Еліміз жас та болса тарихы тереңде жатқан мемлекет. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда еліміз үшін тарихи тың деректермен қатар жаһандану ылаңына тосқауыл болар, болашақ дамуға кедергі келтіретін теріс түсініктердің алдын алатын туындылар алтыннан да артық қазына екені даусыз. Міне осындай құнды қос дүние «Қазақстанның ортағасырлық тарихына қатысты араб дереккөздері» және «Дінде шектен шыққандар» деген атпен жарыққа шықты.
Қос кітап «Нұр-Мүбарак» университетінің «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан дайындалғанын айта кетейік, әрі, сарапшылар мен пікір жазғандар елімізге ғана емес халықаралық деңгейдегі ғалымдар.
Алғашқы кітапта Қазақстанның ортағасырлардағы тарихына қатысты арабтілді және парсытілді авторлар еңбектерінің деректері тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, ғылыми, биографиялық түсіндірмелерімен айналымға ұсынылған. Отан тарихының мазмұнын байытатын құнды деректер негізінде түркі-ислам өркениетінің түп-төркініне батыл қадамдар жасалған. Жалпы редакцияны филол.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім басқарған. Ал мәтіндерді қазақшаға аударып, ғылыми түсініктерін жазған т.ғ.к., доцент Зибагүл Илясова және Ержан Ораз. Ал пікір жазушылар тарихшы-профессорлар Б.Е.Көмекбаев пен Ә.Қ.Мүминов. Жаңа еңбек шығыстану, исламтану, дінтану мен тарихы саласының мамандарына және жоғары оқу орындарының студенттері мен магистрант, докторанттарына, сондай-ақ көпшілік оқырман қауымға арналған. Кітап ҚР МСМ «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеумен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы аясында жарыққа шықты.
Ал, «Дінде шектен шыққандар» кітабының авторы Мысыр елінің мүфтиі доктор Әли Жұма. Бұл діни ілім-білім төңірегінде жазылған таптырмайтын құнды еңбектердің бірін мысырлық ғалымның ұзақ зерттеу мен терең талдауларының жемісі деуге болады. Онда қазіргі ислам атын жамылған теріс бағыттағы топтардың ұстанған жолы, шектен тыс мән берген мәселелері жан-жақты сараланады. Кітап дерт пен дауа түрлерінің қыр-сырын жақсы таныған білікті дәрігердің берген бағыт-бағдары іспеттес. Сондықтан, өзін теріс ағым жетегінен сақтандыруды ойлаған әрбір мұсылман үшін таптырмайтын туынды. 2012 жылы Мысыр елінде араб тілінде жарыққа шыққан кітап қоғам сұранысына ие болып қазақшаға аударылып, оқырманға жол тартты. Аудармашылар елімізге белгілі ғалымдар PhD докторы Алау Әділбаев және исламтанушылар Ризабек Батталұлы мен Бауыржан Әлиұлы. Кітап дін саласының мамандары мен қызметкерлері, дін мәселесіне бей-жай қарамайтын оқырман қауымға арналған.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасынан өтіп, ҚМДБ сараптау комиссиясы мақұлдаған.
Ендеше, қазақ елінің болашағына бей-жай қарамайтын оқырман қос еңбектің құндылығын да бағалай біледі деген үміттеміз.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі