Солтүстік Қазақстанда болып жатқан семинардың соңғы күнінде жиналыс өткізіліп, онда қала және аудан имамдары тоқсандық қорытынды есептерін тапсырды. Есепте жыл басынан атқарылған іс-шаралар, атап айтқанда, уағыз-насихат, оқу-ағарту жұмыстары, қайырымдылық іс-шаралар, діни мерекелердің өту деңгейі, мешіттердің тіркелуі, сондай-ақ БАҚ-пен байланыс толық қамтылып, облыс имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы тарапынан нақты тапсырмалар мен міндеттер берілді.
Сондай-ақ жиналысқа Дін істері басқармасының өкілі мен облысымызда жаңа ашылған «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ-нің басшысы қатысты. КММ басшысы Нұрғали Оразалинов имамдармен арнайы танысу үшін келгенін айта отырып, алдағы уақытта ортақ мақсат жолында маңызды жұмыстарды бірлесе атқарылатынына сенім артты. Ал Дін істері басқармасының жетекші маманы Әбу Бәкір Карменов дін қызметкерлерінен мешіт құжаттарының толық болуын қамтамасыз етуді сұрады.
Жиын соңында облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде бір айлық курсты аяқтаған молдаларға сертификаттар табысталды.
Осылайша солтүстік өңірінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айқындап берген бағыт-бағдар бойынша атқарылған үш күндік семинар аяқталып, имам-молдалар осы семинардан алған пайдасын халық игілігіне жаратады деген сенімдеміз.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі