Қайырымдылық шараларын орындау мақсатында облыстық «Қызылжар» орталық мешіті Петропавл қаласындағы «Береке» шағынауданында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі Айгүл Дүйсеноваға қайырымдылық көмек көрсетіп, игі іс жасады.
I топтағы мүгедек Айгүл Дүйсенова сегіз жылдан бері пәтер кезегінде тұрған екен. Таяуда оған баспаналы болу бақыты бұйырды. Бірақ, жаңа үйдің есігі осал болғандықтан, бұл ыңғайсыздық тудыратын еді. Әсіресе, қыс мезгілі кезінде үйдің іші суық болатын. Мүмкіндігі шектеулі жанға көмек көрсету мақсатында мешіт тарапынан қайырымдылық іс жасалды. Яғни, Айгүл Дүйсеноваға темір есік орнатуға қолдау көрсетті. Айгүл Дүйсенова мешіт ұжымына өзінің ризашылығын білдірді.
Найб имам Қасымхан қажы Исаев тағдырдың тауқыметін тартып келе жатқан көмекке зәру адамдардың өмірі туралы айта келе, осындай жандар үшін қайырымдылық іс жасау сауапқа жататынын айтты.
Екі дүниенің сардары, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның “Қайырымдылық істерді және оны жасаушыларды сүйіңдер, Алланың атымен ант етемін, ақиқатында ізгілік пен молшылық соларда” деп айтқаны белгілі. Әрбір адам шарапаты мол істерді жасауға атсалысса, нұр үстіне нұр болады.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі