ФОРУМ ТҮЙІНІ: ДІННІҢ ТҰТАСТЫҒЫ – ЕЛДІҢ ТҰТАСТЫҒЫ!

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген Бас кеңсесінде ұйымдастырылған дәстүрлі форумға Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белгілі теологтар және 500-ден астам имам қатысты.

Имамдар форумы елімізге белгілі қари, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб има­мы Жұманазар Өсерханұлының қа­сиетті Құран аяттарын оқуымен басталды.

Бұдан кейін форум модераторы – Бас мүфти Серікбай қажы Ораз сөз кезегін Президент Әкімшілігінің Басшысына ұсынды. Е.Қошанов бірінші кезекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Имамдар форумының қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Баршаңызды игі дәстүрге айналған Имамдар форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия. Ислам дінінің осын­дай ізгі құндылықтары еліміздегі мұ­сылмандар қауымын біріктіріп, ын­ты­мағын арттырып отыр. Осы орайда, имамдарымыз халық арасында руха­ни-ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына иман­дылықты дарытуға атсалысуы маңызды. Бұл жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» – делінген Президент құттықтауында.

Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Форумның маңыздылығына, имамдар қызметінің қоғам өміріндегі алар орнына тоқтала келіп, «Бүгінгі Форум Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастырушылық-ағартушылық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, дін саласындағы жаңа бастамаларға тың рухани серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – елімізде халықтың көңілінен шығатын иманды әрекеттерге ұйытқы болып, қоғамда өз орнын таба білді. Бүгінгі мешіт имамдарының халық арасында жүргізетін ауқымды істері Қазақстан мұсылмандарының рухани сұранысына қалтқысыз қызмет етудің жарқын көрінісіне айналды.Сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен келісімді, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға да аянбай үлестерін қосуда», – деді.

Өз кезегінде Премьер-Министр­дің орынбасары Бердібек Сапарбаев мем­лекеттің өркендеуі оның экономикасының дамуымен, халықтың әл-ауқатының артуымен ғана өлшенбейтінін, ұлттың жан-жақты білімі, жан дүниесінің таза­лығы, рухани байлығы – аса маңызды мә­селе екенін жеткізді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев 2015 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезінде: «Бүгінде адамзат үлкен материалдық, ғылыми техникалық және интеллектуалдық мүмкіндіктерге ие. Егер адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды», – деп тұжырымды сөз айтқан еді. Расында, туралықтың туын ұстап, адамгершіліктен аттамай, кісілік келбетімізді сақтап, дініміз бен дәстүрімізден жаңылмасақ, біздің бағындырар белесіміз де, алар асуы­мыз да көп болмақ», – деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауында әлем мойындаған ғұлама әл-Фа­рабидің 1150, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуді тапсырғанын айта келіп, «Бұл бастамаға қолдау көрсетіп, насихат жұмыстарында ойшыл-ғалымдарымыздың салиқалы сөзі мен өсиетін халыққа дәріптеуді тоқтатпауымыз тиіс. Өйткені Ислам діні­нің адамгершілік құндылықтарын наси­хат­тауда әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, т.б. тұл­ғаларымыздың өнегелі өмірі мен өшпес мұрасы құнды насихат бола алады», деді.

Алқалы жиында Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дәурен Абаев бұл форумның ҚМДБ-ның қоғамдағы беделін арттыруға, имамдарымыздың мәртебесін күшейтуге, еліміздегі мұсылман үмбе­тінің ортақ мүддеге бірігуіне септігін тигізетініне сенім білдірді. «Өздеріңізге белгілі, Тәуелсіздік алғаннан бері, елі­мізде дәстүрлі Исламның, жалпы діннің рөлі айтарлықтай өсті. Азаматтардың, әсіресе жастардың дінге бетбұрысы, қоғам­дағы белсенділігі артып келеді. Осы тұста біздерге діни бағыттағы даму жо­лымызды саралап, заманауи талап­тарға сай түлетіп алу қажет. Бұл тура­лы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Діннің тұтас­тығы – елдің тұтастығы», – деген болатын. Бізде тарихи тұрғыда қалыптасқан Ислам діні біркелкілігімен, төзімділігімен және дәстүрімізбен астасып жатуымен ерекшеленеді», – деді ол.

Министрдің айтуынша, бүгінде, өкі­нішке қарай, кейбір жекелеген адамдар діннің атын жамылып, экстремизм мен терроризмді, діни фанатизмді насихаттап жүр. Олар қазақ жеріндегі сан ғасырлық тарихы бар исламды, бабаларымыз әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн, Абай мен Шәкәрім дәріптеген дәстүрлі дінімізден сырт айналып, деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетті. «Сон­дықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдында аса маңызды, ерек­ше жауапты жұмыс тұр. Ол еліміз­дегі мұсылман үмбетін «Қолда бар алты­нымыздың» қадірін білуге, оны қас­терлеуге шақыру, бабалар мұрасы – асыл дінімізді  көздің қарашығындай сақтауға үйрету. Оған қоса, Ислам дінін ұстанушы азаматтарымыздың діни білімін арттырып, ғаламдық сұраныстарға лайықты жауап бере алатын «сапалы үмбет» тәрбиелеу де кезек күттірмейтін шаруа. Осы мақсатта біздер нақты жұмыстарды бастадық. Бүгінгі форумда қабылданатын «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсыл­мандарының Рухани Тұғырнамасы атты құжат – халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен құндылығын жаңғыртып, бұқараға кеңінен насихаттауға арналған», – деді Д.Абаев.

Одан әрі министр мемлекет пен ҚМДБ алдында тұрған  бірқатар маңыз­ды мәселелерге тоқталды. Олар: Діни басқарманың ағартушылық жұмыс­тарының сапасын  жаңа деңгейге көтеру, мешіттердің қызметін реттеуді жандандыру, Діни басқарма қызметшілерінің жоғары білімі мен біліктігін арттыру, Діни басқарманың әлеуметтік желілер мен БАҚ беттеріндегі ағартушылық жұмыстарын күшейту, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Министр, сондай-ақ халық арасында кейде молдалар жұмысына көңіл толмаушылық айтылатынын, ел имамдарды Құран оқып, жаназа шығарумен қоса, басқа да үлкен істердің айналасында көргісі келетіндігін жеткізді.

Сөзінің соңында ол дін мәселесі Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтың әркез ерекше назарында екенін атап өтті.

Жиында негізгі баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қоғамда көрініс тапқан мәселелерді шешудің жолын атап өтті. «Психологияда «ынсапсыз менталитет» деген тұжырым бар. Бұл – өмірдегі сәтсіздіктерді өзгеден көру деген ұғымға саяды. Айналадағы адамдардың ғибратты ғұмырынан шабыт ала білетін кісіде «парасатты ойлау» психология­сы қалыптасады. Бейнелеп айтқанда, біреудің мерейі тасып жатқанда, жігері құм болып, сергелдеңге әсте түспейді. Оны «неге?» деген сауалдан бұрын «неге болмасқа?» деген ойлар үмітіне қанат бітіреді. Өмірдегі сынақты сабырға жеңдірген жан парасат биігінде қала бермек. Рухани жан-дүниесі бай адам осы жолды таңдайды. Қоғамда көрініс тапқан мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, оның ішінде ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, т.б. Осындай күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы деп атар едім. Сана түзелсе – адам түзе­леді. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Рухы биік сана – барша жамандықтан қор­ғанатын қалқан. Біз осы бағытта жұды­рықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуі­міз керек», – деді Серікбай қажы Ораз.

Бас мүфтидің пікірінше, кісінің адамгершілік келбетін қалыптастыратын фактор – адам денесінің патшасы – жүрек. Мейірім, ынсап, ар мен ұят, жылулық жүректен тарайды. Адамның жұдырықтай жүрегі оның тұла бойындағы әрбір ағзаға әсер етеді. Осы орайда ол Алла Елшісінің: «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Ол – жүрек», – деген хадис-шарифіне назар аударды.

Сондай-ақ Бас мүфти: «Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы игі идея­ларды, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды Тұғырнамасында көрсетілген «Баршаға ортақ игілік. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бастамасын қолдай отырып, оған үлес қосуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Бүгінгі шара – осындай ізгі ойдан туған бастама. Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. Дін қызметкерлері мұны айтудан ешқашан жалыққан емес. Өйткені пайғамбарымыз прогреске үндеген. Дамудың жолын көрсеткен. Кертартпа көзқарас алға жылжуды тежейді», – деді.

Бұдан кейін жиында қоғам қайрат­кер­лері, ғалымдар, зиялы қауым өкіл­дері және имамдар сөз сөйлеп, Ислам дінінің маңыздылығы, ҚМДБ қызметінің басымдықтары, қоғамдағы түрлі мәсе­ле­лер тұрғысында сөз қозғады.

Форумда «Жеті рухани қазық» Қа­зақ­­стан мұсылмандарының Рухани Тұғыр­­намасы, «Дін қызметкерлері атқара­­тын діни рәсімдер тізілімі», «Діни қыз­меткерлердің лауазымдық міндет­тері» және «Діни лауазымдар тізілі­мі» ат­ты құжаттар қабылданды (бұл құжат­тар Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігімен бірлесіп дайындалған) әрі ІІІ рес­публикалық имамдар форумының Үндеуі жарияланды (Үндеу бөлек беріліп отыр).

Осы арада «Жеті рухани қазық» Тұғыр­намасына қысқаша тоқтала кетейік. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ай­туынша, Тұғырнама мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқан­да, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәде­ниетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық.

Return to Top ▲Return to Top ▲