Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы
Хамзат Қажымұратұлы Әлібеков
Құрметті бауырлар!
Сіздерді 7 мамыр-Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Біздің ата-бабамыз аса отаншыл, елжанды, ұлтжанды болған. Егер Алаш жұртының бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер, қазақ деген халық, Қазақстан деген кең-байтақ тәуелсіз ел де болмас еді. Оның арғы жағында қолдарына найза ұстап, елін-жерін, яғни, ұлан-ғайыр атырапты қорғаған батырларымыздың есімдері де баршамызға мәлім. Әуелі Жаратқанның, одан кейін осындай батырларымыздың арқасында Тәуелсіздіктің тұғыры орнатылды. Міне сол, ата-бабамыз аманат еткен ел мен жерге ие болу, оның амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы.
«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы өте терең. Иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлейді. Ана тілін, дінін, салт-дәстүрін, қалыптасқан мәдениетін, мемлекеттік рәміздерін, шекара аумағын, атамекенін, ұлттық құндылықтарын құрметтейді, сақтайды.
Әрбір сүйем жер үшін, ата-баба қонысын жаудан көздің қарашығындай қорғап жүрген еңсегей бойлы ерлерді, жаужүрек, қайсар мінезді сардарларымыз бен сарбаздарымызды бүгінгі мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, жанұяларына баянды бақыт тілеймін!
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!