтай отырып, жаңашылдыққа бейім, саналы ұрпақ тәрбиелеу – ең алдымен әйел адамның, білімділігіне байланысты.
Қазақ тарихына көз салсақ, Зере әжеміз тектілік пен имандылықтың шынайы үлгісі. Әрбір ісі мен сөзінде шынайылықты ұстанған дана ана болған. Халық арасында «Құнанбайды дәретсіз емізбеген» деген сөз қалған. Бұл – жай ғана әңгіме емес, ананың ұрпағына деген ерекше жауапкершілігі, «Бала – Алланың аманаты, аманатқа таза ниетпен қарау керек» деген түсініктің көрінісі. Құнанбай тектілікпен өскен, Абай – сол тектіліктің жалғасы. Түптеп келгенде, Зере әжеміз Абайдың ой-санасының қалыптасуына ықпал еткен рухани ұстаз.
Ел анасы Айғаным жастайынан білім алып, жеті жұрттың тілін білген. Әкесінен парсы, шағатай, араб тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының шығармаларын оқыған. Уәлиханмен отасқан он жеті жылдың ішінде төрт ұл, екі қыз дүниеге әкеледі. Қанша балалы болғанымен, табанынан от шыққан, ел ісіне де бірге араласқан дана әйел болды. Айғанымның ең сүйікті немересі Шоқанның тәрбиесіне сіңірген еңбегі бір төбе. Қазақ ойшылының жарық жұлдызы, болашақ ұлы ғалым Шоқан бес жасында хат танып, жеті жасында жеті түрлі ұлттың тілін білсе, бұл тікелей Айғаным әжесінің ықпалы еді.
Зере мен Айғаным аналарымыз қандай ұлағат иесі болса, ислам әлемінде Хадиша мен Айша аналарымыз да сол биікті толықтырып тұрған алып тұлғалар.
Хадиша анамыз – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алғашқы жары, исламды алғаш қабылдаған әйел және ислам әлемінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан текті тұлға. Ол тек байлығы мен әулеттік мәртебесімен емес, парасаттылығы мен әділдігімен танылған. Халық Хадиша анамызға «Тахира» – таза, пәк әйел деген ат қойған. Ислам дінінің алғашқы жылдары қиындыққа толы болды. Сол жылдары Хадиша анамыз өз байлығымен мұсылмандарға демеу көрсетті. Мұсылман әйелінің ең жоғары үлгісі – тектілігі мен иманы, кәсіпкерлігі мен әлеуметтік белсенділігі, жұбайлық адалдығы оны әлемдегі ең текті ана мен жар етті. Ол тек өз дәуірінде ғана емес, бүгінгі және болашақ ұрпақтың да рухани тәрбиешісі болды.
Айша анамыз Пайғамбарымыздан шариғат, фиқһ, хадис ілімдерін жеткізген ислам әлеміндегі ең білімді әйелдердің бірі. Пайғамбарымыз оған деген сүйіспеншілігін «Хумәйра» деп лақап ат қою арқылы білдірген. Алла елшісі: «Дініміздің жартысын осы Хумәйрадан үйреніңдер», – деп насихат еткен. Айша анамыз Алла елшісімен бірге тәһәжжуд намазын үзбей оқыған. Пайғамбарымыз дүние салғаннан кейін де бұл ғибадатын жалғастырған. Пайғамбарымыз бақиға аттанғаннан кейін Айша анамызды мұсылман қауымы ерекше құрметтеп, төбесіне көтерді. Оның үйі ер мен
«Алып – анадан» деп қазақ алыпты анаға теңейтіні тегін емес. Шынында да, ел бастаған көсем де, топты жарған шешен де, семсерін көкке сермеген батыр да, ой кенін қазған ғалым да, әлемді аузына қаратқан дарын да – анадан туады. Үлгі аларлық тәрбие мен ілім ең алдымен ана арқылы беріледі. Анадан берілген тәрбие мен білім – тек бір отбасы үшін ғана емес, тұтас ұлт үшін баға жетпес байлық. «Білімді әйел – болашақтың нұры». Ана арқылы берілген ілім мен тәрбие ұрпаққа жарық жол, елге береке, ұлтқа қуат сыйлайтын мәңгілік аманат.
Нығмет Ботакөз
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Д.Қамзабекұлы, Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар Астана 2015
- Кулькибаева.А Алғашқы мұсылман хазіретті Хадища Алматы «Көкжиек- КБ» 2016
- Ілім десе алғаш ойға оралатын әйел кім ? ummet.kz .- Электронды ресурс.

