Еліміздің бетке ұстар ақындарын теледидар арқылы ғана танитын қызылжарлықтар облыс орталығындағы жастар сарайында өткен республикалық айтыста оларды өз көздерімен көргенде қолдарын құшырлана соқты. Соңғы 15 жылдың ішінде мұндай айтыстың Қызылжар өңірінде бірінші рет өткізілуіне кәсіпкерлердің де көмегі тиді. «Қызылжар» орталық мешіті де өз үлесін қосты.
Айтыс он екі ақынды тоғыстырды. Көбісі – кілең жүйріктер. Мәселен, Асланбек Шұғатаев, Дидар Қамиев, Мақсат Ақанов сияқты талай топтан озғандар. Қызылжар өңірі қос ақыны – Мұхамед Қоңқаев пен Жұмабек Рақымовты қосты.
Ақиқаттың алмас қылышындай жарқылдаған небір ақындар кең залды кернеп көрермендердің қошеметіне бөленді. Нәтижесінде қарсыласына жол бергеніне қарамастан, бас бәйгені Асланбек алды. Республикалық айтысқа алғаш рет қатысқан қызылжарлық Қоңқаев екінші орын алып, ерлікке тең көрсеткішке қол жеткізді. Бұл күні ешкім де жүлдесіз қалған жоқ.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі