Бүгін, 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай ҚМДБ Шымкент қалалық өкілдігінің имамдары «Музейге кітап сыйла» акциясы бойынша Түркістан облысы Отырар ауданында орналасқан «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне» кітаптар сыйлады.
«Арыстан баб» кесенесінің көне кітапханасын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов, наиб имам Мұхамеджан Естеміров, іс басқарушы Азамат Әбдікерімұлы, дінтанушы Ербосын Орын, Қор сақтау ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ералы Шоқай, экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс бөлім меңгерушісі Нұрсұлтан Бекешев қатысты.
«Өздеріңізге белгілі, кесенеде ХІХ ғасырға дейін «Көне Арыстан баб кітапханасы» болған. Кеңестік дәуір тұсында кесенедегі өте құнды кітаптар қоры сол қилы заманда қолды болып, ұрланып, өртеліп бүгінгі күнге толық жетпеді. Осы орайда, көне кітапхананы жаңғырту мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оң қорытындысынан өткен діни кітаптар кесене кітапханасына сыйға тартылып отыр. Тапсырылған кітаптар ішінде қасиетті Құран Кәрім, Тәпсір ілімі, хадис ілімі, Ақида ілімі, Қ.А.Яссауи ілімі, Ислам тараихы мен Пайғамбарлар тарихы, Ихсан ілімі т.б. 100-ден астам құнды кітаптар бар. Бұларды «Арыстан баб» кесенесіне келген зияратшылар оқып, пайдалана алады» деді дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров.