ӘЛИ ИМРАН СҮРЕСІ

АТАУЫ

Әли Имран сөзінің мағынасы «Имран ұрпақтары», «Имран әулеті» дегенді білдіреді. Исраил қауымындағы Жақып (а.с.) пайғамбардың ұрпағынан тараған ең әйгілі Имран әулеті жәйлі қасиетті Құранда жан-жақты баяндалған олар жайында:  «шын мәнінде, Алла Тағала Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның әулетін әлемдерге ардақты етті»[1] Әли Имран сүресінің басқа атаулары: «Истиғфар», «Таибә», «Қазына», «Амандық».

         РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Құранғы реттілігі жағынан үшінші сүре, Құрандағы Бақара, Ниса сүресінен кейін ең ұзақ сүре, аят саны – 200, Сүре ғалымдардың тұжырымы бойынша хижреттің үшінші жылы Шәууәл айында Мәдина қаласында Әнфәл сүресінен кейін түскен деген дерек бар.  Құранның 4-парасында орналасқан.

         ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Бұл сүреде исламдағы екі негіз жайында бірі сенім және оған қатысты дәлелдер, екіншісі шариғат нақтырақ айтқанда соғыс, жиһадқа байланысты үкімдер. Сенім аясында кітаб иелерінің дінге, Құранға, пайғамбарға күмәндарына жауап беріледі. Бақара сүресінде яхудилер жайында көбірек сөз қозғалса, Әли Имран сүресінде христиандар олардың сенімдеріндегі қателіктер жайында сөз етеді. Сонымен қатар Бәдір, Ухуд соғыстары және олардың салдарлары жайында баяндалады. 

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Әбу Умамадан жеткен хабарда Алла елшісі (с.ғ.с): «Исму Ағзаммен дұға қылынса, дұға қабыл болады. Ол «Бақара», «Әли Имран», «Таһа» сүрелерінде», – деген.

Сағид бин Әби Һилалдан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қандай да бір адам «Бақара» және «Әли Имран» сүрелерін сәжде етуден бұрын бір рәкағат оқып, кейін Алладан қалаған қажетін сұраса, сол нәрсесі беріледі», – деген.

Осман бин Аффаннан жеткен риуаятта Алла елшісі: «Кім түнде «Әли Имран» сүресін оқыса, ол адам қияму ләйл (түнгі намаз) оқығанның сауабын алады», – деген.

ІНЖУЛЕРІ

(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт.

(Әли Имран  31 – аят)

Кімде-кім Исламнан басқа бір дін іздесе, (біліп қойсын), ол дін әсте қабыл болмайды.

(Әли Имран  85 – аят)

Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілік пен кемелдікке қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі.

(Әли Имран  92 аят)

(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар – (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер.

(Әли Имран  104 – аят)

Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді.

(Әли Имран  134 – аят)

(Уа, Мұхаммед!) Сен (сондай қиын шақта) Алланың рақымының арқасында ғана айналаңдағы адамдарға жұмсақ, биязы бола білдің. Егер дөрекі, тас жүрек болғаныңда, маңайыңдағылардың бәрі сенен безіп, жан-жаққа тарап кетер еді. Ендеше, оларға кешіріммен қара һәм олар үшін кешірім тіле, сондай-ақ олармен әр істе кеңесіп отыр. Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді.

(Әли Имран  159 – аят)

Әрбір тірі жан (бір күні) өлімнің дәмін міндетті түрде татады. Қиямет күні бұл дүниеде істеген істеріңнің қарымын толық аласыңдар.

(Әли Имран  185 – аят)

Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында ақыл иелері үшін (Алланың шексіз құдіреті мен шексіз билігін көрсететін) ғибратқа толы талай айқын белгілер (дәлелдер) бар.

(Әли Имран  190 – аят)


[1] Әли Имран сүресі 33-аят.

Return to Top ▲Return to Top ▲