ҚМДБ: Құрбан айт 12 қыркүйекте басталады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығының мәліметін негізге ала отырып, осы жылы Құрбан айт мерекесі қыркүйек айының 12-сі күні басталатынын хабарлайды.

Құрбан айт, ораза айт, намаз, ораза, қажылық сынды құлшылықтардың мерзімі мен уақытын анықтауда астрономиялық есептерге жүгінуге рұқсат етіледі.

Ал, 11 қыркүйек, яғни айттан алдыңғы күн – арапа. Арапа – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн. Қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін арапа күні ауыз бекіту – мұстахаб (жағымды) амал.

Әбу Қатадан жеткен хадисте: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады…» делінген.

Жағдайы бар, əрі, жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет.

Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп, құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.

Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.

muftiyat.kz

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲