УАҚЫТ СЕН ҮШІН НЕ?

Кез келген нәрсе, құбылыс белгілі бір уақытпен санасып, нақтылы бір өлшемдермен белгіленеді. Сол өлшемдердің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартаюы, дүниеден озуы. Өмір бейне жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның жарық күні санаулы, мөлшерлі. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырында.

Алла Тағала қасиетті Кұран Кәрімде: «Шүбәсіз Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық»,[1] – дейді.

Қысқаша түсіндірмесі: Әуелбаста әр нәрсенің мөлшерін, шегін, уақытын белгіледік. Сол белгіленген уақыт аяқталған кезде барша жаратылыс тіршілік етуін тоқтатады[2].

Сонымен қатар әр нәрсенің ақыры, түгесілетін кезі бар. Адамның қолындағы байлық күндердің бір күнінде саусақтан аққан су тамшысындай ғайып болады, бойдағы күші де уақыт өте сарқылады, сол секілді талайды тамсандырған адам жүзіндегі сұлулық та жылдар өте қатпар-қатпар әжімге айналады. Айнаға немесе фотосуреттеріңе бір сәт қарашы! жүзіңдегі өзгерістерді байқаған боларсың. Осыдан он жыл емес бес жыл бұрын қандай едің? қазір қандайсың? Енді бес-он жылда қандай болатыныңды ойладың ба? Барлық жаратылыстардың пәнилік екенін  Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былайша баяндайды:«Жер бетіндегі барлық нәрсе фәни! Тек ұлылық пен жомарттық иесі Раббыңның Өзі ғана мәңгі-бақи қалады!»[3].

Қысқаша түсіндірмесі: Бұл дүниедегі барлық тіршілік  Алланың ұлы туындысы. Жерде жүрген жан-жануарлар мен аспанда ұшқан құстардан бастап, көзге көрініп-көрінбейтін микроптарға дейін пәнилік, ақыр соңында өмір сүруін тоқтатады. Тек Жаратушы Алланың ғана ұлықтығы мәңгі жалғасады[4].

Адамның орта жасы жайында Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Үмметімнің жасы алпыс пен жетпістің арасы және кейбіреулер ғана бұл жастан асады»[5], –  деп сипаттап кеткен.

Егер адамның орташа ғұмыры жетпіс жас дейтін болсақ, бұл дегеніңіз жетпіс жыл емес пе?! Сол жетпіс жыл жастар үшін асуы биік белес болып көрінуі мүмкін, алайда жетпіс жылыңыз 840 ай ғана, сол жетпіс жылыңыз 3640 апта, 25550 күн екен. Соның 25 жылын ұйқымен өткіземіз, күніне бір сағаттай тамақ ішуге кетсе, 3,5 жылдай ғұмырыңыз тек дастарханның басында тамақ ішумен өтеді. Алдыңызда егер Алланың нәсіп еткен 30 жылы қалса сол отыз жылдың күніне екі сағатын пайдасыз істерде телефонмен, бос әңгімемен не теледидар қараумен өткізсеңіз ғұмырыңыздың 912 күнін босқа кетіргеніңіз. Өкінішті-ақ уақытымыз дәл осылай өзімізге де, өзгеге де, қоғамға да пайда келтірмеген күйде өтіп жатыр.

Уақытың қалай өтіп жатыр?

(Егер орташа жасың жетпіс жас болса)

  • 25 жыл ұйқыға кетеді
  • 10 жыл жұмысқа
  • 9 жыл теледидар, әлеуметтік желілер
  • 5,5 жыл үй жұмыстары
  • 3,5 жыл тамақ ішуге
  • 3,5 жыл (кітап газет)оқуға
  • 2,5 жыл саудаға
  • 1,5 жыл балаларға
  • 1,5 жыл транспортта
  • 8 жыл қалған істер

Негізінде адамның уақыты ол оның ғұмыры бір күніңізді артқа тастасаңыз бір бөлшегіңізді жоғалтқаныңыз, егер сағат тілі алдымызда үздіксіз тынбай 6,7,8,9,10 ды көрсетсе, сізге берілген тағдыр сағаты керісінше 10,9,8,7,6,… ең ақырында 0 көрсетеді. Бұл дегеніміз мына фәни дүниеде ішер дәм-тұзымыз таусылды деген сөз. Біз болсақ уақытымыздың жылдам өткеніне қуанамыз ал қалай өткеніне ойланып пайымдамаймыз.

Жасың отыз бесте дейік, осы отыз беске дейін сен не істедің? Еліңе, дініңе, қоғамға, өзіңе қандай пайда әкелдің?! Ойланып қарашы осы уақытқа дейін қанша күніңді мақтанышпен еске алып айта аласың? Өкінішке орай ондай күндеріміз саусақпен санарлық қана!

Егер адам баласы бір заттың құнын, маңыздылығын түсінсе оны жоғалтпауға, сақтауға бар күшін салады. Бұл табиғи құбылыс. Егер мұсылман уақыттың қадірін жете түсінсе, ол оны тек пайдалы нәрсеге Раббысына жақындататын амалдарды жасауға, өзіне, қоғамға пайда келтіруге тырысар еді.

Саған ауыр сұрақ!

Саған егер  дәрігер:  «Жер бетінде  алты айлық қана өмірің қалды десе не істер едің? Сен үшін бұл хабар әрине аспаннан жай түскендей болар еді, бірақ сен үшін бұның жақсы қыры – өмірдің мәніне қатысты ақиқат көзіңізді ашар еді.  Сол санаулы күндерді сен кіммен өткізер едің? Қалай өткізер едің? Қандай амалдарды жасауға ұмтылар едің? Кімге жақын, кімнен алыс болар едің? Бұл жауаптарға шынайы жауап берсең сен үшін ақиқат есігі ашылар еді. Жасалмай жүрген құлшылықтарың, біреуге айтқан ауыр сөздерің, нәпсіге еріп жасаған күнәларың баршасы алдыңнан шығар еді. Сол кезде маңызды істерден маңыздырақ істерді бірінші орындар едің. Адам табиғаты осылай, іс насырға шапқанда бірақ қолға алады, амал ете бастайды. Оған дейін уақыттың қадірін,  сағаттап бос кеткен ғұмырына қам жемейді.

Әр минутымызды жоғары бағалап, тиімді жоспарлағанда ғана рухани, материалдық байлыққа қол жеткізе аламыз. Дүниені қайтаруға шамамыз келгенмен, уақытты қанша дүние жұмсасақ та қайтара алмаймыз. Бұл ақиқат.

Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  хадистерінде уақыттың ерекше мәнге ие екені жайында көптеген аяттар бар. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да сендерге бағындырды. Сондай-ақ түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды. Ол сендерге өзіне сұраған нәрселердің барлығын берді. Бергені соншалық – егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді»[6],– деген.

Қысқаша түсіндірмесі: Жаратушы Алла бекіткен ұшқыр есеппен тоқтаусыз айналымдағы күн мен түнді сендерге бағындырып қойды. Ризық тауып, еңбек ету үшін күндізді жаратса, дем алып, ұйықтау үшін түнді жаратты. Сендер дұға тілеп, талап еткен барлық қажетті, әрі пайдалы нәрсені Алла есепсіз беруде. Егер Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар санына әсте жете алмайсыңдар, өйткені Оның сендерге берері сендер пайымдап, ойлағаннан әлдеқайда көп. Осыншама нығметтерге бөлене тұра адам баласы сол нығметтерді мойындамаумен өзіне зұлымдық жасауда[7].

Басқа бір аятта: «Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын қылды» [8],– деген.

Қысқаша түсіндірмесі:Күн түннің артынан өзінің нұрымен келсе, түн күннен кейін қараңғылығын жаяды. Бұның өзінде ақыл иелері үшін үлкен белгілер, шүкір етушілер үшін ұлы нығметтер бар. Атақты тәпсірші имам Табари бұл аят жайында: «Алла күндіз бен түнді бірінен соң бірін ілесетін етіп жаратты. Түнде үлгермеген амалын күндіз толтырса, күндіз үлгермеген амалын түнде толтырады»[9],–  деген.  

Уақыттың маңыздылығының бірден-бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Құран Кәрімнің бірнеше жерінде Алла күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт еткен:

 «(Жер бетін) тегіс қаптаған кезде түнге серт!»[10].

Қысқаша түсіндірмесі:  Әлемді өзінің қараңғылығымен жауып, барлық жаратылысты көруге перде қойған түнмен ант етемін.

 «Күнді шығарған күндізге серт»[11].

Қысқаша түсіндірмесі:   Қара түнекті нұрымен сейілтіп айналаға жарығын шашқан күндізбен серт.

«Таң шапағына серт!, және (мүбәрак) он түнге серт»[12].

Қысқаша түсіндірмесі: Қара түнекті қақ жарған таңның нұрымен ант етемін. Мұсылмандар үшін қасиетті болған зүл-хижжа айының алғашқы он күнімен ант етемін. Бұл он күн мұсылмандар үшін ең ұлық күндердің бірі. Ибн Аббас (одан Алла разы болсын), Мужаһид, Муқатил: «Бұл кеш – зүл-хижжаның алғашқы он кеші» – деді. Бұл дүниенің ең абзал күндері. Ол жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай дейді: «Дүниенің ең абзал күндері (зүл-хижжаның) он күні»[13].                                              

  «Күн көтеріліп жарқыраған сәске уақытына серт! Қою қараңғылық қаптап, жым-жырт тыныштық орнаған шақта түнге (серт!)»[14].

Қысқаша түсіндірмесі:Алла Тағала сәске күн көтерілгендегі және қараңғылық басқан уақытпен ант етеді. Күннен кейін түннің келуі Алланың ұлы құдірет иесі екенін дәлелі.                              

 «Ғасырға (оқиғаларға толы заманға, әсіресе, ақырғы бөлігіне) серт»[15]!

Қысқаша түсіндірмесі: Бұл аяттарда Алла Тағала әртүрлі ғажайыптарға, ғибратқа толы заманмен серт етеді. Алайда адам баласы осындай ғажайыптарды, Алланың белгілерін көре тұра қасіретке душар болуда. Ол қасіреттің ең ұлысы – осы қысқа алдамшы дүниені ақыреттен жоғары қоюында. Адам баласының артта қалдырған әрбір сәті оны ақыретіне жақындата түседі.

Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сүннетінде адам ғұмырының қалайша өткендігі жайында қияметте ауыр есепке тартылатынын ескерткен. Қияметте адам баласы жауап беретін негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты.  Муаз ибн Жәбәлдан келген хадисте:  «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды», деген[16].

Төмендегі сұрақтарға шынайы түрде жауап берші!

  1. Өміріңе разысың ба?
  2. Бір айлық өмірің қалса не істер едің?
  3. Өміріңнің қалай өтіп жатқанына өз-өзіңе есеп беріп көрдің бе?
  4. Өміріңде не нәрсені өзгертер едің?
  5. Өміріңнің қанша бөлігін артқа тастадың?
  6. Уақытыңның басым бөлігін не нәрсеге жұмсайсың?
  7. Әлде өмірдің ақиқатына жету үшін қиындықты күтіп жүрсің бе?

[1] «Қамар» сүресі, 49-аят

[2] Сафуат әттәфасир кітабы

[3] «Рахман» сүресі, 26-27 аяттар

[4] Сафуат әттәфасир кітабы

[5] Тирмизи хадистер жинағы

[6] «Ибраһим» сүресі, 33-34 аяттар.

[7] Сафуат әттәфасир кітабы

[8] «Фурқан» сүресі, 62-аят.

[9] Сафуат әттәфасир кітабы

[10] «Ләйл» сүресі, 1- аят.

[11] «Шәмс» сүресі, 3-аят.

[12] «Фажр» сүресі, 1-2 аяттар

[13] Ибн Хиббан риуаят еткен.

[14] «Духа» сүресі, 1-2 аяттар.

[15] «Аср» сүресі, 1-2 аяттар.

[16] Тирмизи хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲