Өкіл имам Есіл ауданында

Ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы арнайы іс-сапармен облысымызға қарасты Есіл ауданында болды. Аудандық мешітінде жергілікті жамағатпен кездесіп, ауызбіршілік, дәстүрлі ислам, имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабының артықшылығы тақырыптарында уағыз айтты. Жиналған халықтың қойған сұрақтарына толыққанды жауап қайтарып отырды. Кейін аудандық А. Шәжімбаев атындағы № 3 мектепте оқушылармен кездесіп, ислам дінінде білімнің, оқудың алатын орны туралы, сондай-ақ жалпы ислам діні туралы түсінік берді. Мектеп мұғалімі тарапынан қазірігі таңда жасөспірімдер арасында өршіп тұрған өзекті мәселе суицид жайында сұрақ қойылып, облыс имамынан тұшымды жауап алды.

Бесін намазынан кейін облыс имамы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің қатысуымен өткізілген қазақ тілін өркендету мақсатында қолданысқа енгізіліп жатқан мультимедиа бағдарламасының ашылу салтанатында болды. Бұл – облыс бойынша бірінші мультимедиа кабинеті болып табылады.

Бас имам іс сапарын аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан Жарғайын ауданында жалғастырды. Салынып жатқан мешіттің құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Имамның уағызын тыңдаған жамағат көп мағлұмат алды. Өз кезегінде Алматы селолық округінің әкімі М.Ж.Қыдыбеков: «Келешекте жастардың тәрбиесіне сіздің айтқан уағыз-насихатыңыз оң әсерін тигізетіні сөзсіз», – деп, Кенжетай қажы Байкемелұлына алғысын білдірді.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲