Тәрбие – бесіктен

Күллі әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Аллаһ тағалаға сансыз хамділер болсын. Ақырғы пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болғай.

Ата бабамыз ежелден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөзді бойына терең  сіңіріп өскен дана халық. Қандай қиын жағдай болмасын ата-анасыз қалғаннан көздерін таса қалдырмаған. Жаратушы құдірет иесі тіпті адамзат баласына ескерту ретінде өз құлдарына Құран Кәрімде былай баян етеді:

«Мұхаммед (с.ғ.с.) олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды. Оларға: жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың (Бөтендігі жоқ)»[1], – деген. Демек, Ұлы жаратушы ата-ана мейірімінен құр қалған, опасыз жағдайларға душар болған жандарды өздеріне туыс етіп бауырларына басуға шақырады. Туыс болумен қатар, ұл-қыз демей, шапағатқа бөлеп  асырап алса, әз пайғамбар  Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) жаннатты сүйіншілеген:

«Кім қол астындағы қыз не ұл жетім балаға жақсы қараса, ол және мен жәннатта (осылай) бірге боламын»[2] – деп,  екі саусағын жанастырған еді.

Өкінішке орай қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 154 балалар үйі тіркелген, жетімдер саны 94 мыңнан асады. Тіпті, тіркелінбей, баспанасыз қалған жетімдер қанша. Туған балаларын керексіз етіп, далаға тастап кететін адамдар саны күн санап артып келеді. Ата-ананың махаббатын, сүйіспеншілігін, қамқорын көрмеген ұл-қыздарымыздың ертеңгі болашағы қандай болмақ?

   Тасбауыр, «көкек» аналар тоғыз ай, тоғыз күн іштегі сәбиін мәпелеп, қиналып көтеріп жүреді. Ендеше туған сәбиді қалдырып кетудің себебі неде? Бұның себебі – тәрбиеде. Қазақ халқы қашан да ұлдарын ұлағатты, қыздарын инабатты етіп өсірген. Бесігінде жақсы тәрбие алған қыз, ертең келін болғанда да бала кезінде көргенін істейді. Сондықтан балаға жақсы тәрбие беру – ата-ананың міндеті. Ал халқымыздың ұрпағының парасатты, инабатты, елін сүйер азаматы немесе азаматшасы болуына, ақылды, ойлы ұрпақ болып өсуіне дініміздің арқау болғанына тарих куә. Баланы асыл дініміз насихаттайтын шыншылдық, адамгершілік, мейірімділік, инабаттылық, жұмсақтық, әділдік сынды көркем мінезділікке баулып өсірсек, жақсы, өнегелі ұрпақ өсетінінде күмән жоқ.

Жетім, тастанды балалар мәселесі бүгінде өзекті мәселе болып отыр. Аллаһ тағала Құран кәрімде: «Кімде –кім мұсылмандардың ішіндегі бір жетімді жетектеп, ішкізіп-жегізу үшін  үйіне алып барса, ол кешірілмейтін бір күнә жасамаса (Аллаға ортақ қосу және құл ақысы) Аллаһ Тағала оны сөзсіз жәннәтқа кіргізеді»[3], сондай-ақ: «Аллаһ тағала жетім баққан және оған жақсылық жасалған үйді жақсы көреді»[4] дегендей, бүгінде жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата – аналық махаббатын сыйлаған жандар да баршылық.

Жетімдерге жақсылық жасалған үй ең жақсысы болып саналады. Ол үй мейірімділік пен сүйіспеншілікке толы, Аллаһ тағаланың разылығын алу, тозақ отынан сақтану үшін жүрген кеңпейілді адамдардың үйі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадис шарифтерінде былай айтады: «Жетімге жақын бол, оған мейірімділік ет, басын сипа, онымен бірге тамақ же! Осылай еткен адамның жүрегі жұмсарады және қажеттіліктері орындалады»[5]. «Тек Аллаһ разылығы үшін жетімнің басын мейірімділікпен сипаған адам, қолының тиген шаштарының санындай сауапқа қауышады».

Ал жетімдердің құқықтары туралы Құранда былай айтылған: «Ендеше жетімді қорлама!»[6], «Жетімдердің құқығын беруде әділетті болыңдар. Сендер істеген жақсылықтардың барлығын Аллаһ сөзсіз біледі»[7] деген.

Аллаһ тағала біздің әрбір қадамымызды,әрбір ісімізді қадағалап отырады. Жақсы ісімізге сауап жазса, жаман істерімізге күнә артады. Жетімді қорлаудан сақ болыңдар, ертеңгі күнде бізді қандай жағдай күтіп тұрғаны белгісіз. «Негізінен сондай жетімдердің малдарын зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын отпен толтырылған болады. Сондай-ақ  жалындаған тозаққа кіреді»[8].

Жүректі толғандыратыны сол – жетім балалардың көбі өзіміздің қаракөздер. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел едік. Осы мәселеге немқұрайлы қарамай, бала алдындағы міндеттерімізге адал болсақ, Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» демекші, еліміздің жарқын болашағына өз үлесімізді қосқандай боламыз. Аллаһ тағала бізге салиқалы ұрпақ нәсіп етсін! Әмин.

 

                                                                         Облыстық «Қызылжар»

                                                               орталық мешітінің

                                                    наиб имамы

Аян Алыпқашев Болатұлы



[1] Бақара сүресі, 220-аят

[2] Бухари,Әдеп,24

[3] Тирмизи, Бирр,14/1917

[4] Табарани хадистер жинағынан

[5] Хараити

[6] Дұха сүресі, 9-аят

[7] Ниса сүресі,  127-аят

[8] Ниса сүресі, 10-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲