АШУДЫ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

Бірінші: Шайтанға истиғаза[1]айту;

Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَإِمَّا يَنْزَغَنَّكَ مِنَ الشَّيْطَانِ نَزْغٌ فَاسْتَعِذْ بِاللَّهِ إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ

«Ал енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші»[2].  

Шайтан – адамның ең үлкен жауы. Соңы үлкен өкінішке апаратын ауыр күнәларға итермелеуге қауқарлы. Сондықтан да адам өмір бойы өзінің ең зұлым жауы шайтанмен күресіп өтеді.

Екінші: Орын ауыстыру;

Пайғамбарымыздың ﷺ Әбу Зардан келген хадисінде айтты:

إذَا غَضِبَ أَحَدِكُمْ وَهُوَ قَائِمٌ فَلْيَجْلِسْ فَإِنْ ذَهَبَ عَنْهُ الْغَضَبُ وَإِلَّا فَلْيَضْطَجِعْ

«Егер сендердің бірің ашулансаңдар тік тұрса отырсын, егер ашу кетпесе жантайсын»[3]

Адамның денесінің қозғалуы иілуі ашудың тез тарқауына жол ашады. Ашуланған кезде отырып тұру ол құптарлық әрекет.

Үшінші: Сөз таластыруды тоқтату немесе үндемеу;

Пайғамбарымыз ﷺ  мүбарак хадисінде:

 إذا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَسْكُتْ

«Егер сендердің бірің ашулансаңдар үндемесін».[4]

Кез келген адам басқа адам тарапынан сөз арқылы әртүрлі жолдармен шабуыл жасалса, адам нәпсісі оған дәл солай немесе одан да асырып қайтарғанды қалап тұрады. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Өйткені сөз таластыру әрдайым екі жаққа да сәтсіз аяқталады.

Төртінші: Дәрет алу немесе жуыну

Пайғамбарымыз ﷺ   мүбарак хадисінде айтты:

إِنَّ الْغَضَبَ مِنْ الشَّيْطَانِ وَإِنَّ الشَّيْطَانَ خُلِقَ مِنْ النَّارِ وَإِنَّمَا تُطْفَأُ النَّارُ بِالْمَاءِ فَإِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَتَوَضَّأ               

«Шын мәнінде ашу ол шайтаннан, ал шайтан болса, оттан жаратылған, отты су өшіреді. Егер сіздердің біреулерің ашуланса дәрет алсын[5].

Ашуланған кезде адамның жүрек қағысы жиілеп дене қызуы көтеріледі. Бұл процесті тежеу үшін тез арада дәрет алып немесе жуынған абзал.

Бесінші: Ашуын ұстай білген адамға Алланың беретін сыйын еске алуы қажет

Ашуын еркіне бағындырып ұстай білген адам үшін Алла Тағаланың берер сыйы мол:

  1. Алланың махаббаты нәсіп болады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді»[6].

2) Алланың ашуынан құтылады.  Пайғамбарымыздан ﷺ бір сахаба мені Алланың ашуына апармайтын нәрсе не дегенде: «Ашуланба» деп жауап берген. Ашу үстінде адам баласы Алладан өзгеден панасы жоқ адамдарға зұлымдық жасап қоюы мүмкін. Содан алыс болғаны абзал.

3) Иманы күшейеді. Атақты хадистердің бірінде: «Кімде-кім Алланың ризалығы үшін ашуын тыятын болса оның ішін иманмен толтырады» деген хадис бар.

Алтыншы: Алланы көп еске алу

Алла Тағала Құран Кәрімде:

(الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُمْ بِذِكْرِ اللَّهِ أَلا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ)

«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады»[7].

Жетінші: Ашуланудың зардабына мән беру

Ашуланудың соңында тудыратын қатты өкіну сезімін, кек қайтарудың жамандығын және оңайлықпен кетпейтін ауыр нәтижелер келтіретіндігін ойлау. Яғни, ашуланған нәрсенің бір қиындық екендігін қабыл етсек, сабыр ету керек, мұның қиындығын арттырып басқа қиындықтарға жол ашпау керек. Қол қанға былғануы мүмкін, түрмеге түсуі мүмкін, отбасы тарап кетуі мүмкін немесе т.б. үлкен зияндарға ұшырауы мүмкін. Бір қиындыққа сабыр етпеу арқылы дүние мен ахиреті бұзылуы мүмкін.

Жоғарыдағы насихаттар мен нұсқауларға сүйене отырып, ашуымызды ақылымызға жеңдіре білсеқ, нағыз мұсылмандық көркем мінезді паш еткен боламыз. Уа, Алла, біздерді сабырлылардан қыла көр!


[1] Ағузу билләһи минашшайтонир ражим деп айту.

[2] «Фуссиләт» сүресі, 36-аят

[3] Әбу Даудтан келген хадистер жинағы

[4] Ахмад хадистер жинағы

[5] Ахмад хадистер жинағы

[6] «Әл Имран» сүресі, 134-аят

[7] «Рағд» сүресі 28-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲