Такфир жамағаты

Ислам әлемінде осы күнге шейін пайда болған дін атын жамылған қауіпті ағымдардың бірі такфир жамағаты немесе такфиршілер. Олар өздерін «джамағату дағуа уал хиджра» деп атайды алайда ислам әлемінде «джамағат такфир уал хиджра» деген атпен белгілі. Жалпы «такфир» сөзінің түбірі «куфр» сөзінен туындайды.

Куфр көптеген араб сөздіктерінде соның ішінде Ибн Манзурдың[1] «Лисәнул Араб» сөздігінде «жабу», «мойындамау» немесе «жасыру» деген мағыналарды білдіреді. Құран кәрімде:

وَبِنِعْمَتِ اللَّهِ هُمْ يَكْفُرُونَ

Алланың нығметіне шүкірсіздік (мойындамау) ете ме?[2]

Сол уақыттағы  діндарларға Иса пайғамбардан кейін соңғы пайғамбар Мухаммад (с.а.у) келеді дегенде пайғамбар өздерінен шықпағандықтан кітаптарында жазылған бұл мәліметті мойындамай жасырған болатын. Бұл жерде «куфр» сөзі бас тару, мойындамау.

Яғни күпір дегеніміз – Аллаһқа және пайғамбарларына сенбеген діннің әмірі мен тыйымдарына қарсы келген, жаратылыс ақиқатын мойындамаған кісіге «қабыл етпеуші, қарсы келуші, жоққа шығарушы» деген ұғымдарға келетін «кәфир (кәпір) атауын береді. Күпірлік тек Аллаһқа пайғамбарына сенбеумен ғана емес, діни үкімдардің қандай да біреуіне қарсы келумен де орындалады. [3]

Күпірліктің екі түрі бар:

Бірінші түрі: Үлкен күпірлік ол ислам дінінен шығарады оның бес түрі бар:

  • Жалғанға шығару. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنِ افْتَرَىٰ عَلَى اللَّهِ كَذِبًا أَوْ كَذَّبَ بِالْحَقِّ لَمَّا جَاءَهُ ۚ أَلَيْسَ فِي جَهَنَّمَ مَثْوًى لِلْكَافِرِينَ

Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе?[4]

  • Тәкәппарлықтан болған күпірлік. Аллаһ құран кәрімде:

وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلَائِكَةِ اسْجُدُوا لِآدَمَ فَسَجَدُوا إِلَّا إِبْلِيسَ أَبَىٰ وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ

Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды.[5]

         3-Күмәннан туған күпірлік. Аллаһ тағала құран кәрімде:

ودخل جنته وهو ظالم لنفسه قال ما أظن أن تبيد هذه أبدا وما أظن الساعة قائمة ولئن رددت إلى ربي لأجدن خيراً منها منقلبا قال له صاحبه وهو يحاوره أكفرت بالذي خلقك من تراب ثم من نطفة ثم سواك رجلا لكنا هو الله ربي ولا أشرك بربي أحداً
Ол өзіне зұлымдық еткен түрде бақшасына кірді де: “Тіпті бұны жоқ болады деп ойламаймын” деді.(36) “Әрі қияметтің болатындығын да ойламаймын деді. Мүбада Раббыма қайтарылсам, әрине бұдан да орын табамын” (деді).(37) Жолдасы оған сөйлесіп тұрып: “Сені топырақтан, сонан кейін бір тамшы судан жаратып, сонан соң Адам еткен Аллаға қарсы келесің бе?”,- (деді).(38) “Бірақ, менің Раббым, Ол Алла; Раббыма ешбіреуді серік қоспаймын”.[6]

4-Қарсы келу арқылы күпірлік жасау. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

وَالَّذِينَ كَفَرُوا عَمَّا أُنذِرُوا مُعْرِضُونَ

Ал сондай қарсы болғандар, ескертілген нәрседен жалтаруда.[7]

5-Екіжүзділіктен болатын күпірлік. Аллаһ тағала:

ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ آمَنُوا ثُمَّ كَفَرُوا فَطُبِعَ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ فَهُمْ لَا يَفْقَهُونَ

 Міне расында олар, иман келтіріп, кейін қарсы келгендіктерінің салдарынан жүректері бітелген. Енді олар, түсінбейді.[8]

Екінші түрі: Кіші күпірлік. Мұндай сипаттағы адамдар діннен шықпайды. Ол Құранда, хадистерде келген күнәлар, алайда үлкен күпірлік деңгейіне жетпейді. Мысалы Құран аятында «куфр» сөзі Аллаһтың нығметтерін жоққа шығарған адамдар хақында келген:

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا قَرْيَةً كَانَتْ آمِنَةً مُّطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَدًا مِّن كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал берді: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді. Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп жапа тарттырды.[9]

Сол секілді пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде келгендей:

 

سباب المسلم فسوق وقتاله كفر

Мұсылманды балағаттаушы пасық, өлтірушісі залым Бұл жерде «куфр» сөзі залым, Аллаһтың ашуына ұшыраған адам ретінде келтіріледі, өйткені оған Құран кәрімнің мына аяты дәлел:
يا أيها الذين آمنوا كتب عليكم القصاص في القتلى

Әй мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді.[10]

Бұл жерде Аллаһ тағала кісі өлтіруші күнәһарды мүміндер санатының ішінде келтірген, өйткені Құран аяты «Ей, мүміндер» деп басталады.

Үлкен күпірлік пен кіші күпірліктің айырмашылығы:

  • Үлкен күпірлік жасаған адам ислам дінінен шығады, кіші күпірлік діннен шығармайды.
  • Үлкен күпірлік жасау мәңгі тозақта қалады, ал кіші күпірлік жасаған адам мәңгі тозақта қалмайды.
  • Үлкен күпірлік барлық амалдардың сауабын жояды, ал кіші күпірлік сол күпірліктің қатысы бар амалды ғана жояды.

Біреуге кәпір деп үкім таңылған жағдайда бұл жерде үлкен күпірлікті мақсат етеді.

Кәзіргі кезде такфир жамағаты шариғат шарттарын ескермей бір адамның шариғатқа қайшы әрекет жасағаны үшін кәпір деп үкім бере салудан тартынбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің мүбарак хадисінде:

ومن رمى مسلما بكفر فهو كقتله

Кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, ол оны өлтіргенмен тең[11].

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَىٰ إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِندَ اللَّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ ۚ كَذَٰلِكَ كُنتُم مِّن قَبْلُ فَمَنَّ اللَّهُ عَلَيْكُمْ فَتَبَيَّنُوا ۚ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا ﴿٩٤﴾

Әй мүміндер! Алла жолында (соғысқа) шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: «Мүмін емессің» демеңдер. Өйткені Алланың қасында көптеген олжалар бар. Бұрын сендер де сондай едіңдер. Алла (Т.) сендерге қамқорлық етті. Сондықтан өте-мөте анықтаңдар. Шәксіз Алла істеген істеріңді біледі.[12]

        Сол себепті біреуді күпірлікке шығарардың алдында ол адамның не үшін ол әрекетті жасағанын ойлау керек. Мысалы адам білместіктен Аллаһқа лайықты емес заттарды таңуы мүмкін ол көп жағдайда ислам негіздерін дұрыс білмегендіктен туындайтын жағдай. Сол секілді ол қателесуі немесе оны істеуге мәжбүр болуы мүмкін, және кәпір деп үкім беруші адам мұның барлығын ескере білетін шариғатты терең оқыған адам болуы ләзім.

Кәзіргі кезде бұл шарттардың ешбірін ескерместен жылдам күпірлікке үкім беретін тәкфиршілер өздерінің діни ұстанымдарын хауариждерден алады.[13] Яғни адамды үлкен күнә жасағаны үшін күпірлікке шығарып, оны өлтіруге малын талан таражға салуға, ар-намысын таптауға  рұқсат береді. Такфир жайында ғалымдардың айтқан сөздері:

Имам әл-Қуртуби былай деген: «Такфир – оның алдына көптеген адамдар келіп, сүрінген қауіпті есік, ол есіктің алдында таңдаулылар ғана тоқтап, құтылды. Ал құтылумен не теңдесе алады!»[14]

Имам Ибн ‘Абидин былай дейтін: «Күпірлік – қауіпті нәрсе! Әрі егер мен мүміннің күпірлікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірлікте айыптамаймын»[15].
Ибн Таймия былай деген: «Күпірлікте айыптау нақты тұлғаның кейіпіне (жағдайына) байланысты ерекшеленуі мүмкін, өйткені қателік жасаған адамның әрбірі бидғатшы, немесе надан бола бермейді және кез келген адасушы да кәпір, бұзақы (фәсиқ), немесе тіпті жай күнәһар да бола бермейді»[16].

Күпірлік сөзі Құранда және сүннетте көп мәрте кездеседі алайда барлық жағдайда «діннен шығу» деп түсінуге болмайды. Бұған мысал Абдолла ибн Масғудтан жеткен хадисте : «Мұсылманды балағаттау төмен түсіру бұзақылық белгісі, ал онымен соғысу күпірлік айғағы»[17]

Бұл жердегі күпірлік сөзі мойынсынбаушылық, шектен шығу деген мағыналарды білдіреді. Бұған дәлел Құран кәрімде:

وَإِن طَائِفَتَانِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ اقْتَتَلُوا فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا ۖ فَإِن بَغَتْ إِحْدَاهُمَا عَلَى الْأُخْرَىٰ فَقَاتِلُوا الَّتِي تَبْغِي حَتَّىٰ تَفِيءَ إِلَىٰ أَمْرِ اللَّهِ ۚ فَإِن فَاءَتْ فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا بِالْعَدْلِ وَأَقْسِطُوا ۖ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ

Егер мүміндерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар; мүбада екі жақтың бірі, екіншісіне өктемдік жасаса, бас тартқан жақпен Алланың әміріне қайтқандарына дейін соғысыңдар. Егер қайтса, араларын әділдікпен жарастырыңдар, туралық істеңдер. Расында Алла туралық істеушілерді жақсы көреді.[18] Жоғарыдағы хадисте  күпір сөзі келсе, оны Құран аяты айшықтап атылған сөз залымдыққа, шектен шығуға қатысты айтылғанын меңзейді.

Құран кәрімде:

وَمَن لَّمْ يَحْكُم بِمَا أَنزَلَ اللَّهُ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الْكَافِرُونَ

Кім Алланың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар қарсы болушылар.[19] Бұл жердегі кәфирун деген сөз қарсы болушылар деп түсіндірілген. Оған Құран кәрімнің басқа бір аяты қуаттайды:

وَمَن لَّمْ يَحْكُم بِمَا أَنزَلَ اللَّهُ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

Және кім Алла түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар[20]. Тағы бір аятта:

وَمَن لَّمْ يَحْكُم بِمَا أَنزَلَ اللَّهُ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ

Алланың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар[21]. Егер адамды залым немесе бұзақы деп сипаттайтын болсақ ол оның діннен шыққанының дәлелі емес. Бұған қатысты салмақты дәлелдердің бірі сол уақыттағы Хауаридждермен көп тартысқа түскен атақты сахабы Абдолла ибн Аббас бұл аяттағы күпірлік жайынды былай деген: «Сендер айтып жүрген күпірлік діннен шығаратын күпірлік болып табылмайды.»[22] және бір сөзінде: «Істің мәні олар айтып немесе шамалап тұрғандай емес, өйткені бұл күпірліктің кіші күпірлігі» деген.  Күпірлік сөзінің нақты сол мағына бермейтіндігінің тағы бір дәлелі пайғамбарымыздың хадисінде келгендей: «Менің үмметімде екі нәрсе күпірлік болып табылады: шыққан тегін балағаттау және өлген адамды дауыстап жоқтау». Бұл екі нарсе ұнамсыз әрекеттер болғанымен діннен шығармайтынына ешкім күмән келтірмейді.

Және олар барлық үлкен күнә жасаған мұсылмандарды кәпір деп санайды. Оған арақ ішкен, зина жасаушы, кісі өлтіруші, ата анаға зұлымдық жасаушы барлық үлкен күнә жасаушы мұсылмандар кіреді. Алайда көпшілік ғұламалардың  пайымдауынша адам бұл әрекеттерді істеуімен діннен шықпайды діннен тек қана бұны хәлал деп таныса ғана шығады. Мысалы: арақты ішсе діннен шықпайды оны халал деп таныса ғана діннен шығады. Өйткені пайғамбарымыз (с.а.у) адамды негізсіз күпірлікке айыптаудан ескерткен:

«Егер адам өзінің (исламдағы) бауырына: «Әй кәпір» десе, бұл сөз өзіне қайтып оралады ол (адам) ол туралы айтылғаны шын болса, (ол соған лайықты) керісінше болған жағдайда (айтылған нәрсе айтқан адамға) қайтады[23] деген. Пайғамбарымыз (с.а.у)  кезіндегі соғыстардың бірінде бір сахаба бір мүшрікті өлтіру үшін қылышын көтергенде қорыққанынан кәлимә (Лә Иләһә илла Аллаһ Мухаммадар русулуллаһ) сөзін айтқан болатын оған қарамастан өлтіріп жібереді. Бұл хабар пайғамбарымызға (с.а.у) жеткенде әлгі сахабаны шақырып алып сұраған кезде ол оның өлімнен құтылу үшін ғана айтқанын жеткізді. Пайғамбарымыз жауап ретінде: «Сен оның жүрегін қақ жарып ашып көрдің бе?» деп жауап берді.

Аллаһ тағала Құран кәрімде мұсылмандарды орынсыз күпірлікке шығаруға қатаң тыйым жасады:

قُلْ إِنَّمَا حَرَّمَ رَبِّيَ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ وَالْإِثْمَ وَالْبَغْيَ بِغَيْرِ الْحَقِّ وَأَن تُشْرِكُوا بِاللَّهِ مَا لَمْ يُنَزِّلْ بِهِ سُلْطَانًا وَأَن تَقُولُوا عَلَى اللَّهِ مَا لَا تَعْلَمُونَ

«Күдіксіз Раббым, арсыздықтарды, Оның көрнеу, көмесін, күнәны, орынсыз озбырлықты, оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаға серік қосуларыңды және білмейтін нәрселеріңді Аллаға қарсы сөйлеулеріңді арам қылды» де (Мұхаммед Ғ.С.).[24]

Күпірлікпен бір адамды айыптау арқылы нағыз бұзақылар үшін олардың ар-намыстарын қорлауға , мал-мүліктерін талан-таражға салуға жол ашып береді, ал түгел қоғамды айыптау мекемелерді жаруға, қару-жарақтарға қол жеткізуге мемлекет затын иемденуге итермелейді. Бұл ислам шариғаты шеңберіне мүлдем қатысы жоқ әрекеттер. Пайғамбарымыз бұл әрекеттердің барлығын харамға шығарған:

فَإِنَّ دِمَاءَكُمْ وَأَمْوَالَكُمْ وَأَعْرَاضَكُمْ حَرَامٌ عَلَيْكُمْ كَحُرْمَةِ يَوْمِكُمْ هَذَا ، فِي شَهْرِكُمْ هَذَا ، فِي بَلَدِكُمْ هَذَا

«Сендердің бірлеріңнің қандарың, мал-мүліктерің, ар-намыстарың екінші біреулеріңе харам бұл күн, бұл ай, бұл қала харам (қасиетті) болған секілді», деді содан кейін сахабаларға (Аллаһ олардан разы болсын) сендер куәсіңдер ме? деді. Сахабалар бірауыздан : «Куәміз» деді. Пайғамбарымыз (с.а.у) Уа Аллаһ куә бол, уа Аллаһ куә бол деді. [25]Ия бұл пайғамбарымыздың (с.а.у) ең соңғы өсиеттерінің бірі еді. Одан кейін көп ұзамай бұл өмірмен қош айтысты.

Кәзіргі кездегі такфир жамағатының әлемнің түкпір-түкпірінде жарылыстар ұйымдастыруы ондағы бейкүнә адамдардың соның ішінде мұсылмандардың мерт болуы нағыз дінге жасаған зұлымдық. Аллаһ тағала Құран кәрімде :

وَمَن يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُّتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا وَغَضِبَ اللَّهُ عَلَيْهِ وَلَعَنَهُ وَأَعَدَّ لَهُ عَذَابًا عَظِيمًا

 Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы, ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған.[26]

Ой түйсігімен алатын болсақ, мұсылман емес мемлекетте өмір сүру күпірлік болса, сол басшыларды кәпірлер деп санасақ қанша зиялы ағаларымызды соның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, еліміздегі дәстүрлі ислам дінінің қанат жаюына өзінің сүбелі үлесін қосқан мұсылман бахадүр бабаларымызды имансыз деп танығанымыз. Елімізде кәзіргі уақытта бір жоғарғы оқу орын сегіз медресе, бір қарилер дайындайтын оқу орынның болуы еліміздегі діннің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Елбасымыздың : «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік»  деген сөзі Ислам дінінің негіздерінің еш кемшіліксіз екенін мойындауы, ал саясаттың адам ырқына сәйкес өзгеретінін айтып отыр. Ал істің мәнісіне жетпей кәпірге шығару ол барып тұрған надандық.

Аллаһ тағала Құран кәрімде айтады:

إِنَّ اللَّهَ لا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ

Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді.[27]

Кез келген шынайы мұсылман Аллаһтың заңымен жүргенді қалайды. Қоғамда болып жатақан азғындық, кісі өлтіру, зинақорлық, жетім балалар, қараусыз қарттардың көбеюі мұның барлығын жүрегінде адамгершілігі бар кез-келген адам қаламайды. Бірақ оның шешімі ислам мемлекетін құрумен аяқталмайды. Құран аятында келгендей ең алдымен сіз өзіңізді өзгертіңіз жанұяңызды тәрбиелеңіз өмір сүріп жатқан ортаңызды жақсылыққа шақырыңыз егер жақындарыңызды жақсылыққа қарай өзгерте алсаңыз көп ұзамай салихалы Аллаһтың дінімен үкім ететін қоғам дүниеге келеді.

Кәзіргі заманда қоғамымызда көрініс тапқан, бұл қатерлі ағымның қайта өрлеу тарихына тоқталар болсақ, оның  алпысыншы жылдар бастау алатынын байқаймыз. Ұзақ уақытқа созылған саяси езгіден кейін түрмелерде жазасын өтеуші тұлғалардың ішінде пайда болыды әсіресе Саид Қутуб[28] және оның жақтастарының өлімінен кейін мүлдем өршіп кетті. Бұл жерде өздерінің амандықтары үшін  топтан бөлініп, сол кездегі ел президенті Джамал Абду Насирді қолдаушы топқа бірінші болып тәкфирге шығарғандар өздері болатын. Аталмыш топтың атақты көсемдері:

Али Исмағил- түрмеде сотталған жастар арасында белсенді топтың басшысы болады.Әл-Әзһар университетін тамамдаған Саид Қутубпен бірге өлім жазасына кесілген Абдулфаттах Исмағилдің туған бауыры.

Махир Абдул Әзиз Знаати аталмыш ағымның бұқаралық ақпарат беру бөлімен басқарады. Топ жетекшісі Шукри Ахмад Мұстафамен бірге 1977 жылы өлім жазасына кесіледі.

Шукри Ахмад Мұстафа 1965 жылы 23 жасында саяси көзқарасы үшін тұтқындалып, алайда тұтқыннан босап шығып, 1971 жылы аграномия саласында бакалавр дәрежесін алады. Осыдан кейін біртіндеп өзінің жақтастарын жинап топ құра бастайды. Өзінің жақтастарын басқа қалалардан тауып, олардың басын қосып, 1973 жылы әміршісі болып тағайындалып, Мысырдың таулы аймақтарына жер аударады. Олар қажетті қару жарақтармен құрылғылармен жабдықталады. Алайды бұл әрекеттері өзінің діттеген мақсаттарына жетпейді. Сол жылы түгелдей мемлекет әскерінің қолына түсіп, тұтқынға алынады. Дегенмен оларға келесі жылдың сәуір айында кешірім жасалады. Алайды Шукри Мустафа бұрынғы ісін қайтадан бастап, бұрынғыдан да үлкен әскери жасақ құрып, бұл жолы шетелден де көмек тартылады. Өздерінен басқа мұсылмандарды кәпірге санап, кімде-кім топтан шықса діннен шыққан адам ретінде жазалау әрекеттерін қолданады. Ізбасараларына қаталдық танытқанымен оған соқыр сеніммен әмірлерін мүлтіксіз бойұсынатын. Мысырдың вакуфтар министрі Мұхаммад Хусейн әз-Захабидің өлімінен кейін  Мысыр мемлекеті оларды басуға ерекеше қолға алды. Жүздеген топ мүшелері қолға түсіріліп, бес қолбасшысына соның ішінде Мустафа Шукриге өлім жазасы кесілді. Бұл әділ де қатал әрекеттен кейін аталмыш ағымның әрекеті әлсіреді, бірақ түпкілікті жойылып кетпеді. Біздің уақытқа шейін олардың ізбасарлары көп мемлекеттерде болғанымен мемлекттер тарапынан қабылданған шешімдерге байланысты жасырын әрекет етуде.

Топ ұстанымы: Өздерінің ұстанымында күпірлікке шығару негізгі идея ретінде қабылданады. Кез келген үлкен күнә жасап, тәубаға келмеген адамды кәпір дейді. Сол секілді шариғатпен толық үкім етпеген барлық басшыларды кәпірге шығарады, және оларды бөліп жарып қарамайды. Сол секілді сол мемлекетке қызмет жасайтын адамдарды ара жігін ажаратпастан кәпір деп таниды. Олардың сенімі бойынша ғұламалар да кәпірлер өйткен олар олардың кәпірге шығарған нәрсесін кәпірге шығармаған. Және оларға қарсы келген олардың имамдарына ант бермеген кез келген қоғаvды кәпір қоғам деп таниды. Ал егер кімде-кім олардың жамағатына кіріп кейін шығатын болса, ол муртад діннен шыққан оны өлім жазасына кесетін. Олар оған шейінгі мұсылман ғалымдарының келісіміне, тіпті сахабалардың сөздерін құлақ аспайды. Олардың ойынша ислам дін ретінде тек төрт ғасыр бойы ғана амал жасалды одан кейінгі ғасырлар адасушылың деп таниды.

Хиджрет яғни жер ауыстыру олардың ұстанымындағы екінші негіз болып табылады. Хиджрат олар өмір сүріп жатқан олардың пікіріндегі кәпір мемлекетінен оқшаулау олардың ойындағы шынайы ислам мемлекетін орнату. Пайғамбарымыздың (с.а.у) ның және сахабалардың Мекке уақытындағыдай өмір сүру. Кәзіргі уақытта сандарының аздығынан олар кәпірлерге қарсы соғысқа үгіттемейді. Олар жамағат және жұма намаздарын мешітте оқымайды өйткені ондағы имамдар кәпірлер тек төрт мешітті мойындайды. Олар: Меккедегі харам мешіті, Мадинадағы пайғамбар мешіті, Құба мешіті, Ақса мешіті оның өзінде егер имамдары өздерінен болса. Алғашқы әмірлері Шукри Мустафаны қияметте келетін Махди деп иман келтіреді. Олардың ойынша Аллаһ олар арқылы бүкіл әлемге исламды жаяды деп сенеді.

Аталған ағымның Қазақстан жеріндегі әрекетіне орай, өткен жылдың қараша айында ҚМДБ дан арнайы пәтуә шыққан болатын ол пәтуә төмендегідей:

  • ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі «Тәкфиршілер» жамағатының әрекеттері жалпы Ислам дініне жат болғандықтан Қазақстанда таратылуына тиым салады[29].

Осы жылдың қазан айында аталған ұйымның дінге мемлекетке қауіптілігін ескере отырып Астана қаласы прокурорының арызы бойынша Сарыарқа аудандық сотының «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік топ деп тану және елімізде оның қызметіне тыйым салу жөніндегі шешімі шықты. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады[30].

Осы шешімді шығару кезінде аталған ұйымның экстремистік бағыттағы қызметі жөніндегі қолда бар материалдармен қатар, сотпен «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымының қызметіне Ресей Федерациясында, Қырғызстанда, АҚШ-та, Түрік Республикасында және Еуропалық одақта тыйым салынғандығы ескерілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді, осыған орай «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымының қызметіне қандай да бір қатыстылық (қызметіне қатысу, қаржыландыру, идеологиясын насихаттау және т.б.) заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады.

Сөз соңында ойымызды түйіндер болсақ, Бас мүфтиіміздің отандық телеарналарға берген сұхбаттарының бірінде ағымдарға қатысты сауалға: «ағымдар өзі аты айтып тұрғандай тасқын су секілді ағады да кетеді және артынан зиянын қалдырады» деді, сөзін жалғастыра келе, ислам тарихында көптеген ағымдар болғанын айтып, кәзіргі кезде олардан ешбірі қалмағанын жеткізді. Әрине солай болатынына сенейік, солай болатынына үміт етейік. Аллаһ тағала елімізді фитна атаулыдан сақтасын!

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ

[1] Джәмалудди́н Абу́ль-Фадль Муха́ммад ибн Му́крим әл-Анса́ри ар-Руа́йфииИбн Манзу́р деген атпен танымал (1232, —1311,) — мұсылмандардың атақты ғалымы, фиқһ, араб тілінің маманы, жиырма томдық араб сөздігінің «Лисәнул араб» авторы

[2] Нәхл сүресі, 72 -аят

[3] Смайыл Сейтбеков «Иман негіздері» 102-бет

[4] Анкабут сүресі, 68-аят

[5] Бақара сүресі, 34-аят

[6] Кәһф сүресі, 36-38 аяттар

[7] Ахқаф сүресі, 3-аят

[8] Мунафиқун сүресі, 3-аят

[9] Нәхл сүресі, 112-аят

[10] Бақара сүресі, 178-аят

[11] Бұхари хадистер жинағы

[12] Ниса сұресі, 94-аят

[13] Хауариждер – бұл мұсылман басшыларына сөзбен және қарумен қарсы шығатын, әрі мұсылмандарды үлкен күнәсі үшін күпірлікте айыптайтын ежелгі секталардың бірі. Олардың пайда болатыны туралы пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі көптеген хадистерінде хабарлаған еді. Хафиз Ибн Кәсир айтады: “Хауариждер туралы кейбір салиқалы сәләфтардың айтқанынан артық не бар десеңші, олар мына аятағы адамдар – хауариждер деп түсіндірген: «Айт: “Сендерге амалдары бойынша зиянға ұшыраушылардың хабарын берейін бе?” Олар дүниедегі еңбектері зая кеткендер. Өздері болса: “Рас жақсы іс істедік” деп ойлайды» (әл-Кәһф сүресі, 103-104-аяттар)”. Қараңыз: “әл-Бидайә уә-ннихая” 7/228.
Имам Әбул-‘Алия айтады: “Мен пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлімінен кейін он жыл бойы мухкәм (анық, бірмағыналы Құран мен Сүннет мәтіндерін) оқып жүрдім, сонда Аллаһ Тағала маған екі нығмет берді, алайда оның қайсысы жақсырақ екенін білмеймін: біріншісі, Ислам жолына салғаны; екіншісі, мені хауариж қылмағаны!” Қараңыз: “әт-Табәқат әл-кубра” 7/113.

[14] «әл-Муфхим» 3/111

[15] «Фатауа-ссуғра» 4/224

[16] «Минһажу-Ссунна» 5/250

[17] Бұхари хадистер жинағында №48

[18] Хужурат сүресі, 9-аят

[19] Маида сүресі, 44-аят

[20] Маида сүресі, 45-аят

[21] Маида сүресі, 47-аят

[22] Әл-Хаким, Мустадрак 2/313

[23] Әл-Бұхари хадистер жинағы, №6104

[24] Әл-Ағраф сүресі, 33-аят

[25] Бұхари хадистер жинағы №1741

[26] Ниса сүресі 93-аят

[27] Рағд сүресі, 11-аят

[28] Каир қаласынан 235 шақырым орналасқан Асьют аймағындағы Муша ауылында текті алайда кедей жанұяда 1906 жылы дүниеге келген. 1912 жылы мектепке оқуға барып,бес жылдан кейін Құранды түгел жатқа білген. Отыз жасында Каирге барып, «Дәр әл Улум» институтын аяқтайды. Бұл оқуды аяқтағаннан кейін мектептегі оқытушы дипломына ие болады. Білім саласында жұмыс істеп, АҚШ та білімін шыңдаған. Алайда АҚШ тағы өмірге ондағы ондағы азғындыққа  таң қалып, оқудан  қайтқаннан кейін АҚШ тық өмір сүру салтын қатты сынға алады. Уафд партиясының мүшесі болған. Мысыр мемлекетіне соның ішінде президетке қарсы жүргізген солсыл саясаты үшін өлім жазасына кесіледі. Оның атақты еңбектері: «Біздің еврейлерге қарсы күресіміз» 1950 ж, «Исламның капитализммен күресі», 1951.

 

 

[29] http://www.muftyat.kz/kz/fatwa/view?id=68

[30] http://www.zakon.kz/4660259-mezhdunarodnaja-organizacija-at-takfir.html

Return to Top ▲Return to Top ▲