Петропавл қаласындағы облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айына орай ұйымдастырылған рухани Мәуліт кеші өтті. «Көркем мінездердің кемелі» атты бұл тағылымды шара өңір жұртшылығын бір арнаға тоғыстырып, имандылықтың мән-маңызын тереңнен түсіндірген рухани кешке айналды.
Шараға Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы, жергілікті зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты және қала тұрғындары қатысты.
Кеш барысында пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен Ислам дінінің адамгершілікке, бауырмалдық пен сабырлыққа негізделген құндылықтары кеңінен сөз болды. Қатысушыларға арналған уағыз-насихаттарда көркем мінездің қоғамдағы орны, мұсылманның әдебі мен жауапкершілігі жайлы терең ойлар қозғалды.
Рухани кешке көркемдік сипат беріп, көпшілік көңілін бір серпілткен – шағын айтыс көрінісі мен ұлттық күй өнері болды. Қазақы болмыс пен рухани дүниені ұштастырған бұл көріністер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан жамағатқа арнайы дайындалған бағалы сыйлықтар табыс етіліп, кештің берекесі мен мазмұны одан әрі арта түсті. Сондай-ақ, мешіт қызметкерлеріне шипажайға сертификаттар табыс етілді.
Мұндай игі шаралар – халықтың рухани дамуына, дін мен дәстүр сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Мәуліт кеші көпшіліктің жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп, имандылыққа бастар жолды айқын көрсетті.






