Хамзат Қажымұратұлы
Солтүстік Қазақстан облысы «Қызылжар орталық мешітінің» бас имамы
Құрметті қызылжарлық мұсылмандар қауымы!
Сіздерді барша мұсылман қауымының ең ұлық мерекесі Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемдегі мұсылман баласы үшін Жаратушымыздың белгілеп берген екі мейрамының ұлығы-Құрбан айт мерекесі. Бұл елдің бірлігі мен бауырластығын нығайтып, қанағат пен қайырымдылықты арттыра түсетін мейрам. Ұлтты ұйыстыратын осы ұлағаты мол дінді халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келеді.
Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Халқымыз «Бота алғанша бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан.
Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.
Қадірменді ағайын, бауырлар!
Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандықтарыңызды қайырымен қабыл еткей! Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жүзімізді жарық еткей! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай!
Бейбіт өмірді мұрат тұтқан мұсылман қауымының ұлық мерекесі құтты болсын, ағайын!