Алла Тағаланың адам баласына бұйырған құлшылықтың бірі – шүкіршілік. Ол жайлы Алла Тағала Құран Кәрімде:
فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُوا لِي وَلَا تَكْفُرُونِي[1]
«Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар»,-дейді.
Шүкір – жаратылыстың сыры, шүкір – дүниенің мәйегі, шүкір – адамдықтың рәмізі, шүкір ету – пенденің ең үлкен міндеті. Шүкір – жақсылық иесіне жақсылығы үшін қарыздар екеніңді сезіну, оның алдында бас иіп, алғыс-рақметіңді білдіру.
Міне, жаратылыста шүкір осыншалықты маңызды бола тұра, өкініштісі, адам баласының көбі бұл қасиеттен мақұрым. Құран Кәрім бұл шындықты: «Құлдарымның арасында шүкір етушілер өте аз», – деп ескертеді.
Адам баласы – Алла құзырында дәрежесі өте жоғары жаратылыс. Құранда:
هُوَ الَّذِي جَعَلَكُمْ خَلَائِفَ فِي الْأَرْضِ فَمَنْ كَفَرَ فَعَلَيْهِ كُفْرُهُ[2]
«Ол сондай Алла сендерді жер жүзінде орынбасар қылды. Сонда кім қарсы келсе, қарсылығының обалы өзіне»,-делінеді. Тағы бір аятта:
وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنْ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا[3]
«Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ, оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Һәм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық». Енді бір аятта адамзат баласының шүкір етуге лайықты өте ардақты етіп жаратылғаны жайлы былай делінеді:
اللَّهُ الَّذِي خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ وَأَنزَلَ مِنْ السَّمَاءِ مَاءً فَأَخْرَجَ بِهِ مِنْ الثَّمَرَاتِ رِزْقًا لَكُمْ وَسَخَّرَ لَكُمْ الْفُلْكَ لِتَجْرِيَ فِي الْبَحْرِ بِأَمْرِهِ وَسَخَّرَ لَكُمْ الْأَنهَارَ. وَسَخَّرَ لَكُمُ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ دَائِبَيْنِ وَسَخَّرَلَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ
«Сондай Алла (Т.) көктер мен жерді жаратып, аспаннан жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге ризық үшін өнімдерді шығарды. Онымен қатар өз әмірімен теңізде жүргізу үшін кемелерді еріктеріңе берді. Әрі өзендерді де сендерге бағындырды. Ол Алла (Т.) сендердің пайдаларың үшін, тұрақты түрде күн мен айды іске қосып, түн мен күндізді де іске қосты. Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз» [4].
Құран аяттарында:
أَلَمْ تَرَوْا أَنَّ اللَّهَ سَخَّرَ لَكُمْ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ وَأَسْبَغَ عَلَيْكُمْ نِعَمَهُ ظَاهِرَةً وَبَاطِنَةً وَمِنْ النَّاسِ مَنْ يُجَادِلُ فِي اللَّهِ بِغَيْرِ عِلْمٍ وَلَا هُدًى وَلَا كِتَابٍ مُنِيرٍ[5]
«Көрдіңдер ме? Рас Алла (Т.) сендерге көктердегі, жердегі нәрселерді бой ұсындырды. Және сендерге көрнеу, көмес нығметтерін толықтасырды. Сонда да ешбір білімі, тура жолы не нұрландырушы кітабы болмаған кейбір адамдар, Алла жайында таласады»,-делінеді. Келесі аятта, адам баласының тым аз шүкір ететіні турасында былай делінеді:
وَلَقَدْ مَكَّنَّاكُمْ فِي الْأَرْضِ وَجَعَلْنَا لَكُمْ فِيهَا مَعَايِشَ قَلِيلًا مَا تَشْكُرُونَ[6]
«Расында сендерді жер жүзіне орналастырып өздеріңе онда күн көрістер жасадық. Нендей аз шүкір етесіңдер».
وَاللَّهُ أَخْرَجَكُمْ مِنْ بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْئًا وَجَعَلَ لَكُمْ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ[7]
«Алла (Т.) сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер». Ендеше, шүкір ету – әрбір момынның білуі, атқаруы тиіс болған ғибадаттың бірі, мұсылманшылық әдептердің бір ұстыны.
Алла Тағаланың кеңшілігі мен мейір-рахметі сондай, Ислам дінінде дәріптеліп, талап етілетін бір құлшылықтың өзінің сан алуан түрі мен формасы болады. Күнделікті өмірде адам баласына шүкіршілік етудің өзін әртүрлі, сан алуан формада жүзеге асыруына болады. Мәселен; жүрекпен шүкір ету, тілмен шүкір ету және амалдармен шүкір ету.
Жүрекпен шүкір ету
Әрбір нығметтің Алладан берілетіндігіне және адамдардың әрекеті себепкер екеніне кәміл сену – жүрекпен жасалатын құлшылық. Адамды Алла Тағаланың жаратқаны баршамызға аян. Ендеше, адамға берілетін әрбір артықшылық пен түрлі нығметтер де Алла тарапынан беріледі деген сөз. Әлбетте, адам жаңғалақ. Кейде жаңғақатығынан ризықтың қайдан келіп жатқанын ұмытып, қандай да бір нығметке қол жеткізсе өзі жеткендей сезімде болады. Ал, мұсылман адам өмірдегі барлық нығметтерінің Алладан екенін мойындап, бойұсынады. Ол туралы аяттар былайша баяндайды:
فَإِنَّهُمْ عَدُوٌّ لِي إِلَّا رَبَّ الْعَالَمِينَ.الَّذِي خَلَقَنِي فَهُوَ يَهْدِينِي. وَالَّذِي هُوَ يُطْعِمُنِي وَيَسْقِينِي. وَإِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِي. وَالَّذِي يُمِيتُنِي ثُمَّ يُحْيِينِ. وَالَّذِي أَطْمَعُ أَنْ يَغْفِرَ لِي خَطِيئَتِي يَوْمَ الدِّينِ[8]
«Әлемдердің Раббынан басқа, олар менің дұшпаным. Ол, мені жаратқан, маған тура жол көрсетеді. Ол, маған жегізеді де, ішкізеді. Ол, қашан ауырсам, маған шипа береді. Ол, мені өлтіреді де, сонсоң тірілтеді. Ол сондай Алла, киямет күні қателерімді жарылқауын үміт етемін».
Иә, адам баласы кішкене ойланып-толғанса, өзін қоршаған қай нәрсенің болмасын Аллаһ тарапынан арнайы әзірленіп, адам баласының қызметіне ұсынылғанын түсінері сөзсіз. Тіпті, өзінің жоқтан бар етіліп, тіршілік иесі болуының өзі баға жетпес нығмет. Бірақ, бір қынжылтатыны, бұл нығметтің қадірін жете түсініп, Жаратушысына деген шүкірінен жаңылмайтын тіршілік иесі өте аз.
Мысалы, дарға асылайын деп тұрған жерінен бір адамды екінші бір адам құтқарып қалса, өлім аузынан қайтқан адам өміріне себеп болған әлгі адамға: «Мен саған бұдан былай қарыздар болып өтемін, – деп оның алдында құрақ ұшады. Істеген бір ғана жақсылығы үшін бас иіп, өмір бойы ізет білдірері сөзсіз. Ал енді бізді жоқтан бар етіп жаратып, әр ауа жұтып, тыныс алған сайын бізді бір өлімнен құтқарып, бір өмір сыйлаған Жаратушымызды ұмыт қалдырып, жақсылығы үшін алғысымызды білдірмеуіміз дұрыс па?
Ұлы Жаратушымыздың адамға берген жақсылық, нығметтері шексіз. Құранда: «Егер Аллаһтың сендерге берген нығметтерін санасаңдар, санап тауыса алмайсыңдар», – делінеді.
Біз, адам баласы, денсаулықтың, әрбір он екі мүшеміздің баға жетпес нығмет екенін ойлап, қадірін түсіндік пе? Оларды бізге тегін берген Раббымызға рақметіміз бен алғысымызды білдіріп, Оған қарыздар екенімізді сездік пе? Шындығында, бізге бұл сұраққа жауап беру оңайға соқпаса керек.
Егер бізге біреу миллион ақша сыйласа, оған рақметімізді жаудырып, алдында құрақ ұшамыз. Ал, енді бір қолымыз шолақ болса, мейлі миллиардтаған жыл жұмыс істеп, триллион ақша тапсақ та Аллаһтың бізге тегін берген сау қолын сатып ала аламыз ба? Сатып ала алмасақ, неге біз триллион ақша жұмсап қол жеткізе алмайтын әрбір мүшемізді бізге тегін сыйлаған Ұлы Жаратушымызға алғыс-рақметімізді білдірмейміз? Неге «Аллаһу әкбар» деп сәждеге бас ұрмаймыз?
Иә, тіпті ішкен-жеген асымызды табиғи жолмен сыртқа шығарудың өзі де Ұлы Иеміздің үлкен жақсылығы. Оның қадірін ұғу үшін бұл нығметтен мақрұм ауруханалардағы жандарды барып көріп, аталмыш нығметтің қадірін түсінейік! Түсініп, Раббымызға қарыздар екенімізді шын жүректен сезінейік
Енді бір аятта Алла Тағала әрбір еңбекті зая жібермейтіні жайлы баяндап былай дейді:
وَأَنْ لَيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَى[10]
«Адамзат; еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады».
Тілмен болған шүкір
Тілмен шүкір ету дегеніміз «Аллаға шүкір (Әлхамдулилла)», «Шүкіршілік», «Осыны берген Аллаға мың шүкір» деген секілді сөздерді айту арқылы берілген нығыметтердің Алладан екенін мойындап, әрдайым шүкір етіп жүру.
Құран Кәрімнің анасы, бастауыш сүре – «Фатиха» сүресінің өзі «Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән» деп, Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік етумен басталады. Бұл сүренің әрбір намаздың әр рәкағатында қайталанатынын ескерсек, тілмен шүкір етудің жарқын үлгісін көрсеткен аят күніге 40 мәрте қайталанады.
سَمعَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَدْعُو فِى صَلَاتِهِ لَمْ يُمَجِّدِ اللَّهَ تَعَلَى وَلَمْ يُصَلِّ عَلَى النَّبِىِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَجِلَ هَذَا. ثُمَّ دَعَاهُ فَقَالَ لَهُ أَوْ لِغَيْرِهِ إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ فَلْيَبْدَأْ بِتَحْمِيدِ رَبِّهِ عَزَّ وَ جَلَّ وَالثَّنَاءِ عَلَيْهِ ثُمَّ يُصَلِّى عَلَى النَّبِىِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثُمَّ يَدْعُو بُعْدُ بِمَا شَاءَ
Бір күні Пайғамбарымыз (ﷺ) бір адамның намаздан кейін Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтпастан, «Уа, Алла Талаға! Мені кешіре гөр, жарылқай гөр» деп дұға жасап жатқанын естіп, содан: «Бұл адам асығыстық қылды» дейді де, ол адамды шақырып: «Сіздерден біреулеріңіз дұға жасамақшы болсаңыздар, алдымен Аллаға мадақ айтып, сосын Пайғамбарға (ﷺ) салауат жолдасын да, қалағанын сұрасын»,-деп бұйырады[11].
Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) бүкіл адамзат баласына Алладан дұға жасаудың керемет үлгісін насихат етіп отыр. Әрине, бұл Құран Кәрімнің өзі Аллаға мадақпен басталады және көптеген сүрелерде қайталанады. Бұл Аллаға мадақ айтудың маңыздылығын білдірсе керек. Шындығында да, Аллаға деген әрбір мадақ айтуымыз – шүкір, әрбір шүкіріміздің өзі Алланың нығыметтері үшін айтылған мадақ болып саналады.
Ардақты Елші (ﷺ) тағы бір хадисінде:
الْحَمْدُ رَاْسَ الشًّكْرِ مَنْ لَمْ يَحْمَدَ اللَّهَ لَمْ يَشْكُرْهُ
«Аллаға мадақ айту – шүкірдің басы. Аллаға мадақ айтпаған Оған шүкіршілік жасамағаны[12]»,-деп айтқан екен.
Осылайша, үмметіне үн қатқан Алла Расулы (ﷺ) өзі дұға жасаған кезде әрдайым дұғасын Аллаға мадақ айтумен бастап, қажетін сұрап болғасын да «Әлхамдулилла» деумен дұғасын тамамдайды екен. Бұның өзі Алла Елшісінің (ﷺ) шынайы шүкіршілігінің бір көрінісі болса керек.
Алла Тағала әрбір ризыққа шүкіршілік етуіміз керек екенін ескертіп, қасиетті Құран Кәрімде былай дейді:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِنْ كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ
«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар»[13]. Демек, шүкір ету – біздің шынайы құл екеніміздің көрінісі, мұсылманшылығымыздың асыл сипаты, Алла Тағаланың әмірі.
Пайғамбарымыз (ﷺ) да:
مَنْ اَكَلَ طَعَامًا فَقَالَ اَلْحَمْدُ لَلَّهِ الَّذِى اَطْعَمَنِى هّذَا الطَّعَامَ وَرَزَقَنِيهِ مِنْ غَيْرِ حَوْلٍ مِنِّى وَلَا قُوَّهٍ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ.
«Кімде-кім тамақтанарда «Менің күш-қуатымсыз мені ризықтандырып, тамақтандырған Аллаға мадақ» десе, кішкентай күнәлары кешіріледі»,-деп, шынайы құлдың әрбір тамақтанар сәтінде де Аллаға шүкір етуінің қажеттілігін баса дәріптейді.
Міне, осылардың барлығы тілдің қатысумен, құлдың ауызбен айтуы арқылы болатын шүкіршілік көріністері. Алланың ныметіне деген шүкірді тек жүрекпен сезініп қана қоймай, тілімізбен айтудың өзі дініміздегі маңызды бір құлшылық екенін ұмытпағанымыз абзал.
Көбіне біз рахметімізді, алғысымызды шынайы Иесіне емес жолдағы түкке тұрғысыз себептерге білдіріп жатамыз. Қалайша дейсіз бе? Базардан бір алма сатып алдық делік. Сатушыға рахметімізді айтып, қолына ақшасын ұстатамыз. Бірақ сол алманы «құлым жесін» деп көз тартар сұлу пішінде жаратып, аузыңнан сілекейіңді ағызар тамаша дәм мен мұрныңды жарар керемет жұпар иіспен безендіріп бізге жіберген, яғни алманың шынайы иесі – Аллаһ Тағалаға шүкірімізді, рахметімізді білдіріп, Оған деген қарыздығымызды сезінеміз бе?
Сатушының қолына ұстатқан азды-көпті тиын-тебенді алманың құны деп ойламаңыз, ол тек сатушының еңбегі ғана. Себебі, алманың өз құны өлшеусіз. Ол бағамен өлшенбейді. Неге дейсіз бе? Егер алма жоқ болса, оны өсіру үшін дәнегін қайдан алар едік? Миллиардтаған қаржы жұмсап бір түйір дәнін жасай алар ма едік? Тіпті дәні бар болған күннің өзінде оның өсіп жетілуіне керекті Күнді, ауаны, топырақты, ондағы әр түрлі минералдарды қайдан табар едік? Бір Күннің өзін триллиондаған қаржыға сатып ала алмасымыз анық. Тіпті бүкіл әлем жиналса, алманың өсуі үшін керекті суды, ауаны жасай алмайды. Енді осы алмаға керекті күн, ауа, топырақ, су сияқты қажетті заттардың баға жетпестігін ескере отырып, алманы бағалап көрейікші…
Иә, біз көбіне жаратқанды ұмытып, ортадағы себептерге ғана алғысымызды білдірумен шектеліп жатамыз. Бұл ісіміздің қаншалықты әділетсіз екенін білу үшін мына мысалға назар аударайық.
Патша қызметшісі арқылы біреуге бағалы сый жіберді делік. Әлгі адам сыйлықты ала салысымен рахметін үйіп-төгіп патшаның қызметшісіне айтып, сыйды тарту еткен патшаның өзін елемесе, оның бұл ісі қаншалықты жөнсіз болар еді. Бұл тұста нағыз алғыс айтуға лайық жан қызметші емес, патшаның өзі емес пе?!
Денемен жасалатын шүкір
Шүкіршілік жайлы айтқан кезде, басқа құлшылық түрлері секілді бұл ғибадаттың да дене мүшелердің қатысуымен жасалатынын ескерген жөн. Яғни, дене мүшелеріміздің Аллаға ғибадат етуі, Алла ризалығы жолында қызмет жасауы, құлшылықтар атқарып, үкімдерге бағынуы дененің шүкірі болып табылмақ.
Риуаяттарға қарағанда, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) түні бойы аяқтары ісігенше намаз оқып шығатын болған. Сонда Хазіреті Айша (р.а) анамыз тұрып;
– Уа, Алланың Расулы (ﷺ)! Алла Сіздің бұрынды-соңды күнәларыңыздың барлығын жарылқаған ғой. Ғибадат үшін мұншама қиналғаныңыз не?,-деп сұрағанда Алла Елшісі (ﷺ):
اَفَلَا اَكُونَ عَبْدًا شُكُورًا
– Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?,-деп жауап береді.[14]
Бұл хадистен Алла Елшісінің (ﷺ), өзі айтып тұрғанындай, түнгі намаздарды Алланың шексіз мейіріміне, жарылқауы мен кешіріміне шүкір ету үшін жасап жатқанын көреміз. Біздің бұл хадистен алар өнегіміз де орасан. Алла Елшісі (ﷺ) Раббымыздың өзіне берген айырықша нығметін еске алып, денемен шүкіршілік етіп, құлшылығын бекемдеген болса, біздер де солай әдеттенуге құлшынуымыз керек. Яғни, бұл өмірде біліп-білмей істеп жүрген күнәларды тоқтатуға, ары қарай Алланың мейір-рахметіне лайық құл болуға құлшынып, құлшылықтарымызды толық орындап, Алла әміріне толық бойұсынуға құлшынудың өзі дененің шүкіріне жататынын білдіреді.
Алла Расулының (ﷺ) мүбәрак дұғаларының бірінде:
اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ، أَنْتُ قَيِّمُ السَّمَوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَنْ فِيهِنَّ، وَلَكَ الْحَمْدُ، أَنْتَ نُورُ السَّمَوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَنْ فِيهِنَّ، وَلَكَ الْحَمْدُ، أَنْتَ مَلِكُ السَّمَأوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَنْ فِيهِنَّ، وَلَكَ الْحَمْدُ، أَنْتَ الْحَقُّ، وَوَعْدُكَ الْحَقٌّ، وَلِقَاؤُكَ الْحَقٌّ، وَقَوْلُكَ حَقَّ، وَالْجَنَّةُ حَقٌّ، وَالنَّارُ حَقٌّ، وَالنَّبِيُّونَ حَقٌّ، وَمُحَمَّدٌ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَقٌّ، وَالسَّاعَةُ حَقَّ، اللَّهُمَّ لَكَ أَسْلَمْتُ، بِكَ آمَنْتُ وَعَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ، وَإِلَيْكَ أَنَبْتُ، وَبِكَ خَاصَمْتُ، وَإِلَيْكَ حَاكَمْتُ، فَاغْفِرْ لِي مَا قَدَّمْتُ وَمَا أَخَّرْتُ، وَمَا أَسْرَرْتُ وَمَا أَعْلَنْتُ، أَنْتَ الْمُقَدِّمُ وَأَنْتَ الْمُؤَخِّرُ، لاَ إِلَهَ إِلاَّ أَنْتَ، وَلاَ إِلَهَ غَيْرُكَ
«Иә, Алла! Мадақ саған тән. Сен көктер мен жердің және олардың арасындағы барлық нәрсенің Реттеушісісің. Мақтау саған лайық. Сен көктер мен жердің және олардың арасындағы барлық нәрсенің Нұрысың. Мақтаулардың барлығы саған хас-дүр. Сен көктер мен жердің және олардың арасындағы барлық нәрсенің Иесісің. Мақтау саған лайық. Сен Хақсың, уәдең-хақ, Сені (ақыретте) көру-хақ, сөзің-хақ, жәннатың де хақ, тозағың да- хақ. Пайғамбарларың да хақ. Мұхаммед (ﷺ) де хақ. Қиямет күні де хақ. Иә, Алла! Саған бойсұндым, саған иман келтірдім және тәуекел еттім, саған сендім. Жалғыз саған сеніп (дұшпандармен) арпалыстым. Сенің ғана үкім беруші Ұлы зат екеніңді қабылдадым. Иә, Алла! Істеген және істемек болған, ашық және жасырып күнәларымның барлығын кешіргін. Ақырет күнінде мені бірінші тірілтетін, дүние тіршілігінде пайғамбарлығымды қияметке дейін қалдыратын да Сенсің. Сенен басқа ғибадатқа лайық тәңір жоқ, Сен ғана барсың[15]-дейді. Міне, нағыз бойұсынған құлдың дұғасы. Нағыз Пайғамбарлық дұғасы. Адамзаттың ішіндегі ең жоғары мәртебеге ие бола тұра, соған сай шүкір етудің көрінісі. Бұл дұға Алланың ақырғы Елшісінің (ﷺ) әрбір үмметінде әрдайым шүкіршілікте болу өнегесін үйретіп тұрғандай.
Адам баласы дүние тіршілігінде денсаулық пен байлық жағынан бірдей болмайтыны анық. Біреу ауру, біреу сау, біреу кедей, біреу бай, біреу бақытты, біреу бақытсыз. Бұл Алланың бір сынағы екені даусыз. Бірақ, шүкір ету үшін адам баласы қандай жағдайда да өзінен төмен адамдарға қарап, өзіне берілген нығметтерге қанағат тұтуы керек. Пайғамбарымыз бір хадисінде:
مِنْ نَظَرَ فِى دِينِهِ إِلَى مَنْ هُوَ فَوْقَهُ فَاقْتَدَا بِهِ وَنَظَرَ فِى إِلَى مَنْ هُوَ دُونَهُ فَحَمِدَ اللَّهَ عَلَى فَضَّلَهُ بِهِ عَلَيْهِ كَتَبَهُ اللَّهُ شَاكِرًا صَابِرًا وَ مَنْ نَظَرَ فِى دِينِهِ إِلَى مَنْ هُوَ دُونَهُ وَنَظّرَ فِى دُنْيَاهُ إِلَى مَنْ هُوَ فَوْقَهُ فَأَسِفَ عَلَى مَا فَاتَهُ مِنْهُ لَمْ يَكْتُبْهُ اللَّهُ شَاكِرًا وَلَا صَابَرًا
«Дүние істерінде өзінен төменге қарау, дінде (діни үкімдерді орындауда) өзінен жоғарыларға қараған адамды Алла Тағала әрі сабырлылардың, әрі шүкір етушілердің қатарында қылады. Ал, дүние тіршілігінде өзінен жоғарыларға қарап, дінде өзінен төмен болғандарды місе тұтқан адамды Алла Тағала сабырсыздар мен шүкірсіздердің қатарында қылады»,-дейді[16].
Сондықтан, шүкіршілік Пайғамбарлардың, періштелердің және таңдаулы құлдардың ерекшеліктерінен. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَ قَلِيلٌ مِنْ عِبَادِىَ الشَّكُورُ
«Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз»[17] деп, шүкір етушілердің аз болатынын меңзесе керек.
Бірде Хазіреті Омар (р.а) бір адамның «Иә, Алла! Мені сол аздардың қатарында қылғын!» деп дұға жасағанын естиді де;
– Бұл қандай дұға?-деп сұрайды. Дұға жасаушы болса:
– Алла Тағала; «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» демеді ме? Мен сол аз ғана шүкір етушілердің қатарында болғым келеді,-деп жауап береді. Сонда Хазіреті Омар:
– Омардан басқаның бәрі хабардар (білгір),-дейді[18].
Пайғамбарымыз былай дейді: «Исрайыл ұрпақтарының арасында ғалым һәм көп құлшылық қылар тақуа бір адам бар еді. Осы кісінің бір күні өте жақсы көрген әйелі кенеттен қайтыс болады да әлгі адам қатты қайғырып, есікті іштен тарс бекітіп, аза тұтып, төсектен тұра алмай жатып қалады. Оның осы жағдайын сол елдегі бір әйел естиді. Әлгі ғалымның үйіне келіп, есік аузындағы кісілерге: «Менің ғалыммен жекеше шаруам бар еді»,- дейді. Ауыздағы адамдардың бірі ғалымға: «Мына жерде сізді бір әйел күтіп тұр. Сөзсіз сізге жолығуым керек. Жеке мәселем бар дейді! – деп хабар береді. Ғалым: «Келсін»,- деп жауап қатады. Әйел жанына келіп: «Сізден бір нәрсе сұрағалы келіп едім»,- дейді. Ғалым: «Не сұрайын деп едің?»,- дегенде әйел: «Менің көршімнен аманат етіп алған бір алқам бар еді. Оны біраз уақыт тағып, пайдаландым. Кейіннен менен сол алқаны қайта сұрады. Сіз не дейсіз? Алқаны иесіне қайтарып берейін бе? – дейді. Ғалым: «Әлбетте, дереу қайтарып беруің тиіс»,- деп нақты айтады. «Бірақ алқа көптен бері мойнымды тағулы еді. Сондықтан оны қатты жақсы көріп қалған едім»,- деп, әйел бергісі келмегенін білдіреді. Ғалым сонда: «Оған әбден үйреніп, жаныңа жақын болғанына қарағанда, ол сенде көп тұрып қалыпты ғой. Дереу аманатты иесіне қайтаруың қажет»,- дейді. Осыны айтқанда әйел: «Құдай Тағала ақырын берсін! Сен Аллаһ Тағаланың аманат етіп беріп, енді қайтарып алған нәрсесіне қайғырып отырсың ба? Ол берген аманатына сенен қарағанда әлдеқайда лайық емес пе?»,- дейді. Ғалым уәжге жығылып, Хақ Тағалаға шүкір етіп, ес жияды»[1].
Шүршілік нығметті арттырады
Құран аяттарына сүйенетін болсақ, күнделікті өмірде Алланың берген нығметтерін еске алып, шүкіршілік етіп отыратын болсақ, бұл ісіміз нығметтің баяндылығы мен одан ары көбеюіне себеп болады екен. Ал, шүкірсіздік жасайтын болсақ, ол Алланың азабына ұшырауымызға себеп болатындығы аятта баяндалған. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде:
لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ
«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатал»[20],-делінеді. Демек, Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкіршілік жасауы құлдың білімділігі мен парасаттылығы, бойұсынушылығы болып саналмақ. Ал, бұны атқармауы Аллаға деген қарсылық екені аяттан белгілі болып тұр. Егерде кімде-кім надандықпен Алланың нығметтеріне шүкірсіздік танытып, қарсы келсе, қатты азаппен азапталатындығын көреміз.
Сондай-ақ, шүкіршіл құлдардың сыйлығы жайында да Құранда сүйінші аяттар бар. Мәселен, мына бір аятта:
مَا يَفْعَلُ اللَّهُ بِعَذَابِكُمْ إِنْ شَكَرْتُمْ وَآمَنْتُمْ وَكَانَ اللَّهُ شَاكِرًا عَلِيمًا
«Егер шүкірлік етіп, иман келтірсеңдер, Алла сендерді неге азап қылсын? Өйткені, Алла (Т.) шүкірлікті бағалаушы, толық білуші»[21],-делінеді. Демек, шүкіршіл болудың дүние-ақыреттік пайдасы орасан болмақ.
Әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың берген нығметі мен жақсылықтарын әрдайым жадынан шығармай, тілімен де, денемен де шүкір етіп жүруді әдетке айналдыруы мұсылманшылықтың үлкен сипаттарының біріне ие болуы деген сөз. Шүкіршілік – мұсылманның ізгі амалдарының бірі. Ендеше, уағызымыздың соңын осындай ізгі амалдардың есесіне қандай сый жасалатыны жайлы Құран аятымен тамамдасақ:
إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ يَهْدِيهِمْ رَبُّهُمْ بِإِيمَانِهِمْ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهِمْ الْأَنْهَارُ فِي جَنَّاتِ النَّعِيمِ. دَعْوَاهُمْ فِيهَا سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَتَحِيَّتُهُمْ فِيهَا سَلَامٌوَآخِرُ دَعْوَاهُمْ أَنْ الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ
«Расында сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің имандары себепті Раббылары, оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннәтінің жолына салады. Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады»[22].
Сараңның есебі
Хазіреті Мәулананың қызы бір күні әкесіне күйеуінің сараңдығын айтып шағымданады. «Әке, ол адам соншалықты мал-мүлкі, құлдары бол тұра, аш жүреді, үстіне де киім алмайды»,- дейді.
Мәулана былай деп жауап береді: «Дұрыс емес әрине, бірақ осындай сараңдар мен сараңдықтар болмаса, бұл дүниенің мал-мүлкі қалай жиналар еді?»-дейді. Сосын бір оқиға туралы айтады:
Бай, бірақ сараң бір адам екен. Бір күні мешітке барады. Бірден «Үйдегі шамды өшірдім бе екен?»-деп күмәнға салына бастайды.
Ерінбестен қайтадан үйіне келіп, күңіне айқайлайды: «Дереу шамды өшір, майы таусылмасын, бірақ есікті ашушы болма».
Күң «Есікті неге ашпаймын?»-дейді. «Есікті ашқанда тоқпағын қажайсың»-дейді.
Сонда күң: «Соншалықты есеппен жүретін болсаңыз, мешіттен осы жерге дейін жүргенде, аяқ киіміңіздің тозатынын ойламадыңыз ба?»-деп сұрайды.
Қожайыны бұл сұраққа «Қалайша ойламаймын, бұл жерге жалаңаяқ келдім, міне, аяқ киімім қолтығымда»,-дейді.
Бұл оқиғаны естіген Хазірет Мәулананың қызы өзінің жағдайына шүкіршілік еткен екен.
«Сараң адам ақ нанды құшақтап отырып аштан өледі» (Мақал).
Пайғамбарымыз (С.Ғ.С.) Бес уақыт намазды жамағатпен, жылап тұрып оқуы былай тұрғанда, түн жарымда тұрып «тәһәжжуд» намазын егіле жылап, аяқтары талып-ісігенше оқитын. «Уа, РасулАллаһ, өзіңді неге мұнша қинайсың?» – деген Айша анамыздың сұрағына: «Аллаһқа шүкір еткен құл болмайын ба?» – деп жауап қатқан Аллаһ Елшісінің намазынан қандай жалғандық көруге болады?
Пайғамбарымыз бірде былай дейді: «Аллаһ Тағаланың жер бетін аралап Өзін зікір еткендерді іздейтін періштелері бар. Бұл періштелер Аллаһ Тағаланы зікір етіп жатқан бір жамағатқа кездессе «Іздегендерің мына жақта» деп бір-бірін шақырады. Сонда барлығы жинала қалып, Жаратушыны пәктеп мадақтауға, тек Соған ғана құлшылық етіп ұлықтауға жиналған топты қанаттарымен бүркеп көк әлеміне дейінгі аралықты толтырады. Аллаһ Тағала оларды жақсы біле тұра періштелерінен: «Құлдарым не деп жатыр?»,- деп сұрайды. Періштелер: «Олар Сені тәсбих етіп, Сенің жаратылыс атаулыдан мүлдем пәк екендігіңді паш етуде. Саған тәкбір айтып, ұлықтап, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның теңдессіз екендігін жариялауда. Һәм Сенің берген несібелеріңе шүкір етіп, мадақтауда. Саған тағзым етіп, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның алдында өздерінің қауқарсыздығын танытуда»,- дейді. Аллаһ Тағала сұрағын жалғастырып былай деп сұрағын өрбітеді:
- Олар Мені көріп пе еді?
- Жоқ!
- Көрсе не істер еді?
- Егер Сені көргенде бұрынғыдан да терең құлшылыққа беріліп, шексіз тәсбих етіп, Өзіңді ұлықтай түсер еді.
Аллаһ Тағала:
- Олар не тілейді?
- Олар Сенен Жәннатты тілейді.
- Жәннатты көріп пе еді?
- Жоқ, Раббымыз! Олар Жәннатты көрмеген.
- Көрсе не істер еді?
- Егер Олар жәннатты көргенде оған көзсіз қызығып, «Бізге Жәннатты нәсіп ете гөр!» деген тілектері телегей теңіз болып тербетілер еді.
Аллаһ Тағала:
- Олар не нәрседен құтылуға тырысуда?
- Әрине, олар Жәһаннамнан құтылуға тырысуда.
- Олар Жәһаннамды көріп пе еді?
- Жоқ, Раббымыз олар Жәһаннамды көрмеген.
- Көрсе не істер еді?
- Жәһаннамды көргенде бұрынғыдан бетер қорқып, түршігіп, одан бойын аулақ салуға тырысар еді.
Осы кезде Аллаһ Тағала: «Сендерді куә ете отырып оларды кешірдім!»,- дейді. Сонда бір періште: «Олардың арасында пәленше деген күнәкар бір құл да бар. Ол – бөлек адам. Оларға жатпайды. Басқа ниетпен барып, қастарына тізе бүккен»,- дейді. Сонда Аллаһ Тағала: «Оны да кешірдім! Мұндай жамағаттың қасында отырған адам да солардың арқасында бақыттан кенде болмайды!»[2],- дейді. Яғни бұл жерде күнәкар адам қанша күнәға батса да, тақуалармен жолыққанда күнәсі кешіріле кетеді деген сөз емес. Әуелі мұнда Хақ Тағаланың рақымының шексіздігін айтып тұр. Екіншіден бір қоғамда елді туралыққа шақырып, тақуалық жолмен жүрген бір мұсылман жамағат болса, оның әсері тек өздеріне ғана емес жалпы қоғамға да болмақ.
Осыншама жақсылықтың, ырыс-берекенің алғысы «шүкір» деген үйреншікті сөзбен шектелмейді. Ұлы Иемізге деген шынайы алғысымыз бен махаббатымыздың белгісі – Оның бұйырған әмірлерін «ләббайк» деп, айна-қатесіз орындап, міндеттеген ғибадаттарын толық атқару мен тыйымдарынан түгелдей тыйылу. Ендеше, Оған деген алғысымыз бен махаббатымызды осылай дәлелдеп, осылай атқарайық!
[1] Муатта, Жәнәйз, 43.
[2] Бухари, Дауат 66.
Әбілхан ЖӘПШІЕВ,
Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің
бас имамы