Ысырапшылдық алыс болайық

 

Күллі жаратылыс атаулы – Алла тағаланың шексіз шебірлігінің керемет туындысы. Осы жаратылыс атаулының ішінде Алла тағала жер бетіне өзінің халифасы етіп адамбаласын тағайындап, күллі игіліктерді оның қызметіне ұсынды. Хақ тағала адамға ерік берумен қатар, оған жауапкершіліктер де жүктеді. Сол жауапкершіліктердің бірі – Жаратқанның сыйға тартқан сансыз нығметтерінің қадірін біліп, оңды-солды шашпай, шүкіршілік ету.

Негізінен Хақ тағала адам баласының адал жолмен табыс тауып, оны адал жолда қолданғанын қалайды. Құран кәрімде«….Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді»[1]–  деуде. АрдақтыПайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер»[2], – деп ескертіп, біздер үшін өлшем белгілеп берген.

Сондай-ақ Құранда: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан, Раббысына тым күпірлік етуші»[3], – деп, ысыраптың нәтижесінің неге апаратынан еске салып жирендіруде. Мұсылман баласы үшін бұл өте ауыр ескерту. Тағы бір аятта: «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді»[4] деп ысырапқа жол бермеу керектігі айтылған.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өзеннің жағасында дәрет алсаң да суды ысырап етпе» деу арқылы құлшылық үшін дәрет алу мақсатында қолданатын, шеті-шегі жоқ секілді көрінетін судың өзін қалай қолдану керек екендігін айтып, біздерге керемет өлшем ұсынуда.

Жақынынан айырылып, қабырғасы қайысып отырған жандардың қайғы-қасіретін түсіну қиын емес. Әйтсе де, әр адам өлім-жітімді болған жағдайда имамның бұйрығына, шариғатымыздың қағидасына мойынсұнғаны дұрыс-ақ.
Қазіргі кезде еліміздегі мұсылмандар арасында қайтыс болған адамды жерлеудің жөн-жосығы әрқалай.
Адам дүние салған соң, оның қайтыс болғанын жариялап, жерлеуге асығу – мұстахап. Мұстахап деп сауап әрі абзал іске айтылады. Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке қайшы және мәйітті құрметтемеу болып табылады. Қаншалықты кешіктірсе, соншалықты оның қадір-қасиетін қашырады. Ал, шапшаң орындау үшін оны дұрыс ұйымдастыру керек.
Әдетте, жерлеу рәсімін екі адам басқарады. Имам және мәйіт иесі. Имам жаназа намазы мен жерлеу рәсімінің шариғи мәселелеріне жауапты болса, мәйіт иесі оның барлық шаруашылық істерін мойнына алады. Мәйіт иесі – ол өлік шыққан үйден жаназа мен жерлеудің шаруашылық істерін атқару үшін тағайындалған адам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында жаназа намазын өткiзуге ең құзырлы кiсi патша, мүфти және ол тағайындаған жергілікті имам, молдалар.
Ислам діні бойынша дүниеден өткен адам денесі топыраққа жерленуі тиіс.
Ислам дінінде өзге діндерге қарағанда мәйітті жерлеудің өзіндік қағида-ережелері берік қалыптасқан. Мұсылман мәйіті шариғатқа сай өзіне жақын жердегі зиратқа жерленуі тиіс.
Зират екі түрге бөлінеді: уақф (қоғамдық) және жеке. Қоғамдық зираттарда кесене, күмбез, ескерткіш, қоршау, т.с.с. кез келген құрылыс нысанын салуға рұқсат етілмейді. Айналасы қоршалған, басында шырақшысы бар аса көп адам жерленген қорым-зираттарда қабірді жеке-жеке етіп қоршаудың қажеті жоқ. Ал, далада жеке тұрған қабір аяқ асты болмауы үшін, оның үстін кіндіктен жоғары етіп қоршауға рұқсат етілген. Ғалымдар: «Қабірді биік көтеру – харам», – деп үкім шығарған.
Ханафи мәзһабы бойынша қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, оған жазу жазуға рұқсат етіледі. Оған марқұмның аты-жөні, туылған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға шариғат қарсы емес.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде қабірге бор жағып, әсемдеуге болмайтыны айтылады. Біріншіден, тірілерге арналған дүниені ысырап ету дұрыс емес. Өйткені, Алла тағала: «…төгіп-шашпаңдар, Алла, ақиқатында, ысырапқорларды ұнатпайды» («Ағраф» сүресі, 31-аят), – деді. Лаймен сылап қоюдың оқасы жоқ. Екіншіден, қабірге алтын жалатса да, оның өлікке ешқандай пайдасы жоқ екенін түсіну керек. Пайдасыз жұмыс жасау мұсылман қауымы үшін – харам. Үшіншіден, қабірдің үстіңгі жағы ашық қалдырылғандықтан, оның үстінен түскен жауыннан өніп шыққан өсімдіктер қабір ішінде жатқан мәйітке пайдалы деген ұғым бар.
Исламда жанды нәрсенің мүсіні – харам. Өйткені, ол мұсылманның діни сенім-нанымы мен көзқарасын бұзуға әкеп соғады. Өткен қауымдарда бір ізгі пенде өлсе, еске алып отыру үшін оның мүсінін және суретін жасайтын болған. Әуелде адамдар оған тек құрмет ретінде қараған екен. Кейінгілер дүниеден өткен ата-бабаларын көкке көтеріп, оларды артық мадақтап, сыйлауды шығарған. Ал, тағы бірнеше ұрпақ өткен соң, тіпті оларға сыйынатын болған. Міне, осы ащы тәжірибе-ден кейін Ислам діні жанды нәрсенің суретін сызып, мүсінін жасауға тыйым салған. Қабірге сыйыну әдеті де сол зираттардың құрылысын әшекейлеп жасау және сурет-мүсіндерін қоса орнатудан келіп шыққан.
Нағыз мұсылман – «Қанша мал-мүлік, дүние тапсақ та, ертең басқалар секілді біз де қара жердің қойнауына кіреді екенбіз-ау» деп ойлайтын, бұл дүниенің жалған екенін түсінетін адам. Сондықтан қабірдің басын біреу қызыға қарайтындай емес, бәлкім адамға ғибрат болатындай қарапайым етіп көтеру керек-ақ.
Ендеше, біз өзіміздің дініміз бен ғұрпымызға лайық мазар мәдениетін жасағанымыз жөн. Зәулім мазар салып, оны әспет-теуге жұмсалған қаржыны қайырымдылық іс-шараларға, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, оқушылар мен студенттерге жәрдемақы есебінде беретін болсақ, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді.
Халық арасында «анау айтты, мынау айтты» деп қолдан жасап алған кәделеріміз жоқ емес. «Өйтпесек болмайды, ұят болады» дегенді желеу етіп, жылқы немесе ірі қара мал сойып, аста-төк дастархан жаюдан басталатын жаназада қайғы құшқан отбасы шашылып-төгіліп, ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Оны көрген басқалар да «Мен одан кеммін бе?» немесе «Ертең сөз болады» деп, астамшылыққа барады. Сөйтіп, өлік жөнелтуді бәсекеге айналдырып алған жайымыз бар.

Сөзімізді қорытындылай келе, қазақилықтың қаймағын бұзбаған бауырларыма айтарым: ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс екенін түсінетін уақыт жетті. Салт-дәстүрімізге, дінімізге қайшы әрекеттерге әуестеніп, мавзолейге ұқсатып мазар тұрғызып, қазалы жерлерде бұрын-соңды болмаған тағамдарды самсатып, шариғатымызға қарсы амалдар жасаудан тиылғанымыз жөн. Діннің талабын жүзеге асыруға көңіл бөлейік, бауырлар.

 

[1] «Ағраф» сүресі, 31-аят

[2] Нисаи, зәкет, 66, 79

[3] «Исра» сүресі, 27-аят

[4] «Әнғам» сүресі, 141-аят.

 

мешіт ұстазы

Хамзат Әділбеков

Return to Top ▲Return to Top ▲