2013 жылдың тамыз айының 22 жұлдызында ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі «Қызылжар» орталық мешітінде жиналыс өткізілді. Жиналысқа облыс бойынша қала, аудан имамдары және Солтүстік Қазақстан облысы Дін істері басқармасының жетекшісінің м.а. Зейнуллин М.Б. мен облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Муксимов С.С. қатысты.
Күн тәртібінде:
-Рамазан айында атқарылған іс-шаралардың қорытындысы;
– діни үгіт-насихат;
– қажылық сапарына баратын адамдармен жұмыс;
– шәкірттер даярлау;
-діни ағымдармен күрес.
ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы жиналысты өзі бастап, кейін аудан имамдары атқарылған жұмыстары турасында есеп дайындап, алдағы уақытта жоспарланған іс-шаралармен таныстырды.
Дін істері басқармасының жетекшісінің м.а. Зейнуллин М.Б. заң талаптарына сәйкес мешіттердің тіркелуіне баса назар аудару керектігін атап өтті. Мәселен, аудан мешіттерінің атаулары көбінесе орыс тілінде болып тіркелінген, соны өзгерткен дұрыс болады деген ұсыныс берді. Сондай-ақ кездесу барысында туындаған сұрақтарға жауап беріп, құқықтық нормаларды түсіндіріп өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының тағайындалған жаңа бастығы Муксимов С.С. өзін таныстырып, имамдардың алдағы уақытта жоспарланған іс-шараларды бірігіп атқарайық деген ұсыныстарымен келісіп, аудан бөлімшелерін де осындай іс-шараларға қатысып жатқанын айтты.
Жиналыс соңында қала мен аудан имамдарына ҚМДБ-нан жіберілген кітаптар мен дискілер таратылды.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі