Дін мен дәстүр жылы аясында облыстық «Қызылжар» орталық мешіті Ұлыстың ұлы күніне арнап «Нұр шашқан Наурыз»деген тақырыппен бірнеше ізгі шаралар ұйымдастырып отыр. Соның бірі – кітапханадағы «дөңгелек үстел». Жиынға кітапхананың тұрақты оқырмандары шақырылды. «Дөңгелек үстелге» «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы қатысып, “Наурызды тойлауға бола ма?” деген сұрақ төңірегінде оқырмандармен ой бөлісті. Облыстың бас имамы Наурыз мерекесі шариғатымызға қайшы келмейді, деді. Әрі қарай бас имам сөзін былай деп сабақтады: «Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, ән-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, “Ұлыс оң, ақ мол болсын” деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: “Амалдар ниетке байланысты…” деп айтылған. Біздің ниетіміз – отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу. Мұның өзінен Наурыз мерекесін тойлау Ислам дініне қайшы емес екендігін айқын аңғаруға болады».
Сондай ақ, алдағы күндері «Нұр шашқан Наурыз» атты мереке аясында мешіт жамағатымен спартакиада өтеді. Ал, шәкірт әйелдер Достық үйіндегі «Ұлыстың ұлы күні – ұлық мейрам» атты мерекеде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт дәстүрді насихаттамақшы. Сонымен қатар, дәл 22-сі күні мешітке келушілерге Наурыз көже мен бауырсақтан ауыз тигізу рәсімі атқарылатын болады.
СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі.