Осыған дейін әлеуметтік желіде елордада жаңадан салынып жатқан мешітке ұқсас ғимараттың суреттері пайда болған еді. Өндірістік компанияның директоры Сағындық Жамболатов Tengrinews.kz тілшісіне салынып жатқан ғимараттың расында да мешіт болатынын айтты.
«Қазақстанда мешіттердің екі түрі бар – өзбек және татар стилінде. Солтүстік Қазақстандағылар көбіне татарлардың стиліндегі мешіттерді салады, ал оңтүстіктегілер өзбектердің немесе ирандықтардың стилінде салады. Ал, біз салып жатқан мешіт қазақша стильде болады», – дейді Сағындық Жамболатов.
Сондай-ақ, ол мұндай мешіттің жобасы ешқандай да дінге қайшы келмейтінін айтып өтті. Оның айтуынша, осындай стильдегі мешіттер Малайзия мен Германияда бар. Оның айтуынша, мешіттің ішкі дизайны мешітке келушілерді өзіндік ерекшелігімен таңғалдырады.
«Мешіттің іші одан да қызығырақ болады. Ерекше болады. Біз белгілі бір мағынасы болатын нысандарды саламыз. Қазақтардың рухани мұрасы өте бай. Сондықтан біз мешіттің жобасын философиялық етіп салып жатырмыз», – дейді Сағындық Жамболатов.