ҚҰРБАН ШАЛУ – БАЙҒА МІНДЕТ, КЕДЕЙГЕ КӨМЕК…

Ақпарат құралдарында биылғы Құрбан айтта малды жөн-жосықсыз соймай, бар малды сақтап қалу және жиналған қаражатты қуаңшылық болып жатқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына көмек ретінде беру туралы пікір айтылуда. Осыған байланысты біз де пікір білдіруді жөн көрдік.

Әуелі айтып кетер жайт, Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде материалдық мүмкіндігі бар, жағдайы жақсы мұсылман адамға құрбандық шалу – міндет. Бұл – Алланың мұсылман баласына жіберген әмірі. Бұған қатысты қасиетті Құранда Алла Тағала: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Алланың бұйырған амалын өзгертуге, оны бұрмалауға әсте болмайды.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне зер салсақ, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды сойған. Екі ақ қошқарды жатқызып, оны аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып бауыздаған Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетті хадистерінің бірінде: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деген.

Құрбандық шалу адам баласын тақуалыққа жетелейді. Өйткені, мұсылман адам құрбандығын шынайы ниетпен, Алла разылығы үшін шалады. Алла Тағала адамның амалына емес, ниетіне қарайды. Сондықтан Ислам дінінде орындалатын кез келген амалдың сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына, яғни ниетке мән беріледі. Ниетті түзетудің мәні осында. Шын мәнінде бүкіл әлемнің Жаратушысы болған Раббымыз адамның шалған құрбандығына мұқтаж емес. Алла тек шынайы ниетпен жасалған құлшылықты қабыл етеді. Сондықтан Құранда мынадай аяттар келтірілген: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят).

Құрбан айт күндері жабырқаған жандарды, қамкөңіл адамдарды, мүгедектер мен жетімдерді, жесір әйелдер мен қараусыз қалған қарттарды қуандырудың сауабы мол. Құрбандық етінің мұқтаж жандарға таратылуының мәні үлкен. Бай мұсылман құрбандық шалғаннан кейін оның етін көмекке зәру адамдарға тарату арқылы бойындағы қатыгездік, тәкаппарлық секілді жағымсыз сипаттардан арыла бастайды. Өйткені, садақа беру – мұсылмандардың арасына мейірімдік сынды сезімді ұялататын сауабы мол іс. Құрбан шалу – байға міндет, кедейге көмек болатыны сондықтан деп білеміз.

Ақпарат құралдарында тарап жатқан пікір арасында құрбандық шалудың орнына садақа берген дұрыс деген көзқарастар айтылып жатыр. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі мынадай жауап жазды: «Құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап, қан шығаруы тиіс. Біздің мәзһабта құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет. Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді».

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша мұсылман жамағаты мен кәсіпкерлерге жолдаған Үндеуінде: «Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «…Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді…» деген сүйінші хабар жеткізген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтілетін болады. Осы игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол үшын созуға шақырамын» деді.

Адамға жақсылық жасау үшін Алланың әмірін «өзгерту» шарт емес. Алла Тағала адам баласы үшін қайыр-жақсылығы болғаны үшін белгілі амалдарды парыз етеді. Ал оны орындамау немесе адамдарды сол парызды орындамауға шақыру – өте өрескел қателік әрі сұрауы жоғары болатын іс. Мұндай амал-әрекетке барудың өзі қорқынышты.   

Алла Тағала еліміз бен жерімізге жақсылығын жаудырып, шалған құрбандығымыз бен берген садақамызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай. Әмин! 

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲