Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде «Қызылжар» орталық мешіті жамағатына аталған өңірге тағайындалған бас имамды таныстырды.
«Біз бүгінде мешіттерімізге білімді, тәжірибелі жас ғалымдарды имамдық қызметке тағайындап жатырмыз. Хамзат Қажымұратұлы Шам өлкесінде білім алып, осы облыстағы мешітте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталық аппаратында, елордамыздағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде жұмыс істеді. Осы өңірде де өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқарады деп сенемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти осыған дейін облыста бас имам болған Кенжетай Дүйсенбайға алғыс айтып, ризашылық ниетін жеткізіп: «Сіздің діни саладағы мол тәжірибеңізді ескеріп, Діни басқармаға қызметке қабылдадық» деді.
Игі іс-шарада мешіт ақсақалдары имамдарға батасын беріп, дұға жасады.