Облысымыздағы Есіл ауданының орталығы – Явленка селосындағы аудандық Мәдениет үйінде адамзаттың асыл тәжі болып саналатын пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның туылған күні – Мәуліт мерекесі аталып өткізілді. Бұл шараға ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы, мешіт азаншысы Сәрсенов Азамат Амандықұлы, Есіл ауданының бас имамы Мирзаев Имам Одинамахмұдұлы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Мұқашев Төлеген Құпашұлы қатысты.
Мәуліт мерекесі аясында бас имам «Дін және дәстүр» деген тақырыпта, екі дүниенің сардары, күллі әлемге ғаламның рақым нұры ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.а.у.)-ның өмірі жайында тартымды уағыз айтты. Сонымен қатар, адамдардың өзіне-өзі қол жұмсаудың қаншалықты ауыр күнә екендігі және лаңкестік пен экстремизм сияқты әлемдегі өзекті мәселелер туралы айтылды.
Аллаһ елшісінің туылған күні – Мәуліт мерекесі барысында қазақ және араб тілдерінде Мәуліт оқылды.
Шара соңында аудан имамы аруақтарға дұға бағыштап, Құран хатым оқыды.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі