إنَّما الأعمالُ بالنِّيَّاتِ
Оқылуы: «Иннәмәл аъмәәлу биннияәәт».
Аудармасы: Амалдар ниетке байланысты.
(Бұхари хадистер жинағы)
Хадистің түсіндірмесі
Құрметті Алланың кішкентай құлы! Сен бұл хадисті жаттау арқылы өміріңдегі ең маңызды, нәрсені біліп үйренетін боласың! Ол – адамның бір істі жасаған кездегі ниеті.
Ниет дегеніміз не? Ниет – қандай да бір іс істегендегі адамның ойы, мақсаты. Мұсылманның ойы әрдайым шынайы, жоғары болуы тиіс. Мысалы автобуста үлкен кісіге орын бердің. Бұл, әрине, жақсы іс. Саған сұрақ: «Бұл істі сен қандай мақсатта жасадың?». Жауаптар әртүрлі болуы мүмкін.
Бірінші жауап: Үлкен кісі болғаны үшін, өйткені мектепте «Үлкендерге құрмет» жайында ұстазымыз айтқан еді.
Екінші жауап: Адамдарға жақсы көріну үшін.
Үшінші жауап: Алла разылығы үшін, өйткені Алла мені әрдайым көріп тұр.
Бұл жерде бірінші жауап пен үшінші жауап дұрыс, өйткені адамның ниеті дұрыс болды дегенмен бірінші жауаптан қарағанда үшінші жауап абзалырақ, үшінші жауапта баланың әрекеті Алла разылығы үшін болды. Екінші жауап қате, себебі – ол баланың мақсаты жақсылық жасау емес, адамдарға жақсы бала болып көріну еді. Сол себепті үшінші жауаптағы адамдардың санатында болмауымыз керек.
Алла біздің әр ісімізден хабардар, әр кез бізді көріп, естіп тіпті қандай ой ойлағанымызға дейін біледі.
Есіңде сақта! Қандай да бір істі жасар кезде бақылаушы Алланың бар екенін ұмытпа және сол ісіңе байланысты ниетіңді жаңала. Ниетке қарай кішкентай амал үлкен амалға айналады, үлкен амал кішкентай амалға айналады.
Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) бір хадисінде «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» дейді. Яғни, бұл хадистегі жүрек деген сөз «ниет» дегенді білдіреді.
Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деп, барлық істің дұрыс болуы ниетке байланысты екенін ескерткен. Дана халқымыз да: «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген.
Шайтанды қай кезде жеңеміз?
Исрайыл қауымында құлшылығынан жаңылмаған бір мұсылман өмір сүреді. Бірде бір топ кісі оған сол маңда ағашқа табынатын қауым барын айтады. Әлгі тақуа кісі ол жағдайға ашуланып, балтасын алып әлгі ағашты шауып тастау үшін жолға шығады.
Сол кезде шайтан бір шал кейпінде алдынан шығып, жөн сұрасады. Ол ағашты кесуге кетіп бара жатқанын айтады. Шайтан ол ағашты саған кестірмеймін деп өзімен алыса кетеді. Мұсылман кісі оны жығып алғанда, шайтан бір сөз айтуыма рұқсат ет деп жалынады. Рұқсат алған шайтан «Алла бұл істі саған парыз етпеді. Ол ағаштың саған ешбір зияны жоқ. Сен оған құлшылық жасамайсың. Қаншама пайғамбарлар бар. Егер Алла қаласа, бірін жіберіп кестіретін еді» деп азғырып көреді. Оның қайтпасын байқағанда тағы да алыса кетеді. Тағы жыққанда, шайтан тағы жалынып, сөзімді тыңда дейді: Сен жағдайы жоқ адамсың. Бұл істі істеуден бас тартсаң, күн сайын үш алтын беріп отырамын. Оларды әр күн жастығыңның астынан тауып алатын боласың. Солай қажетіңді өтейсің, әрі туысқандарыңа жақсылық жасайсың, пақырларға көмектесесің және сол секілді көптеген қайырлы іске мұрындық болып сауапқа қаласың. Ал ағашты кессең, тек бір сауап аласың, ол да пайдасыз. Өйткені халық екіншісін егеді» дейді.
Пенде бұған көнеді. Екі күн бойы ақшаларды жастығының астынан тауып, үшінші күні таппай қалады. Ашуланып балтасын тағы алады да ағашты кесу үшін жолға шығады. Жол-жөнекей шайтанға жолығып, тағы алыса кетеді. Бұл жолы шайтан адамға әл бермей жеңеді. «Мені қалай жеңіп кеттің?» деп сұраған адамға ол: Алғашында сенің ниетің тек Алла разылығы үшін болатын. Сондықтан Алла менің қуатымды алып қойды. Ал бұл жолы сенің қу құлқының ақшаны ойлап кетті, сондықтан жеңілдің» деген екен.
Түйіндеме:
Жақсылық жаса ұмытпа құлы Алланың
Сол кезде адал бергенің және алғаның,
Ниетің болсын кіршіксіз аппақ қағаздай,
Сауаптың міне, татарсың сонда бал дәмін.
Құрани Кәрім Алланың сөзі илан шын,
Сабырлық қылсаң сен сүйген құлдан боларсың,
Ниетті түзе қулықты бұқпа ішіңде,
Алланы ойла, «не ексең соны орарсың».
ТАРСЫРМАЛАР:
1-жаттығу: Хадисті жатта және мағынасын айт.
2- жаттығу: Ниет дегеніміз не?
3- жаттығу: Жол бойында тас жатыр сенің әрекетің қандай? Егер алып тастасаң не үшін алып тастадың?
- Сахаба Әбу Хурайра жүрек, ниет жайында не деді?
- Әңгімеде мұсылман шайтаннан не себепті жеңіліп қалды?
- Өлең шумақтарын жаттап ал.