АТАУЫ
Мәидә сөзінің мағынасы «Ас толы дастархан», дегенді білдіреді. Діни кітаптарында Нисә сүресі басқаша «Ъуқуд» (келісімдер) деп атайды. Бұлай аталуы алғашқы аятында осы сөз келген, пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінде «Мунқизә» (азап періштелерінен құтқарушы) деп келген.
РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ
Құранғы реттілігі жағынан бесінші сүре, Құрандағы ұзын жеті сүренің бірі, аят саны – 120. Сүре ғалымдардың кейбір тұжырымы бойынша хижреттің алтыншы жылы, кейбір деректерде «Фатх» сүресінен кейін түсті делінген. Сүре құранның 6-7 парасында.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Сүреде әзірет Исаға (а.с.) ерген бір топ хауарилердің Алла Тағаладан көктен дастархан түсіруін өтінгеніне қатысты оқиға баяндалады, сол себепті бұл сүре «Мәидә», яғни, «дастархан» деп аталған. Сүреде негізінен құқықтық мәселелер қамтылған. Атап айтқанда: неке, аңшылық, адал ас, кәпірлерді дос тұту, ұрлық, кек алу, арақ, тазалық.
АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Мәидә сүресіндегі кейбір аяттар пайғамбарымызға (с.ғ.с) ең соңғы түскен аяттардың қатарында, ғұлама Қуртубидің тәпсір кітабында ол мына хадисті мысалға келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу құтпасында Мәидә сүресін оқып, былай деді: «Уа адам баласы маған Құрандағы ең соңғы түскен сүре Мәидә сүресі ондағы адал еткенімді адал, арам еткенімді арам тұтыңдар»[1] деген. Бұл дерек жоғарыдағы хижреттің алтыншы жылы түсті деген пікірге қайшы келмейді, өйткені Мәидә сүресінің түсуі бірнеше жылға жалғасқан.
ІНЖУЛЕРІ
Сендерге арам өлген мал, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан сойылған малдың еті харам етілді. Сондай-ақ жаны шықпай жатып (шариғатқа сай) бауыздап үлгергендеріңді қоспағанда, буынып, соққы жеп, биіктен құлап, сүзіліп немесе жыртқыш аңға таланып өлген малдың еті һәм пұттардың алдында сойылған және жебемен (яки басқа нәрсемен) бал ашып немесе құмар ойындарын ойнап тапқан малдың еті (мен басқа да азық түрлері) харам етілді.
(Мәидә сүресі 3-аят)
Уа, мүміндер! Намазға тұрар алдында беттеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін (яғни, шынтақты қоса) жуыңдар, бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобыққа дейін (яғни, тобықты қоса) жуыңдар. Егер бой дәреттерің бұзылса, бастан-аяқ жуынып бой дәрет алыңдар. Ал егер науқас немесе жолаушы болсаңдар, яки үлкен дәретке отырып келгеннен, не әйелмен қосылғаннан кейін (жуынатын) су таба алмасаңдар, таза топыраққа тәяммум соғып (яғни алақандарыңды таза топыраққа соғып), беттеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін сипаңдар.
(Мәидә сүресі 6-аят)
Міне, сондықтан да Исрайыл ұрпақтарына мына үкімді жаздық: кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады.
(Мәидә сүресі 32-аят)
Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (яки құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар.
(Мәидә сүресі 90-аят)
[1] Ахмад хадистер жинағы