Бас мүфти Мысыр министрін қабылдады (ФОТО)

Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Египеттің Уақыф және Ислам істері министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма бастап келген делегацияны қабылдады.

Ресми кездесуде Бас мүфти Қазақстан мен Мысыр елінің тарихи тамыры тереңде жатқан бауырлас мемлекет екенін атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық мұсылман жамағаты әлем елдеріндегі тұрақсыздыққа алаңдайтынын жеткізіп, діни дау-жанжалды бейбіт, өркениет жолымен шешу қажеттігін қаперге салды.

ҚМДБ төрағасы Мұхаммед Мұхтар Жұма мырзаға Мысырда оқып жатқан қазақстандық студенттерге жасалған қамқорлығы мен «әл-Азһар» университетінің Қазақстан жастары үшін бөлген грантына алғыс білдірді. «Бүгінде екіжақты тәжірибе алмасу шарлары өз жемісін беріп келеді», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Басқосуға қатысқан Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов екі елдің діни басқармаларының қабылдаған ынтымақтастық меморондумы дер кезінде қолға алынған келісім-құжат екенін атап өтті.

Кездесуде Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» универсиетінің мәртебесін көтеру мәселесі де талқыланды. Мысырдан келген министр университетке барынша назар аударатынын мәлімдеді.

Бас мүфтидің елімізден Мысырға баратын діни қызметкерлердің білімі мен біліктілігін арттыру туралы ұсынысына министр Мұхаммед Мұхтар Жұма  қолдайтынын жеткізді.

muftyat.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲