БІРЛІК АУЫЛЫНДА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал Ақын ауданының Бірлік ауылында 50 адамға арналған мешіт пайдалануға берілді. Құлшылық үйінің ашылу салтанатына аудан басшылығы, қоғам белсенділері, ауыл азаматтары мен өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы арнайы қатысты.

Мешіттің құрылысы ауыл азаматтарының демеушілігімен жүргізілген. Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы ғибадат үйін тұрғызуға атсалысқан ауыл тұрғындарына және жергілікті кәсіпкер Марат Асқарұлына өз алғысын білдірді.

Алланың үйінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі бар. Сондай-ақ дәрет алатын орындар да қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, бар жағдай жасалған. Салтанатты шара барысында Хамзат Қажымұратұлы ауыл тұрғындарын жаңа ғибадат үйінің ашылуымен құттықтап, мешіттің қадір-қасиеті жайында уағыз насихат айтты.

Мешіттің ашылуына орай концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Бұл күні ауыл халқы жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалап, керемет көңіл-күйге бөленді.

Return to Top ▲Return to Top ▲