2024 жылы ҚМДБ Цифрлық даму бөлімі Мүфтият жүйесін цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырды.
Бөлім меңгерушісі Тимур Орынханның айтуынша, Рамазан айы қарсаңында muftyat.kz сайтына Қазақстан бойынша 6 мыңға жуық елді мекеннің координаттары енгізіліп, «2024 жылға арналған Рамазан кестесін жүктеу» қызметі іске қосылды. Нәтижесінде, бір айдың ішінде 2,7 миллион рет ораза кестесі жүктелді.
«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2020 жылы іске асқан QURBAN2020 жобасы бүгінде qurban2024.kz атауымен жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бұл сайтқа заманауи дизайн, автоматтандырылған төлем жүйесі, жаппай SMS тарату және жетекші банктермен интеграция қосылды.
MUFTYAT APP мобильді қосымшасы іске қосылып, қолданушыларға діни басқарма жаңалықтары, пәтуалар, мақалалар, сұрақ-жауаптар, кітаптар, дәрістер мен уағыздарды ұсынатын платформаға айналды. Бұл қосымша алдағы уақытта жаңа функциялармен жетілдіріледі.
Ал қажылық маусымында іске қосылған Qajy Guide қосымшасы қажылар мен ұмра өтушілерге арналған тегін цифрлық көмекші болды. Қосымшада виртуалды тур, қажылық пен ұмраны өтеу тәртіптері, дұғалар, кітаптар, карта, хабарламалар және туроператорлар тізімі секілді ақпараттар қамтылды» дейді бөлім меңгерушісі.
Сондай-ақ Цифрлық даму бөлімінің ұйытқы болуымен 2024 жылы діни бағыттағы сұрақтарға жауап беретін fatua.kz сайты жаңартылып, заманауи интерфейспен қайта іске қосылды.