Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық Орталық Коммуникациялар қызметінде Құрбан айт мерекесіне байланысты баспасөз брифингі өтті.
Брифингке «Қызылжар орт алық мешітінің» бас имамының уақытша міндетін атқарушы наиб имам Алыпқашов Аян мен наиб имам Айтуған Тойбазар қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
27 маусым – Арапа күні болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні сағат 7-00 де басталатын Айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Яғни, аталмыш уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды.
Хадистерде айтылғандай, айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу.
Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбан шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп, яғни міндет.
Еске сала кетейік, ҚМДБ биыл да ел мұсылмандарының жеңілдігі үшін онлайн форматта етке тапсырыс беріп, өтініш білдіру үшін арнайы «Qurban 2023» жобасы, qurban2023.kz сайты іске қосылды. Бұл сайт арқылы шамасы келген азаматтар құрбандық шалу өкілдігін мешіттегі дін қызметкерлеріне табыстап қой және ірі қара секілді малдарға тапсырыс бере алады. Аталған сайт арқылы мұқтаж жандар ет алуға өтініштерін қалдыра алады. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен вацап нөмірге жіберіледі. Онлайн құрбан шалу туралы толық шарттары сайтта көрсетілген. Ескертетін жағдай, сайтта көрсетілген бағаға қасапшының ақысы да кіреді. Қызылжар қаласы бойынша Садовая базарының жанындағы Космонавт -2 (заңды мекенжайы-79) жер учаскесі құрбандық малын сою орны болып бекітілді. Осы орында малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық талаптарды сақтау және т.б. түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Қызылжар орталық мешітінің» баспасөз қызметі