АТАУЫ
Бақара сөзінің мағынасы «сиыр» дегенді білдіреді. Бұл жайында сүренің 67-аятында: «Сол уақытта Мұса (Ғ.С.) қаумына: «Алла, бір сиыр бауыздауларыңды бұйырды» деген.Бақара сүресінің басқа атаулары: Гүл, Құранның шыңы, Құранның мырзасы, Құранның шатыры.
РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ
Реттілігі жағынан екінші сүре, Құрандағы ең ұзақ сүре, аят саны – 286, көпшілік аяты Мәдина қаласында алғаш түскен аяттардан болып саналады. Бақара сүресі Құранның 1,2 және 3-парасында 2-49 беттерде орналасқан.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Бұл сүренің басы мүмин-мұсылмандардың сын-сипаты жөнінде сөз қозғап, кейін кәпірлер және екі жүзді мұнапықтар туралы әңгіме негізінде жалғасады. Алла Тағала бұл үш топтың әрқайсысына арнайы тоқталады, оларға түсінік беріп, қай топтың құрамында өмір сүруді адам баласының өз қалауына қалдырады. Бұл сүреде ораза, намаз, зекет құлшылықтары, жанұя, сауда-саттық, мұра, қарым-қатынас мәселелері сөз етіледі.
АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Имам Тирмизи Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар! «Бақара» сүресі оқылған үйге шайтан кірмейді»[1], – деген.
«Аятул-Курси» оқыған адам әртүрлі сиқыр, тіл-көз, жын тиюден аман болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Аятул Курсиді» таңертең оқыған пенде кешке дейін, ал кешке оқыған пенде таң атқанға дейін Алла Тағаланың қорғауында болады»[2], – деген.
ІНЖУЛЕРІ
[тақуа жандарды тура жолға бастаушы]
Міне, (мұғжиза) Кітап. Онда (яғни, оның көктен түскен илаһи кітап екендігінде) еш күмән жоқ. Ол – (Аллаға толық бойсұнған, күнә атаулыдан барынша сақтанатын) тақуа жандарды тура жолға бастаушы.
(Әл-Бақара сүресі 2- аят)
[мүміндердің сипаты]
Міне, солар ғайыпқа (яғни, сезім мүшелерімен сезіліп-білінбейтін тылсым әлемге) кәміл сенеді, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және Біз өздеріне ризық етіп берген (мал-мүлік, күш-қуат, ақыл-парасат, білім, т.с.с.) нығметтерден (Алла разылығы үшін, міндет етпей игі мақсатта) жұмсайды.
(Әл-Бақара сүресі 3- аят)
[қате таңдау]
Міне, солар – тура жолды таңдаудың орнына адасушылықты сатып алғандар. Бұл саудадан олар титтей де пайда көрмеді. Өйткені олар әу бастан табысты жолды таңдамаған еді.
(Әл-Бақара сүресі 16- аят)
[екіжүзділердің жағдайы]
Жарқ-жұрқ еткен найзағай олардың көзін көр ете жаздайды. Олар найзағай жарқ етіп, жарығын түсірген сайын жүреді де, жарық сөнгенде, тоқтай қалады. Егер Алла қаласа, (күннің күркіреуі мен найзағайдың жарқылын одан сайын күшейтіп) олардың құлағын керең, көзін көр етер еді. Шүбәсіз, Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. (Міне, мүміндердің, кәпірлердің және екіжүзділердің жағдайы осындай).
(Әл-Бақара сүресі 20- аят)
[Құраннің бір сүресін жаза аласың ба?]
Егер құлымызға түсірген Құранның ақиқаттығына шәк келтірсеңдер, қане, соған ұқсас бір ғана сүрені ойдан шығарып көріңдерші, сондай-ақ егер (Мұхаммед оны өз ойынан шығарған деген) сөздерің рас болса, (онда сол бір ғана сүрені ойдан шығару үшін) Алладан басқа өздерің сенетін бүкіл медеткерлеріңді (шайырларың мен пұттарыңды) жәрдемге шақырыңдар.
(Әл-Бақара сүресі 23- аят)
[маса Алланың ұлы жаратылысы]
Алла (ақиқатты жеткізіп, құлдарының жүрегіне иман нұрын ұялату үшін) масаны, тіпті одан да кіші немесе үлкен жаратылысты мысал етіп беруді ар көрмейді. Иман келтіргендер (осы мысалдың хикметін түсінгендіктен) оны Раббыларынан жеткен ақиқат деп біледі. Ал кәпірлер болса: «Алла бұл мысалмен не айтпақшы һәм не істемекші?» − деседі.
(Әл-Бақара сүресі 26- аят)
[адам Алланың жердегі халифасы]
Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын», – дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда, жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?! Біз бір Өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкіршілік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екеніңді жар салып, бір Өзіңді ұлықтаудамыз ғой!» – деді. Сонда Алла оларға: «Расында, Мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін», – деді.
(Әл-Бақара сүресі 30- аят)
[намаз кімдерге ауыр?]
(Аллаға құлшылық етуде, күнә атаулыдан сақтануда һәм бастарыңа ауыртпалық түскенде) сабырлылық танытып, намаз оқып, (Алладан) медет тілеңдер. Расында, бұл – Алладан шын именетін һәм Оған тиісінше тағзым ететін жандардан өзгелерге тым ауыр келеді.
(Әл-Бақара сүресі 45- аят)
[алапат күнінен қорқыңдар]
Сондай-ақ біреудің күнәсін біреу арқалап, біреудің қарызын біреу төлей алмайтын, ешкімнің шапағаты қабыл болмайтын (яғни біреу біреуге шапағат етіп, араша түсе алмайтын), ешкімнен (азаптан құтылуы үшін) ешқандай өтем, төлем алынбайтын және ешкімге ешқандай жәрдем берілмейтін (әркім өз басымен қайғы болатын) алапат күннен қорқыңдар һәм (бір Аллаға иман келтіріп, игі істер атқару арқылы) алдын-ала сақтаныңдар.
(Әл-Бақара сүресі 48- аят)
[кейбір адамдардың пайымы]
Олар: «Санаулы күндер болмаса, тозақ оты бізге әсте тимейді», – дейді. Оларға: «Алладан уәде алып па едіңдер?! Онда Алла уәдесін әсте бұзбайды. Жоқ әлде, Аллаға өздерің нақты білмейтін нәрселерді теліп жүрсіңдер ме?!» – де.
(Әл-Бақара сүресі 80- аят)
[өлімнен қашқандар]
Алайда олар өз қолымен істеген күнәлары тұрғанда, (Алламен қауышуды қаламайды, сондықтан да) өздеріне әсте өлім тілемейді. Алла күнәға белшесінен батқан ондай залымдарды өте жақсы біледі.
(Әл-Бақара сүресі 94,95- аяттар)
[қорқыныштан құтылған адам]
Жоқ, олай емес! Ізгілікке кімде-кім Алланы көріп тұрғандай, ең болмағанда Алланың өзін көріп, бақылап тұрғанын жадында ұстап ізгі істер атқаратын игілікке жаны құштар ізгі жан ретінде жан-тәнімен бір Аллаға бойсұнса, оның Раббысының дәргейінде алар сыйы бар. Ондай жандар үшін (Алланың Өзі жар болатындықтан әсіресе ақиретте) ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар әсте жабықпайды.
(Әл-Бақара сүресі 112- аят)
[ең залым адам]
Алланың мешіттерінде Оның есімін еске алуға (құлшылық етуге) тыйым салып, оларды қаңыратып қою әрі қирату үшін дамыл таппай жанын салып, шапқылап жүргеннен асқан залым бар ма?! Олар мешіттерге қорыққан күйде ғана кіруге лайық. Олар үшін бұл дүниеде қорлық, ал ақиретте алапат азап бар.
(Әл-Бақара сүресі 114- аят)
[теңдессіз құдірет иесі]
Ол – күллі аспан әлемі мен жерді ешқандай үлгіге қарамай-ақ жоқтан бар еткен шебер Жаратушы. Ол – (уақыт пен мекеннен жоғары), Өзі ешкімге және еш нәрсеге ұқсамағанындай ісі де ешкімнің ісіне ұқсамайтын шексіз құдірет иесі. Ол бір нәрсе қаласа, тек қана: «Бол!» – дейді, (сонда ол бірден) болады.
(Әл-Бақара сүресі 117- аят)
[әркімнің өз жүгі бар..]
Сондай-ақ біреудің күнәсін біреу арқалап, біреудің қарызын біреу төлей алмайтын, ешкімнен (азаптан құтылуы үшін) ешқандай підия, төлем алынбайтын және ешкімге ешқандай шапағат пайда бермейтін (яғни біреу біреуге шапағат етіп, араша түсе алмайтын) һәм ешкімге ешқандай жәрдем берілмейтін (әркім өз басымен қайғы болатын) сондай алапат күннен қорқыңдар һәм алдын-ала сақтаныңдар.
(Әл-Бақара 123- аят)
[Ибраһим пайғамбардың дұғасы]
Сол кезде Ибраһим: «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт шаһар қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға һәм ақирет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидек, көкөністерден ризық бергейсің!» – деп жалбарынды. Сонда Алла: «(Ризықты тек мүміндерге емес бәріне беремін. Алайда) араларынан кімде-кім (берген нығметтерім үшін шүкіршілік етпей) күпірлік қылса, оған (бұл дүниеде) аз ғана уақыт ризық-несібе беріп, өмірдің қызығын көрсетемін де, содан кейін оны тозақ азабына душар етемін. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!» – деп айтты.
(Әл-Бақара 126– аят)
[Ибраһим пайғамбардың дұғасы]
Уа, Раббымыз! Екеумізді бір Өзіңе ғана мойынсұнатын мұсылман еткейсің! Нәсілімізден де бір Өзіңе ғана мойынсұнатын мұсылман үмбет шығарғайсың! Һәм бізге құлшылық рәсімдерімізді көрсетіп, тәубелерімізді қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен – шынайы тәубелердің барлығын қабыл етушісің һәм (тәубеге келіп, Өзіңе бет алған құлдарыңа) ерекше мейірімдісің!
(Әл-Бақара 128- аят)
[орта жолды ұстанайық!]
(Уа, Мұхаммедтің үмбеті!) Міне, осылайша сендерді адамдарға ақиқатты көрсетсін һәм олардың істеріне куә болсын, сондай-ақ Алла елшісі де сендерге дәл солай куә болсын деп, (төрт аяғын тең басқан үлгілі де қайырлы, сенімі мен әр ісінде әсіре-сілтеушілік пен немқұрайдылықтан ада) ортан үмбет қылдық.
(Әл-Бақара 143- аят)
[ескерусіз қалғың келмесе..]
Ендеше, сендер Мені әрдайым жад етіңдер (яғни әрдайым құлшылық етіп, еске алыңдар), сонда Мен де сендерді ескеремін. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпіршілік қылмаңдар (яғни алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісін істемеңдер).
(Әл-Бақара 152 – аят)
[сабыр түбі – сары алтын]
Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер.
(Әл-Бақара 155 – аят)
[айналаң толған дәлел]
Күллі аспан әлемі мен жердің жаратылысында, түн мен күннің бір ұзарып, бір қысқарып, бірін-бірі қуалап алма-кезек алмасуында, адамдардың пайдасы үшін теңізде жүзген алып кемелерде, Алланың аспаннан жауын жаудырып, сол арқылы өлі жерге жан бітіруінде, жер бетіне жайған барлық тіршілік иелерінде, желдердің мың құбылып соғуында және аспан мен жердің арасындағы Алланың әмірінде болған бұлттарда ақылға салып ойлана білетін қауым үшін (Алланың құдіреті күшті жалғыз жаратушы екенін көрсететін) сан алуан дәлелдер бар.
(Әл-Бақара 164 – аят)
[адамның бірінші дұшпаны]
Әзәзіл шайтанның басқан ізімен жүрмеңдер. Шүбәсіз, ол – сендерге анық дұшпан. Шынайы түрде ол сендерге жамандықты, арсыздықты және Аллаға қарсы білмейтіндеріңді айтуды нұсқайды.
(Әл-Бақара 168, 169- аяттар)
[бабалар да кейде қателеседі]
Оларға (яғни шайтанға ергендерге): «Алланың түсірген Кітабына еріңдер (соны ғана басшылыққа алыңдар) делінсе, олар: Жоқ, біз керісінше ата-бабаларымыздан не көрсек, соны ғана басшылыққа аламыз», – дейді. Сонда ата-бабалары еш нәрсенің байыбына бармаған әрі тура жолды таба алмаған болса да ма?!
(Әл-Бақара 170 – аят)
[ораза тақуалыққа жетелейді ]
Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер.
(Әл-Бақара 183 – аят)
[«дұғам қабыл болсын» десең..]
(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын. Ендеше, олар да Менің үндеуіме оңды жауап берсін һәм Маған тиісінше иман келтіріп, соның арқасында (ақыл-ой әрі рухани тұрғыдан) кемелдену жолына түссін.
(Әл-Бақара 186 – аят)
[пара беру және арам жолмен мал табу]
Бір-біріңнің мал-мүлкін (ұрлау, тонау, алдап-арбау, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойындары секілді) харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ оларды (яғни мал-мүліктеріңді) өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар.
(Әл-Бақара 188 – аят)
[тиянақты істі Алла сүйеді]
Әрдайым жақсылық жасаңдар, істеріңді барынша тиянақты етіп істеңдер. Шүбәсіз, Алла (әр ісі тиянақты, игілікке жаны құмар) ізгі жандарды жақсы көреді.
(Әл-Бақара 195 – аят)
[дүние алдамшы]
Кәпірлерге бұл дүниенің тіршілігі көз жауын алатын тым тартымды болып көрінеді. Олар иман келтіргендерді (бұл дүниеге аса ынтық болмағандары үшін) мазақ қылады. Шынтуайтында, жүректеріндегі иманды тақуалықпен безендірген ізгі жандар қиямет күні олардың үстінде (яғни жұмақта, ал қалғандары төменде, жаһаннамда) болады. Алла қалаған құлына қисапсыз ризық-несібе береді.
(Әл-Бақара 212 – аят)
[жақсылықты кімнен бастаймын?]
(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен Алла жолында кімге не беру керектігі жайлы сұрайды. Оларға былай деп айт: «Қандай дүниеден (зекет немесе нәпіл садақа ретінде) не берсеңдер де, алдымен ата-анаға, содан кейін ең жақын туыстарға, жетімдерге, пақыр-міскіндерге және еліне жете алмай жолда қалған мүсәпір жолаушыға беру керек. (Кімге) қандай жақсылық жасасаңдар, Алла оны сөзсіз біледі».
(Әл-Бақара 215 – аят)
[сен қайырлы деп ойлаған нәрсе]
Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер.
(Әл-Бақара 216 – аят)
[жетім көрсең жебей жүр]
Олар сенен жетімдер жайлы (яғни оларға және мал-мүліктеріне қатысты қандай ұстанымда болу керектігін) сұрайды. Сұрағандарға былай де: «Оларға жақсылық жасау (дұрыс тәрбие беріп, мал-мүліктерін көбейту оларды мүлдем қараусыз қалдырудан) әлдеқайда қайырлы іс. Егер қарайласу мақсатында оларды бауырларыңа басып, етене араласатын болсаңдар, әлбетте, олар – сендердің (діндес) бауырларың.
(Әл-Бақара 220 – аят)
[балаға жәрдемақы төлеу – Құранда жазылған]
Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін. Бұл (үкім) баланы толық әрі жақсылап емізгісі келгендер үшін. Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың әкесінің міндеті.
(Әл-Бақара 233 – аят)
[жесір әйелдің күту мерзімі]
Араларыңнан қайтыс болған ер адамдардың артында тұл қалған жұбайлары аза тұтып (яғни айттырылмай, күйеуге шықпай және сәнденбестен) төрт ай он күн күтеді.
(Әл-Бақара 234 – аят)
[Аллаға қарыз берген адам]
(Дүниесін Алла жолында жұмсау арқылы немесе мұқтаждарға зекет-садақа беру арқылы) Аллаға жақсы қарыз беретін кім бар, Алла оның берген қарызын еселеген үстіне еселей түссін (көбейтіп қайтарсын).
(Әл-Бақара 245 – аят)
[жаумен бетпе-бет келгенде (дұға)]
«Уа, Раббымыз! Бізге сарқылмас сабыр бергейсің! Бізді (соғыс майданында) табанды да қайтпас қайсар қылғайсың! Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем беріп, жеңіске жеткізгейсің!» – деп жалбарынды.
(Әл-Бақара 250 – аят)
[Аятул Күрсі]
Алла, Одан басқа құдай жоқ. Ол – Хай (мәңгі тірі), Қаййум (еш нәрсеге арқа сүйемей күллі болмысты бір Өзі тіреп, меңгеріп тұрушы). Ол әсте қалғымайды, Оны (ғапылдық та,) ұйқы да баспайды. Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі барлық нәрсе бір Өзіне тиесілі. Оның дәргейінде рұқсатынсыз біреу үшін шапағат етіп, ара түсе алатын кім бар? Ол күллі жаратылыстың алдындағы болашағын да, артындағы өткенін де толық әрі жақсы біледі. Ал олар болса, Оның шексіз ілімінен еш нәрсені толық ұға да, меңгере де алмайды, тек Оның Өз қалауымен ұғындырып, үйреткен нәрсесі болса, оның жөні басқа. Оның (шексіз билігінің көрінісі болған) Күрсісі күллі аспан әлемі мен жерді толық қамтыған. Күллі аспан әлемі мен жерді қызғыштай қорып, сақтап тұру Ол үшін бұйым емес, Ол – Али (бәрінен биік, асқақ), Азим (бәрінен ұлы).
(Әл-Бақара 255 – аят)
[дінде зорлық жоқ]
Дінде (хақ дінді үгіттеуде және қабылдауда) зорлық жоқ, (өйткені) тура жол мен теріс жолдың, ақиқат пен жалғанның ара жігі толық ажырады.
(Әл-Бақара 256 – аят)
[Алла жолында дүниені сарып етудің мысалы]
Мал-пұлын Алла жолында сарп ететіндердің мысалы жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек секілді. Алла қалаған пендесіне еселеп береді. Алла – Уасиғ (өте кең, сондай жомарт), Алим (құлдарының барлық жай-күйін өте жақсы білетін шексіз ілім иесі).
(Әл-Бақара 261 – аят)
[жақсылығыңды міндетсінбе!]
Уа, иман келтіргендер! Мал-пұлын ел-жұрт көрсін деген ниетпен жұмсайтын, Аллаға һәм ақирет күніне сенбейтін адамға ұқсап, берген садақаларыңды міндетсіну немесе (садақа алған жандарды) ренжітетіндей әрекеттерге бару арқылы зая қылмаңдар. Ондай адамның мысалы бейне бір бетіне аз ғана топырақ жұққан жып-жылтыр тасқа ұқсайды. Нөсер жауыннан кейін топырағы шайылып, жалтыраған қап-қатты тас екені білініп қалады. Ондайлар (о дүниеге барғанда ел-жұртқа көз қылып) жасаған қайырымдылықтары үшін (сауап тұрғысынан) еш нәрсеге қол жеткізе алмайды. Алла кәпір қауымды тура жолға салмайды һәм әсте оңғармайды.
(Әл-Бақара 264 – аят)
[шайтан қалай қорқытады?]
Шайтан сендерді (зекет, садақа берсеңдер, дүниелерің ортайып қалады деп) кедейлікпен қорқытады. Сондай-ақ сендерге сараңдықты, дүниелеріңді керісінше күнәлі, арсыз істерге жұмсауды бұйырады. Алла тағала болса, сендерге тарапынан кең кешірім және мол шарапат уәде етеді.
(Әл-Бақара 268 – аят)
[даналық, хикмет – ұлы нығмет]
Ол хикметті (даналықты) қалаған пендесіне нәсіп етеді. Кімге даналық берілген болса, расында, оған қыруар игілік берілгені. Алайда (бұл ақиқатты) тек шынайы ақыл иелері ғана терең түсініп, ғибрат ала алады.
(Әл-Бақара 269 – аят)
[ең соңғы түскен аят]
Бірің қалмай Аллаға қайтарылатын сол бір алапат күннен қазірден бастап қорқыңдар (сақтаныңдар). Содан кейін әрбір жанға (дүниедегі жақсы, жаман істерінің) қарымы толық қайтарылады һәм олардың бірде-біріне әділетсіздік жасалмайды.
(Әл-Бақара 281 – аят)
[Қарыз алсаң жазулы болсын..]
Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңе белгілі мерзімге дейін қарыз бергендеріңде, оны жазып қойыңдар.
(Әл-Бақара 282 – аят)
[иманды құлдың сипаты]
Хақ елші өзіне Раббысынан (уахи арқылы) түсірілген (Құран мен сүннетке) қалтқысыз иман келтірді, (маңайындағы) мүміндер де (иман келтірді). Олардың әрқайсысы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына толық иман келтіріп: «Біз Оның елшілерінің ешбірін бөліп-жармаймыз (бәріне бірдей сенеміз)», – деді. Сондай-ақ олар: «Біз (Раббымызға иман келтіруге үндейтін шақыруды) естідік және (үндеуге құлақ асып) қалтқысыз мойынсұндық. Уа, Раббымыз! Біз Сенің кең кешіріміңді тілейміз және түбінде Өзіңе қайтамыз», – деп айтты.
(Әл-Бақара 285 – аят)
[әр кез оқитын дұға]
(Сендер былай дұға етіңдер): «Уа, Раббымыз! Егер (Өзіңнің разылығыңа бөленеміз деп жүріп бір нәрсені) ұмытып кеткен немесе білмей қателік жасаған болсақ, сол үшін бізді жауапқа тарта көрме! Уа, Раббымыз! Бізден бұрынғы үмбеттерге (уақыттың, сол кездегі жағдайдың талаптарына һәм олардың кейбір қылықтарына сай тәрбиелік мақсатта ауыр міндеттер) жүктегеніңдей бізге ондай ауыр міндеттер жүктей көрме! Уа, Раббымыз! Бізге шамамыз жетпейтін міндеттерді арта көрме! Күнәларымызды кешкейсің, бізді кешіргейсің және бізге жанашырлық танытып, мейіріміңе бөлегейсің! Сен біздің Иемізсің, қамқоршымыз әрі қорғанымызсың! Бізге мына кәпірлер қауымына қарсы (күресте) жәрдем беріп, жеңіске жеткізе көр!»
(Әл-Бақара 286 – аят)
[1] Тирмизи хадистер жинағы
[2] Нәсәи хадистер жинағы

