Қызылжардағы семинар өз жұмысын бастады

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы елiмiздегi дiни ахуалды оңалту үшiн ең әуелi дiн қызметкерлерiнiң бiлiм мен бiлiктiлiгiн арттыруға жiтi көңiл бөлуде. Осыған орай, дүйсенбi күнi Солтүстiк Қазақстан облысы деңгейiнде «Қызылжар» орталық мешiтi облыстық iшкi саясат басқармасының қолдауымен имамдардың бiлiктiлiгiн арттыру семинарын бастады. Оған осы өңiрге қарасты барлық имамдар қатысты.

Семинардың мақсаты дiн мамандарының бiлiмi мен бiлiктiлiгiн шыңдап, тәжiрибелерiн молайту болып табылады. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы имамдар арасында дiни дәрiстердi жоғары деңгейде ұйымдастыруға ұйытқы болып, дiнтанушы Мысыр елiндегi Аль-Азхар Ислам университетiн тамамдаған Жолдас Қоспақұлын арнайы жiбердi. Семинардың ашылу салтанатында құрметтi қонақты арнайы таныстырған ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкiл имамы, «Қызылжар» орталық мешiтiнiң Бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы сөз алып, iс-шараның мақсаты мен ерекшелiктерiне тоқталып өттi.

Алла Тағала Құрани Кәрiмнiң Мүжәдала сүресiнiң 11 аятында «Аллаһ иман еткендер мен iлiм берiлгендердiң дәрежесiн көтередi» деген. Сонымен қатар, дiн зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлiгi болып табылады. Сондықтан құзырлы мемлекеттiк мекемелер елiмiздегi дiни қатынастарды одан әрi дамытуға әрқашанда мүдделiк танытады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев өзiнiң «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елдiң дәстүрлерi мен мәдени нормаларына сәйкес келетiн дiни сана қалыптастыруымыз керек деп атай отырып, XXI ғасырдағы Қазақстандағы дiнге ерекше көңiл бөлдi. Соған орай аталмыш семинарда дiн қызметкерлерi дәстүрлi дiн сабақтарынан бөлек, дүниелiк iлiмдерiн жетiлдiруге мүмкiндiк алып отыр, — деп семинарға қатысушыларға сәттiлiк тiледi.

4 күнге созылатын семинарда дiн, әлеумет, құқық, саясат, ұлтаралық татулық бағыттары бойынша бiрнеше тақырыптарды қамту жоспарланған. Атап айтар болсақ, «Қазақстандағы дәстүрлi дiннiң ерекшелiктерi», «Әбу Ханифа мазһабындағы Құран, сүннет, ижмағ, қияс, ғұрыптың орны», «Қазiргi замандағы лаңкестiк әрекеттер және олардың қоғамға зияны» «Қазақстандағы саяси жүйе», «Қазақстанның саяси, қоғамдық, экономикалық, мәдени реформалары және оның ерекшелiктерi», «Мемлекет пен конфессиялық қатынастың заңдық негiздерi», «Қазақстан халқы Ассамблеясы — ұлтаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету институты», және тағы басқа өзге де тақырыптар аясында дәрiстер өткiзiледi. Семинардың тағы бiр ерекшелiгi тақырыптар төңiрегiнде тренингтер ұйымдастыру жоспарланған. Демек, имамдар тек дәрiс тыңдап қана қоймай, өз ойларын ортаға салып, әрiптестерiмен жұмыс тәжiрибесiмен бөлiседi деп күтiлуде. Сондай-ақ, дiн қызметкерлерi арасында салауатты өмiр салтын қалыптастыруды мақсат еткен «Қызылжар» орталық мешiтi дәрiстерiнен соң, имамдар арасында спорттық шаралар өткiзудi де көздеп отыр.

SAM_1009

SAM_1011

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкiлдiгi
«Қызылжар» орталық мешiтiнiң баспасөз қызметi

Return to Top ▲Return to Top ▲