ҚМДБ: Биылғы жылдың тағылымы бөлек!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында имамдар мен жалпы дін қызметкерлері үшін биылғы жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» деп жариялады. Бұл туралы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хабарлады.

– Осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қай­та жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туды. Әлем кітапхана­лары­ның сирек қорларында шаң басып жатқан ескі кітаптарды жарыққа шыға­рып, халық­тың игілігіне ұсыну – бүгінгі ұрпақтың абы­рой­лы міндеті деп санай­мын. Осындай ізгі ниет­тің нәтижесінде, Діни басқарманың ға­лымдары «Дәстүрлі ислам жауһарлары» атты кітап дайындады. Сонымен қатар тари­хи діни оқу орындары туралы деректі фильмдер де түсіріледі, – деп атап өтті Бас мүфти.

Шынында, мүфтияттың бұл бастамасы көңіл қуантады. Бас мүфти былтыр да 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жария­лап, мешіт имамдарына үндеу жол­дап, дініміз бен дәстүрімізді жаңғыртуды тап­сыр­ған болатын. Соның арқасында еліміз­дің барлық мешіттерінде дін және дәстүр тақырыбындағы уағыздар айтылды. Ислам­мен біте қайнасқан салтымызды насихаттау, жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыру секілді жұмыстар жүргізіл­ді. Әсіресе, имам­дар өз уағыздарын иман­дылықты жырлаған қазақтың ақын-жазу­шылары, жыраулары, би-шешендері мен қайраткер­лерінің сөздерімен қабыстырып айтып, ақ жолдан адасып жүргендердің бе­тін бері қаратқан болатын. Мешіт жама­ғатына шариғаттағы әдет-ғұрыптың орны мен рөлі түсіндірілді, салт-дәстүрді құр­мет­теуге, қастерлеуге шақырып, жастарды отансүйгіштікке тәр­биеледі. Дін мен дәстүр тақырыбындағы кон­ференциялар мен кездесулер ұйым­дас­тырылды. Бас мүфтидің бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жарыққа шықты. Екеуінің са­бақ­тастығын насихаттайтын бұл жинаққа қатысты Шерхан Мұртаза, Тұр­сын­бек Кәкішев, Смағұл Елубай секілді ұлт зиялылары баспасөз беттері арқылы өз ризашылықтарын білдірді. Мұның бәрі де дер кезінде жасалған қадамдар болды. Міне, осындай толағай жұмыстардың арқа­сында дінді дәстүрге қарсы қойып немесе бөлектеп жүрген арандатушы топтардың аузына құм құйылды, адасқан жастардың беті бері қайтты.

Енді ҚМДБ-ның биылғы жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» деп жария­лауы да осындай қыруар қызмет атқаруға жол ашады деген сенімдеміз. Рас, қазақ даласында исламға дейінгі дәуірде тәңір­лік сенім болғаны анық. Оның іздері салт-дәстүрімізден әлі күнге дейін сайрап жатыр. Алайда тәңірлік сенім мен ислам­дағы бір­құдай­лық қағидасы бір арнада тоғысты. Осылайша, ислам діні салт-дәс­түрімізбен, өмір сүру қағидамыз­бен терең үй­лесім тауып, төл дінімізге айнал­ды.

Негізінде, қазақ даласындағы ислам діні 751 жылғы Талас шайқасынан (Атлах маңы) бастау алады. Әйгілі бабтардың ке­луімен Орта Азиядағы алғашқы мұсылман мем­лекеті – Қарахан қағанаты пайда бол­ды. Иә, Қарахандар дәуіріндегі мемлекет­тің діні ислам болатын. Х-ХІІІ ғасырларда қарахандықтар ислам дінінің түркілер арасына қарқынды дамуына жол ашты.

Қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын алтынордалықтардың да ислам­ның дамуына қосқан үлесі зор. Ибн Бат­ту­та Алтын Орданың астанасы Сарай – Берке қаласынан 13 үлкен мешітті көр­генін жаз­ған. Берке мен Өзбек ханның тұсында Алтын Орданың Мысырмен дипломатия­лық байланыстары күшейіп, соның арқа­сында қазіргі қазақ даласын­дағы дін мен мәдениет өркендеді. Ол кез­де Мысыр­ды қазақ даласынан құл болып аттанып, кейін сұлтан болған мәмлүктер­ді биледі. Бейба­рыс, Қайтпай, Қалауын сұлтандар ислам дінін гүлдендірді, Бей­барыс сұлтан атаме­іне діни әдебиетті көптеп жіберіп, қа­зақ жеріндегі исламның нығаюына ықпал етті.

Жошының ұлы Берке исламды қабыл­дап, мұсылман саудагерлеріне қолдау көрсетіп отырған. Ал Өзбек хан туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Өзбек хан ислам дінін қабылдап, бүкіл халыққа ис­лам дінін таратты. Содан бері біздің халық өз дінін өзгерткен жоқ» деп жазады. Қазақ дала­сы­нан Мекке мен Мәдинаға алғашқы қажы­лар осы кезде аттанды.

«Исламның дәні Араб түбегінде егілді, Орталық Азияда бүршік жарды» дейтін үлкендер. Шынында, ислам дінінің гүлде­ніп, дамыған жері біздің топырақ екені даусыз. Бұған ХІІ ғасырда Орталық Азия­дан шыққан ислам ғұламасы Қожа Ахмет бабаның мектебі дәлел.

Қарахан қағанаты, Алтын Ордадан бастап Қазақ хандығының кезінде де дін жаңғыруы үнемі жүріп отырды. ХІІІ-ХІV ғасырларда Шыңғыс хан ұрпақтары (Қа­зақ хандары) қазақ даласындағы ислам дінін одан әрі нығайтты. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді заңна­малардың бәрі де шариғат талаптарына сай жасалды. Одан беріде Асанқайғы, Бұқар жырау, Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Науан хазірет, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы се­кілді дәстүрлі ислам­ның беделді тұлға­лары қалыптасты. Олар­дың бәрі де ата дінді асқақтату, дамыту, кейінгі ұрпақ – бізге тұнық күйінде жеткізу үшін жанын салды.

Дінді тарихтан ажыратуға болмайды. Керісінше, дін тарихын білу, ислам дінінің қазақ даласында қалай қанат жайғанын ұғыну, алғашқы қазақ діндарлары, олар­дың ерен істерін үлгі қылу – біздің мінде­тіміз. Ендеше, «Дін және тарих тағылымы жылы» дін тарихын түгендейтін, өткеннен сабақ алатын, бабалар мұрасын дамытатын жыл болуы керек. Осы жыл аясында Қазақстан­дағы ислам дінінің тарихына қатысты түрлі кітаптар, суретті альбомдар шығарылса, ме­шіт­терде, түрлі орындарда дін мен тарих­ты қабыстырған жиындар мен насихаттар жүргізілсе құба-құп болар еді. Шоқан Уәли­ханов: «Әр қазақ өзінің Мұхаммедтің үмбеті және мұсыл­ман екенін біледі. Бұл оның басқа дін өкілдерінің алдындағы мақ­тан тұтар ерекшелігі» деп жазған бола­тын. Шынында, бұрынғы қазақ мұсыл­манды­ғымен мақтанатын. Өйткені қай заманда да ислам діні біздің мақтанышымыз, тірегіміз болды.

aikyn.kz

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲